Тұрғын Сыздықовты қолдайтын республикалық сайлауалды штаб жұмысын бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұрғын Сыздықовты қолдайтын республикалық сайлауалды штаб жұмысын бастады

29.03.2015
Тұрғын Сыздықовты қолдайтын республикалық сайлауалды штаб жұмысын бастады

Наурыздың 26-сы күні Астанада Қазақстан Коммунистік халық партиясынан Президенттікке үміткер Тұрғын Сыздықовты қолдайтын республикалық сайлауалды штаб та  жұмысын бастады.

Штабтың басты міндеті – кандидаттың сайлауалды тұғырнамасымен халықты таныстыру. Үміткердің сенімді өкілдері мен партия мүшелері барлық облыстарды аралап, сәуірдің 24-не дейін 40 іс-шара өткізуді жоспарлап отыр.

Халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, жастарды қолдау және әлемдік дағдарысқа төтеп беру. Президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықовтың сайлауалды тұғырнамасында осы үш мәселеге басымдық берілген.

Тұрғын Сыздықов, ҚР ҚКХП ОК хатшысы, ҚР Президенттігіне үміткер:

Қазір құжаттар бойынша 3 мыңдай сенімді азаматтарымыз қызмет істейді. Партияның жауапты қызметкерлері бәрі де белсенді қызметке кіріседі деп ойлаймын. Біздің партиядан 100 мыңнан астам адам сол белсенді қызметке кіріседі, деген үміттемін.

Ел Президенттігіне үміткер Тұрғын Сыздықовтың үгіт-насихат авто-керуені 27 наурызда Көкшетау қаласында болды. Бұл жерде  кандидат  бірінші кезекте «Көкше» Академиясының студенттерімен кездесті.

Т.Сыздықов  батыс мәдениеті біздің жастарға теріс ықпал етіп жатқанын айтты. Кейін ол  «Көкшетауминводы» ЖШС кәсіпорнының жұмысшыларымен кездесті.

Кездесу барысында барлық компьютерлік ойындарда ерекше вирустар бар. Олар балалардың санасына терең сіңіп, жастарды теріс тәрбиеге итермелейтіндігін атап өтті. Көкшетау қаласынан кейін үгіт-насихат жұмыстары Петропавл, Қостанай, Павлодар, Өскемен, Қарағанды қалаларында  жалғасады.

Алматыда да Президенттіктен үміткер Тұрғын Сыздықовтың сайлауалды штабы өз жұмысын бастады. Штаб коммунистік партияның Алматыдағы кеңсесінде орналасқан. Штаб жетекшісі Елнұр Бейсенбаев журналистерді алда атқарылатын жұмыс барысымен таныстырды.

Осыдан кейін Тұрғын Сыздықов Еуразия гуманитарлық университетінің студенттерімен кездесті. Кездесу барысында коммунист жалған идеалды насихаттайтын батыс мәдениетінің елімізге кері ықпал етіп жатқандығына жастардың назарын аударды.

Оның айтуынша, батыс кинематографистері озбырлықты жаппай насихаттап жатыр. Бұл адамды ақыл-есінен, адамгершілігінен айырып, адам өмірін құнсыздандырады.

Тұрғын Сыздықов  «Батыстың тамақтану жүйесі, фаст-фуд пен түрлі генетикалық өзгеріске ұшыраған өнімдерді пайдалануы денсаулыққа қауіп төндіретіндігін, мұның бәрі аз шығындалып, өздеріне мол табыс әкелу мақсатын көздейтіндігін атап өтті.

Кездесу соңында  президенттікке үміткер Т.Сыздықов студенттердің бірқатар сауалдарына жауап беріп, сайлауалды штабының болашақтағы жоспарын таныстырды.

Айқын Қоңыров, ҚР Президенттігіне үміткер Т.Сыздықовтың республикалық сайлауалды штабының жетекшісі:

Т.Сыздықов «Тәні саудың - жаны сау» деп орынды айтты. Алдағы уақытта аймақтарда да бірқатар кездесулер өткізіп, жастарға әлеуметтік желі мен компьютерлік ойындардың зияны туралы айтуды жоспарлап отырмыз.

Сайлау науқанына республикалық бюджеттен - 40 миллион теңге бөлінген. Коммунистер көліктерден құралған үгіт-насихат пойызымен еліміздің әр өңірінде 26 күнде 40 іс-шара ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Қазақстан Коммунистік Халық Партиясының өкілдері халықтың өздерін қолдайтындықтарына және Т. Сыздықовтың сайлауалды тұғырнамасы көпшіліктің көкейіндегісін дөп басатындығына сенімді.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу