Елбасы Бас прокурор Асхат Дауылбаевты қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Бас прокурор Асхат Дауылбаевты қабылдады

08.03.2015
Елбасы Бас прокурор Асхат Дауылбаевты қабылдады

Осы аптада Бас прокурор Асхат Дауылбаев, «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Нұрлан Қаппаров және G-GLOBAL Халықаралық хатшылығының басшысы, Парламент Сенатының депутаты Серік Нөгербеков Елбасы қабылдауында болды.

Дауылбаев Президентке құқық қорғау органдарының қызметінен тартып, халықтың әлеуметтік әлсіз топтары мен кәсіпкерлерді қорғауды күшейту бағытындағы жұмыстарды баяндады.

Ал, Мемлекет басшысы президенттік сайлауға әзірлікке тоқталып, саяси аламан кезінде Заңның сақталуын мұқият қадағалауды тапсырды. Ұлттық қордан экономиканы қолдауға бөлінетін қаражаттың да мақсатты пайдаланылуын бақылауды да еске салды. Преизиденттің айтуынша, соңғы уақытта бизнес субъектілерін заңсыз тексерулердің саны алты есе қысқарған.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Нұрлы жол» бағдарламасы үшін Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың мақсатты жұмсалуын қатаң бақылау керек. Бұл өте жауапты тапсырма.    Сонымен қатар,  азаматтардың еңбек құқығын, әсіресе, еңбекақы төлеу бөлігінде  жұмыс берушілер әділетсіз болса, шара қолдану керек.   

«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Нұрлан Қаппаров Президентке компанияның трансформация бағдарламасы туралы баяндады. Әрі компанияның жаңарған даму стратегиясын таныстырды.

Мемлекет басшысы уран өнеркәсібі еліміздегі негізгі салалардың бірі екенін және жаһандық нарықта елеулі орынға ие екенін айтты. Сондықтан, уран өндірісін тиімді бақылау қажеттігіне, шетелдік жетекші компаниялармен тиімді ынтымақ орнатудың және бірлескен жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығына назар аударды.

Қазір Қазақстан жалпы әлемдік көлемдегі уран өндірісінің 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Компанияның алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі - ядролық отын жеткізу саласындағы көшбасшылардың біріне айналу.

Ал, Серік Нөгербеков Президентке G-GLOBAL халықаралық жобасын ілгерілету туралы баяндады. Негізі G-GLOBAL жобасы аясындағы басты міндет- өзекті экономикалық мәселелерді талқылау үшін қажетті алаң қалыптастыру, кең аудиториямен жаһандық дағдарысқа қарсы амалдарды бірлесе іздеу.

Нөгербековтің айтуынша, интернет кеңістіктегі G-GLOBAL жобасы еліміздің негізгі жобаларын ілгерілетуге септігін тигізіп отыр. Мәселен, былтыр VII Астана экономикалық форумы мен Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік ІІ конференцияны жариялап-көрсету жұмыстары кезінде 400 онлайн-бейнеконференция өткізіліп, 15 мыңнан астам баяндама орналастырылған.

Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу