Үш мемлекеттің басшылары не туралы кеңесті? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үш мемлекеттің басшылары не туралы кеңесті?

22.03.2015
Үш мемлекеттің басшылары не туралы кеңесті?

Үш мемлекеттің басшылары не туралы кеңесті, кездесуге нендей мәселелер түрткі болды? Экономикалық одаққа қазір төртеу мүше. Қазақстан, Ресей, Беларусь және Армения.

Бесінші болып Қырғыз мемлекеті қосылуға бейіл. Дегенмен, одақтың негізін қалаған да, үлкен экономика да  алғашқы үштікте. Ал, қазір әлем экономикасы құбылып тұр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

2007-2009 жылдардағы дағдарыс жаһандық сипатта болған еді, Ал, қазіргі дағдарыс өңірлік әрі әлемдік бағыт алып отыр және энергия ресурстары мен біз өндіріп жатқан тауарлар бағасының арзандауынан туындады. 

Осыған байланысты біздің Еуразиялық экономикалық одақта да 2014 жылы тауар айналымы азайды. Біз мұндай қатердің боларын болжадық, ендігі міндетіміз – бірлескен шаралар әзірлеп, осы кезеңді өткеру.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев  кейбір проблемаларды жылдам реттеу үшін жиі және тұрақты кездесіп тұру маңызды екенін айтты. Өйткені, дағдарыспен арпалыста кейбір шешімдер де тез қабылдануы тиіс.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Биылғы жыл біз құрған Еуразиялық экономикалық даму моделінің мықтылығын тексеретін сынақ жылы болары анық байқалады. Экономикаларымыз 2015 жылы біздің ары қарай бірлескен қимылымыздың детальді түрде талқыланғанын және туындаған мәселелердің шешімін талап етеді.

Біз үшін экономикадағы дағдарыстық ахуалдарды  еңсерудің ортақ жоспарын түзу маңызды. Сондықтан, осы залда отырған Қазақстан, Ресей, Беларусь президенттерінің бүгінгі кездесуі дәл осы мәселеге арналды.

Экономикалық одақ киліккен қиындықтың негізгі үш себебі бар. Олар:  мұнай мен газдың арзандауы, Ресей экономикасына салынған санкциялар және Украина дағдарысы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз әрине, Украинаның оңтүстік-шығысындағы жанжалды реттеу мәселесін ескермей өте алмаймыз. Бұл мәселеге байланысты әрбір мемлекеттің ұстанымы белгілі. Қазақстан бұған реалды түрде қарайды және қалыптасқан ахуалдан тек дипломатиялық жолмен ғана шығуға болатынын ескереді.

Ал, қарумен реттеу мүмкін емес. Оның ішінде кез келген шешім халықаралық құқықтардың  негізгі қағидатына сүйене отырып қабылдануы тиіс. Біз Украинаның тұрақты, тәуелсіз және территориялық тұтастығы сақталған мемлекет болғанын қалаймыз.

Қазақстан Минскі келісімдерін қуаттайды, сондай-ақ, оның талаптарын барлық тараптар орындауы өте маңызды, біз оны бағамдап отырамыз.

Ресей мен Беларусь президенттері Астанаға шақырып, кездесуді ұйымдастырған Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыстарын білдірді. Интеграциялық процестер жалғаса бермек. Владимир Путинның айтуынша, биыл да бірнеше маңызды келісімдер талқыланады.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:

Биыл 100-ден астам маңызды құжатты қарап, бекіту жоспарда бар. Соның ішінде жаңа Кедендік Кодекс, электр энергиясының, газ бен мұнайдың және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру туралы тұжырымдама қабылдау. Қаржы-валюталық және әлеуметтік-экономикалық салаларда өзара іс-қимылды реттейтін халықаралық келісімдер.

Былтыр Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналым 20 пайызға кеміген. Беларусь Президенті ортақ кедергілерден арылу қажет, дейді. Әсіресе, сауда-саттықта.

Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының президенті:

Біздің Еуразиялық экономикалық одақтың өзара тауарайналымы өсуі үшін - өз тауарларымызды саудалаудың маңызды екенін біз айқын түсінеміз. Ішкі нарықты өз тауарларымызбен толықтыру – бұл ең маңызды мәселе.

Сондай-ақ, кейбір бар проблемаларды ғана емес туындайтын кедергілерді жою қажет. Кедергі болмауы тиіс, сонда өзара тауарайналымды көбейту де өздігінен реттеледі.

Одаққа мүше елдердің үкіметтері кез келген кедергіні ашық әрі дер кезінде талқылауы тиіс, деп тарқасты мемлекет басшылары. Ресей президенті Владимир Путин алдағы сайлауға қатысты пікірін білдірді.

Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттері Назарбаев Орталығына да барды. «Әлемді өзгертетін идеялар»  жобасын көрді. Оқушылар мен студенттер  үш елдің көшбасшыларына Қазақстан халқы Ассамблеясы және «Болашақ» халықаралық стипендиясы сияқты бірегей жобалар туралы баяндады.

Владимир Путин мен Александр Лукашенкоға екі бөліктен тұратын электрондық кітапхана таныстырылып, оқырман билеттері  берілді.

Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу