Қазір әлемдегі болып жатқан ахуалдарды саралай қарасаңыз, «алдымен – қуатты мемлекет пен экономика, сосын барып саясат» деген қағида бұзылып, әр қоғамның бүлініп, бүгілуіне, қанның төгілуіне соқтырып жатыр. Сондықтан, осы жиында Мемлекет басшысы көптеген елдерде болған дүрбелеңдерден сақтану керектігін ескертті.
Президент сөзінің жаны бар. Тағы бір қайталаудың әбестігі жоқ. Қазір өзі кеңірдекті созып жіберсеңіз, көп елдерден байқау қиын емес. Азаматтары бүлікке ілесіп, еңбек етуді қойды.
Арандатушылар сытырлатып ақша санап береді, олар бір елді екіге бөлмекке тыраштанып жатыр. Қит етсе, ереуілдету «сәнге» айналды. Адамдардың митингке шықпаса, ішкен астары бойларына сіңбейтін болды.
Біз мұндай толқулардың тоқырауға соқтыратынын мынау Украинадағы, анау Сирия, Ливиядағы жағдайлардан-ақ өзіңіз көріп отырсыз. Сондықтан, бұл сайлау - халықты біріктіретін шараға айналуға тиіс.
Ал, қазақстандықтар алдағы сайлаудан зор үміт күтеді, мемлекетіміздің дағдарыс кедергілерінен қиындықсыз өтетініне сенімді. Елбасы көтерген, біз жоғарыда жіліктеген бес реформа дамыған 30 елдің қатарына кіруге сеп болады, деп сенеді. Олар мынадай пікірде.
Осыдан бір айға жуық уақыт бұрын Қазақстан халқы Ассаблеясы Президент сайлауын өткізу туралы ұсыныс жасағанда, бірінші болып оны қолдаған - қарапайым халық. Ұсынысты Мемлекет басшысы мақұлдап, сайлау күні белгіленгеннен бастап, тағы да сол халық Елбасының Президенттікке үміткер ретінде өзін ұсынуын сұрады.
Содан бері еліміздің түкпір-түкпірінен түрлі қоғамдық ұйымдар, еңбек ұжымдары, тіпті қарапайым халық та өз қалауларын телеарна арқылы жеткізіп, пікірлерін білдірді. Көп тілегі ескерусіз қалмады.
Нұркен Қаражанов, «Қаражанбасмұнай» АҚ «Нұр Отан» партиясы бөлімшесінің төрағасы /Маңғыстау облысы/:
Елдіміздің дамуы өте жоғары деңгейден көрінуде. Оны әлем де мойындап жатыр. Алдымызда Елбасымыздың қойған стратегиялық жоспары «Қазақстан-2050» межесі тұр. Соған қарай үлкен көш қозғалып келе жатыр.
«Нұр Отан» партиясының 900 мыңға жуық мүшесі бар. Жиынға оның 2 мыңдайы қатысты. Мемлекеттік қызметкерлер, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық ұйым, кәсіпкерлер, депутаттар да осы жерде.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, бұрынғы депутат Оңалбай Аяшев келелі басқосуда айтылған салмақты ойлардың басымды тұстарына тоқталды.
Оңалбай Аяшев, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры:
Өмірдің қозғаушы күші білімді адамдар. Ал, білімді адамдарды дайындайтын ол білім саласы. Қазақстанда бастауыш білім беретін ұйымдардың саны 80 пайызға жетті.
Мектептердің 66 пайызы компьютерлермен қамтамасыз етілді. Ал, сол жерден білім алып, қалыптастып шыққан азаматтар келешекте өркениетті елдің үлкен азаматтары болатындарына кәміл сенеміз.
Еліміздің білім саласы ғана емес, ауылшаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Жеткен жетістіктер саланы дамыту үшін жасалған түрлі «мемлекеттік бағдарламалардың арқасы»,- дейді шаруалар.
Тұсшыбек Бейсенбайұлы, «Мақсат» шаруашылығының жылқышысы /Маңғыстау облысы/:
Ауылдық жерлерде шаруа қожалықтарын дамыту жөнінде қожалықтар ашылып, жер беріліп, жақсы жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Маңғыстау авросервис» мекемесі арқылы мал алып, мал өсіруге жақсы жағдай жасалған.
Даму қоры арқылы да төменгі пайызда несие беріліп, мал алып мал өсіремін деушілерге жақсы көмектерін тигізіп жатыр. Кәсіпкерлерге жетекші партиялардың да көмегі жақсы тиіп жатыр.
Мемлекеттік бағдарламадан жастар да құр алақан емес. Қазір балабақшадағы балапаннан бастап, жоғары оқу орнын бітірген түлектердің жұмысқа орналасуы, олардың үймен қамтылуы арнайы жоба арқылы жоспарланған. Яғни, өскелең ұрпақтың әр қадамы мемлекеттің ерекше қамқорлығында.
Асқар Бопылдықов, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы /Атырау облысы/:
Елімізде жастарға арналған бірнеше мемлекеттік бағдарламалар бар. Мұндай қолдау кейбір дамыған елде де жоқ. Жастарға жасалып жатқан қолдау, жастарды жұмыспен қамту, сапалы білім алуы, олардың тұрғын үйге қол жеткізу, мұның барлығы жастарға жасалып жатқан үлкен қамқорлық.
«Нұр Отан» партиясының жыл сайын өтетін съезінде Президент елдің дамуын айқындайтын нақты тапсырмалар жүктейді. Елбасы бұл жолы да дағдысынан жаңылмады.
Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің тізіміне кіру үшін барымызды салуымыз керек деп, 5 бағытты жіліктеп берді.
Президент алдымен мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігі мен олардың үш тілді білуіне баса назар аударды. «Бұл заман талабы, әрі заңдылық» дейді теріскейліктер.
Шетелде білім алып келген Айдын Керімбек Қазір облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасын басқарады. «Серіктесіңмен қай тілде болса да тең дәрежеде сөйлесу - бұл тек өзіңнің емес, қазақ елінің имиджін оң қалыптастыруға әсер етеді» дейді, ол.
Айдын Керімбек, облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:
«Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып келіп, ағылшын тілін еркін меңгеріп, инвесторлармен ағылшын тілінде келіссөздер жүргізіп, олармен келісімшарттарын еркін түсініп, мемлекеттік тілді, ресми тілді қолданып жүрмін. Ол маған үлкен көмегін тигізуде. Барлық мемлекеттік қызметкерлер үш тілді білуі парыз деп есептеймін.
Елбасы «Мәңгілік ел» идеясы біздің екінші Конституциямыз секілді болуы шарт деп мектептерде «Мәңгілік ел» құндылықтарын оқытатын бағдарлама енгізу қажеттігін тапсырды. «Бұл қазақстандықтардың ортақ мүддеге жұмылуына негіз болады, дейді ақтөбелік ұстаз.
Көшкінбай Ахметов, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушысы:
Ертеңгі ел басқаратын азамат, азаматшаларымыз - қазіргі балаларымыз ұлттық тұрғыдан тәрбие алып, уызына қанып өссе, ол ертең «менің елім, менің жерім, менің қалам, менің мектебім, менің жұмысым» деп, мақтан тұтып, патриоттық сезімді оята алады.
Ал, қарағандылық экономистер Елбасының экономиканы әртараптандыру туралы бастамасын бір ауыздан қолдап отыр. Себебі, бұл дүниежүзілік экономикалық үрдіске ілесе жүрудің тиімді тетігі.
Жарылқасын Бикенов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қызметкері:
5 бөлімді платформасын да қолдаймын. Оның ішінде ерекше экономиканы диверсификациялау деген бөліміне өте қатты көңіл бөлемін. Бұл дегеніңіз экономиканы жаңғырту, әр тарапқа сай экономиканы қолдана білу, ұшқыр да, ұтымды жобаларды қызметке қосу.
«Нұр Отан» партиясының съезін шетелдіктер де назардан тыс қалдыған жоқ. Олар Нұрсұлтан Назарбаевтың Президенттік сайлауға қатысуға келісім беруін қолдап отыр. Мамандардың айтуынша, бұл стратегиялық тұрғыда дұрыс шешім болды. Себебі, қазіргідей аумалы-төкпелі заманда Қазақ еліне тәжірибелі, көреген басшы қажет.
Федор Лукьянов, «Әлемдік саясаттағы Ресей» журналының бас редакторы:
Әлемдегі қазіргі геосаяси ахуал ауыр, экономикалық жағдай да күрделі. Сондықтан, осындай тұрақсыз кезеңнің алдында сайлауды өткізіп, ең бастысы оған қатысуға Нұрсұлтан Назарбаевтың келісім беруі әбден дұрыс шешім.
Себебі, менің ойымша, көп жылдық тәжірибесі бар, қазіргі Президенттеріңіз, елді әлемдік дағдарыстан зардапсыз алып шығады. Қазақстанда көптеген маңызды стратегиялық құжаттардың қабылданып, іске асып жатқаны белгілі.
Қазіргі заманда халық пен биліктің бірігуі аса қажет. «Қазақстанның әлемді шарпыған дағдарысқа қарсы қабылдаған мықты экономикалық жоспары бар. Оның арқасында Қазақ елі қиындықтарды еркін еңсереді.
Ілияс Демірджі, Түркі дүниесі архитекторлар мен инженерлер қауымдастығының бас хатшысы:
Бұл шешім көпге үлгі болуы тиіс. Өйткені, Қазақстан әлем алдында демократияның айқын көрінісін көрсете білді. Халық қалап, Президент қостап бүгін өте маңызды шешім қабылданды.
Бұл – Қазақ елінің жарқын болашағының кепілі десем болады. Қазақстан қазір дамыған 30 елдің қатарына кіреміз деп алдына үлкен мақсат қойып отыр.
Қытайлық мамандардың айтуынша, Назарбаев – Қазақстандағы тұрақтылықтың кепілі. Сондай-ақ, халықаралық аренада беделі мол тұлға екенін айтады. Оның көреген саясаткер екенін талай ел басшылары мойындаған.
Тәуелсіздік алғаннан бастап жас мемлекетті әлем алыптарының қатарына қосу үшін Назарбаевтың жасаған жұмысы тандай қақтырады
Гу Ичао, Қытай баспашылар қауымдастығының сарапшысы:
Қазақстанның бүгінге дейінгі жетістіктері Назарбаевтың тынымсыз еңбегінің жемісі деп білемін. Ол Қазақстан үшін, қазақ ұлты үшін біраз терін төкті. Сондықтан, оның сайлауға қатысу туралы шешімін құптаймын.
«Бұл - Қазақстан халқының мүддесі үшін ең дұрыс шешім». Еуропа сарапшылары. Олардың айтуынша, демократиялық дамудың даңғыл жолына түскен Қазақстан Президент сайлауын биыл өткізу арқылы түрлі қиыншылықтарды оңай еңсереді. Әрі осы саяси науқан Қазақ еліндегі тыныштық пен тұрақтылықтың кепілі болары сөзсіз деген пікірде.
Хенк Нибур, Қазақстан-Нидерланд елдері арасындағы сауданы ілгерілету кеңесінің төрағасы:
Әлемде экономикалық дағдарыс күшейген тұста, елді осындай қиындықтардан еш қиналтпай алып шығатын мықты, әрі сенімді мандаттың болғаны маңызды. Мен Қазақстанды шын жүректен құттықтағым келеді.
Себебі, Қазақ елі бүгінде халықаралық аренадағы көшбасшы мемлекет. EXPO көрмесін ұйымдастыруға қол жеткізудің өзі үлкен жетістік.
Жиында Президент мемлекеттің ең басты мақсаты - өзінің мемлекеттілігін сақтап, адамдардың өмірін жыл санап жақсарту екенін айтты. Ал, қазақстандықтар болса, аталған бес қадамды бағындырсақ, бұл мақсатқа жетеміз деп отыр.
Сәуле АЛДАМҰРАТ