Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы да Ақордада қабылдауда болды. Қайрат Қожамжаров Президентке мемлекеттік қызметті кәсібилендіру бағытындағы жұмыс туралы баяндады. Сосын мемлекеттік қызмет саласындағы реформалар жөнінде айтты. Ұсыныстары да бар екен.
Олардың бірқатары мемлекеттік қызметшілердің қызмет сапасын бағалау, оқыту, ынталандыру жүйесін дамыту. Қожамжаров сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру туралы да қозғады.
Оның аясында Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, білім берудің барлық деңгейінде және түрлі мақсатты топтар үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету мәселелерін зерттеу қарастырылған.
Ал, Мемлекет басшысы мұқият тыңдап болған соң «Елдің орнықты өсімі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру керек» деп тапсырма берді.