Осы Армения Қазақстан секілді Каспийдің бір бүйірінде жатқан жоқ. Телегей теңізге шығар мүмкіндігі де аз. Алайда, сонысына қарамай, «қара уылдырық» экспорттаудан жаһандағы жетекші елдердің қатарына қосыламыз деп мәлімдеді.
Қазір алдыңғы орында – Иран. Жылына 80 тонна экспорттайды. Ал, осыдан екі жыл бұрын бекіре тұқымдас балықтардан 3 тонна уылдырық алып, былтыр оны 15 тоннаға еселеп, Ресейді қуып жетуге жақын Армения – «енді алдағы 5-6 жылда жылына 150 тонна қара уылдырық экспорттап, Иранды басып озамыз» деп жар салды. Шетке сатсын, пайдаға батсын, экспорт тек заң жүзінде іске асса.
Жалпы, жаһан бойынша саудаға шығатын қара уылдырықтың 60 пайызы мына Каспий теңізінен алынады. Осындай жүзіп жүрген кемелердің тыным таппайтындай жөні бар. Соңғы он жылда бекіре тұқымдас балықтардың саны 40 пайызға кеміп кеткен.
«Бір жылдың өзінде 10-12 тонна қызыл балық заңсыз ауланады» дейді теңіз сақшылары. Қанша жерден тосқауыл қойса да, ебін тапқан броконьерлер аш көкжалдай анталап, балықтарды қынадай қырып жатқанға ұқсайды.
Ақтаудан теңізге шығатын шекарашылар биылдың өзінде қалың торға шырматылған 100 шақты бекірені босатып, 8 әзірбайжан азаматын ұстапты. Көздері қырағы, қайсар жігіттердің арқасында қазір теңіздегі қазақ шекарасы тыныш, қорғаныс шебі мығым.
Жалпы осы, теңіз сақшылары деген кімдер? Сайдың тасындай іріктелген жігіттердің міндеттері қандай?
Мейіржан Әлібекұлы, тілші:
Ақтаудағы Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің теңіз шекарашылары бірер сәттен соң, әскери кезекшілікке шығуға әзір. Ал, бізді мына Каспийдің жағасында күтіп тұрған алып кеме – «Сардар» деп аталады.
Бұл – отандық өнім. Өзіміздің Оралда шығарылған. Бұл кеменің басты ерекшелігі- теңіз толқынының 5 балдық дүмпуіне еркін шыдас бере алады және теңіздің қақ ортасында он күн бойы емін-еркін жүзе алады.
Ұзындығы - 41 метр, ені - 7,5 метр, сыйымдылығы - 210 тонна болатын «Сардар» кемесі Каспийді қақ тіліп, Ақтаудан алыстай түсті. Әдетте, тентек толқындары көкке шапшитын теңіз беті бүгін сабырлы.
Демек, теңізшілер үшін қолайлы күн. Экипажда таспагерім екеумізді қосқанда 23 адам. Қолы босы жоқ, барлығы кемеге мінгеннен өз қызметтеріне кірісті.
Ардақ Қасымбеков, ҚР ҰҚК 22/01 әскери бөлімінің аға лейтенанты:
Мынау біздің кемедегі радиолокациялық станция. 360 градуста қандай судналар кетіп бара жатыр, соны көріп отырады. Мына сарғайғандар - жағажай. Ал мыналар - кемелер. Мынау сол кемелердің координаталарын көрсетіп тұрады. Соларды осы радиостанция арқылы анықтаймыз.
Қазақстандық шекара 2380 шақырымды алып жатыр. Оны 7 кеме күзетеді. Біз де өзімізге тиесілі аумаққа бет алдық. Аға лейтенант Ардақ Қасымбеков төңіректегі тіршілікті қалт жібермей қадағаласа, Марат Омаров кемені тізгіндеп келеді. Оқыс жағдай болса, экипажға белгі беретін де осы жігіт.
Алып кемеде көліктегідей руль жоқ екен, шағын ғана тұтқа. Мен жүргізіп көрмекке талпындым, кеме жатырқағандай ыңғайыма көнбеді. Ал, мына теңізшілердің бірі кеменің моторын, қозғалтқышын, жалпы жай-күйін дәрігердей тексеріп отырса, енді бірі экипаждың қайда, дәл қай аумақта жүргенін мұқият назарда ұстайды. Біз қазір жағадан 20 шақырымға ұзап үлгердік. Сол мезетте экраннан бөтен кеме көрінді.
Теңізге тек мықты малти алатын сарбаздарды ғана алады деген пікірім қате болып шықты. Жүзе алмайтын теңізшілер де болады екен, әрине уақыт өте келе олар да теңіздің тұңғиығына еркін сүңгіп үйренеді.
Қазығұрттың тумасы старшина Мұқағалидың теңізде жүргеніне 7 жылдың жүзі болды. Шексіз көк айдынды көрмеген оның басында теңізге үңілгенде басы айналатын, қазір түпсіз тереңдіктен қаймықпайды. Жүрегі лоқсуды да қойды. Мұндай әлсіздікті кез-келген теңізші бастан өткереді.
Мұқағали Сапарәлиев, теңіз шекарашысы:
Әркімге әртүрлі көрінер. Кейде толқындар көтеріледі. Шторм болады. Соның өзі маған қызық. Қорқыныштысы, ел жұрттан бөлек, жерден алыс жүресің.
«Басында қара жерге аяғымыз тигенше асығатынбыз», дейді старшина. Қазір керісінше, көк теңізге шығып, саф ауамен тыныстауға асық. Нағыз Мұқағали поэзияны сүйсе, шекарашы Мұқағали Каспийге ғашық. Кейде 15 күнге, кейде 1 айға кетеді. Теңіз ортасында жауынды да, дауылды да бастан кешеді.
3 дәрежелі капитан Бауыржан Мәмбетәлиев әскер қатарына қабылданған жас сарбаздың қал-жағдайын сұрап отыр. Бұл оның неше жылдан бергі жұмысы. Абылай секілді теңізге алғаш шығушылар айтар мәселе, мұң-мұқтажы болса осы Бауыржанға айтады.
Мемлекеттік шекараны күзету тек мылтық асынып, қақшиып, кемеде тұру емес. Бұл жерде жігіттер күнделікті спортпен де шұғылданады. Шахмат ойнайды, ми тынықтырып. Аспалы темірге тартылады, бой шынықтырып.
Мемлекеттік шекараны күзеткен соң, теңізшілер кез-келген оқыс оқиғаға сақадай сай болуға тиіс. Теңіз бетінде олар түрлі әскери жаттығулар өткізеді, қару-жарақтарын түгендейді, өздерінің күш-қауқарларын тексереді. Сосын сәл мызғып алады.
Ұйқы - адамның жауы екенін ел шебін күзеткен сарбаздар еш естен шығармайды. Дабыл қағылған бойда олар бірнеше секундтың ішінде киініп, толық құрамда кеменің сыртында қаққан қазықтай тұрулары тиіс. Дабыл қағылды, демек бір жағдай болды.
Жоқ, бәріміз бекер алаңдаппыз. Бүгін ерекше күн екен. Мен теңізшілердің рәсіміне тура келіппін. Өйткені, бүгін теңізге сапарлаған кемедегі экипаждың он бесі - әскер қатарына қабылданған жас сарбаздар. Демек, шекарашылардың дәстүрі бойынша, теңізге алғаш шыққан сарбаз үлкен кесеге толы теңіз суын сіміріп ішуге міндетті.
Кеме теңізді тілгілеген сайын, суық ызғар бойды тоңдырып барады. Бірі тауысып ішті, бірі әзер жұтып жатыр. Қызықтап тұрғанда, командир менің есімімді атады.
Теңіздің суы дәл мұндай ащы болады деп ойламаппын. Мұздай су тамақты қарып өтті. Бір қызығы, тоңып тұрған дене жылынып сала берді. Сөйтіп, бүгін жас сарбаздармен бірге «теңізші» атандық.
Арман Жұмағалиев, жас теңізші:
Шынымды айтсам, біздің отбасыда теңізші деген болмаған. Ол да бір мақтаныш қой. Шекарадан өтіп кететіндерді, броконьерлерді ұстаймыз. Оның өзі қандай мақтаныш.
Ерхан Рысқалиев, ҚР ҰҚК 22/01 әскери бөлімінің командирі:
Қазіргі уақытқа дейін шекара корабльдері 10 мың метрден жоғары балық аулау құралдары, теңіз бетіне көтеріліп және 100 дана бекіре тұқымдас балықтар суға жіберілді.
Мемлекеттік шекараны бұзғаны үшін 8 әзірбайжандық азамат ұсталып, айтылған азаматтар бойынша іс қозғалып, Түпқараған аудандық сотына жіберілді.
Бүгін ауа райы жақсы. Ал, толқын соққанда аспаз Ақжол дереу ас мәзірін өзгертеді.
Ақжол Айназаров, шекарашы-аспаз:
Шторм кезінде сұйық тамақ болмайды оларға. Көбіне екінші тағамды көбірек әзірлейміз. Теңізде сондай.
Ақжол бір ай мерзімге сапарға шықса, бір айға жететін азық-түлік аламыз дейді. Нанды өздері илеп, осында пісіреді. Экипаждағылар бір отбасының мүшелеріндей.
Біз ас мәзірімен танысып жатқанда, экраннан жүзуі күдік тудырған қайық көрінді. Бұлар қызыл балықтарды қырып жүрген дағыстандық броконьерлер еді. Сөзсіз, біздің шекарашылар оларды қолға түсірді.
Теңіз сақшылары деген осылар. Бір жағынан қауіпті. Бір жағынан елдік рухыңды күшейтеді. Өйткені, біздің жігіттер мемлекеттік шекараны күзетеді. Шекараның беріктігі бұл елдің тыныштығына кепіл.
Мұқағали Сапарәлиев, теңіз шекарашысы:
Мені әскер тәртіпке үйретті. Отанға деген сүйіспеншілікті арттырды. Ата-анаға деген махаббаты арттырды. «Отан үшін отқа түс күймейсің», дейді ғой. Отқа түспесек те, суға түсіп жүрміз. Суға түссек те, Отан үшін батпаймыз деп үміттенемін.
Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ