Ассамблея ұсынысын басқа партиялар да бір ауыздан қолдап отыр. Ортақ пікір мынаған саяды: Жаһан экономикасындағы дағдарыс дендеп кетпей тұрғанда сайлауды өткізіп, экономикалық ауытқуларға толық дайын отыру.
Бұл пайым «Қазақстан-2050» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы жиынында айтылды. Коалицияға еліміздегі алты партия мен бірнеше қоғамдық ұйымдар кіріккенін білесіздер.
«Қазақстан-2050» демократиялық күштердің жалпыұлтық коалициясының жұмыс істей бастағанына үш жылдан енді асты. Осы уақыт аралығында Президенттің стратегиялық бастамалары мен Жолдауларына қолдау танытып өз үндеулерін жариялап, олардың орындалуына ықпал етіп келеді. Сол себепті бұл жиынның да салмағы үлкен.
Бауыржан Бәйбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Коалиция бүгінде 6 жетекші саяси партия мен 18 ірі республикалық қоғамдық бірлестіктің, сондай-ақ, 500-ден астам өңірлік үкіметтік емес ұйымның басын қосқан әлеуетті ұйым.
Сондықтан да, ұзын саны алты жарым миллионнан астам адамның мүддесін көздеген Жалпыұлттық коалиция бүгін аса маңызды мәселе - ел Президенті сайлауын 2015-ші жылы өткізу бастамасын талқылауға жиналып отыр.
Елбасының «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты және «Мәңгілік Ел» идеясы мемлекетіміздің тұрақты дамуына және озық отыз елдің қатарында болуға бағытталған жоспар.
Сол себепті барлық жоспардың қалтқысыз орындалуы үшін алдын-ала болжам жасап, дер кезінде қажет шешімді қабылдау керек. Осы орайда Ассамблея Президент сайлауын биыл өткізу туралы ұсыныстарымен шықты.
Александр Башмаков, ҚХА төрағасының орынбасары:
2016 жылға екі ірі электоратты компания қатар келейін деп тұр. Ол Президент және Мәжіліс депутаттарының сайлауы. Бір жылда екі сайлау өткізу оңай шаруа емес. Оның үстіне көптеген сарапшылардың пікірінше, келер жылы экономикалық қаржылық қиындықтар да белең алуы мүмкін.
Осы орайда ел экономикасының тұрақты дамуына кедергі келтірмес үшін Ассамблея Президент сайлауын мерзімінен бұрын биыл 2015 жылы өткізу туралы ұсынысын жариялады. Осы ұсынысымызға қолдау білдірулеріңізді сұраймын.
Әрқайсысының соңында бірнеше мыңдаған электораты бар саяси партия жетекшілері бұл ұсынысты қолдайтындықтарын жеткізді. Елдің бүгіні мен ертеңін қазір ойлаған ел азаматтары «Бірлік бар жерде – тірлік бар» екенін көрсетті.
Азат Перуашев, «Ақ Жол» партиясының төрағасы:
«Ақ жол» партиясы кеше призидиумды жинады. Ол жерге жиналғандар Президент сайлауын биыл өткізу туралы ұсынысқа қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.
Жамбыл Ахметбеков, ҚКХП-ның хатшысы:
Халықтық коммунистік фракция мүшелері партия коммунистері бұл идеяны барынша қолдайды. Экономикалық дағдарысқа қатты алаңдаушылық білдіре отырып, осы қиыншылықтардың біздің елімізге келуіне жол беруге болмайды.
Ғани Қалиев, «Ауыл» партиясының төрағасы:
Бүгін маңызды мәселе көтеріліп жатыр. Біз де өз тарапымыздан Ассамблея ұсынысына қолдау білдіреміз.
Ғани Қасымов, Қазақстан Патриоттар партиясының төрағасы:
Мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы ұсынысты Патриоттар партиясы қолдайды. Өйткені, тек бірлікте болсақ қана барлық қиындықтарды жеңе аламыз.
Төлеген Қуанышев, «Бірлік» партиясы төрағасының орынбасары:
«Бірлік» партиясы аталған бастаманы толықтай қолдап отыр. Ең басты сайлау компаниясын кейінге қалдырмай оны алдын-ала өткізетін болсақ, Қазақстан ағымдағы күн тәртібінде әлеуметтік экономикалық толғақты мәселелердің шешімін табуға мүмкіндік алады.
Жиынға жиналған 6 саяси партиямен бірге осы коалицияға біріккен бірнеше ірі қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдардың барлығы осылайша Ассамблея ұсынысын бір ауыздан қолдайтындықтарын жеткізді.
Соңынан «Қазақстан - 2050» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы атынан жалпы халыққа, қоғамға өз үндеулерін жариялады.
Нұрлан Ерімбетов, Қазақстан Азаматтық Альянсының президенті:
Тәуелсіздіктің ең қиын жылдарында сайлау қоғамды топтастырудың құралы, азаматтарды бірлікке, келісімге бастаудың, саяси тұрақтылық пен халықты дамуға жұмылдырудың механизмі болып қызмет етті.
Біз ел тағдырына бей-жай қарай алмайтын барша қазақстандықтарды ҚР Президентінің сайлауын 2015 жылы өткізу бастамасын қолдауға шақырамыз.
Коалицияның бірауыздан қабылдаған шешіміне орай жариялаған Үндеуді қазір қоғам талқылап жатыр.
Ғабит ҰЗАҚБАЙ