Мемлекет басшысы шетелдік дипломатиялық миссиялардың басшыларын қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы шетелдік дипломатиялық миссиялардың басшыларын қабылдады

22.02.2015
Мемлекет басшысы шетелдік дипломатиялық миссиялардың басшыларын қабылдады

Біздің Қазақстан қазір жиһанның 158 мемлекетімен дипломатиялық байланыс орнатқан. 67 елде өкілдіктеріміз бар. Осы сейсенбіде Президент Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік дипломатиялық миссиялардың басшыларын Ақордаға жинады.

Бұл – жылдағы үзілмейтін саяси үрдіс. Мемлекет басшысы елшілермен емен-жарқын сұхбаттасып, еліміздің сыртқы саясаттағы ұстанымдарын жеткізеді. Биыл да солай. Ақылдасып, кеңесіп, ішкі-сыртқы қатынастар төңірегінде ой-пікірлерін білді, әркімнің.

Сауысқаннан да сақ болуды ескерткен һәм сенімге сызат түсірер қазіргідей геосаяси күрделі жағдайларға қарамастан, Президент «Қазақстанның сыртқы саясаттағы көпвекторлы ұстанымы өзгеріссіз қалады», деді. Ол анық.

Біздің басты бағыт - «көпшіл бол, бәрімен бауыр бол» деген қағидаттан құрылған. Алдымен, іргедегі жуан көршілер - Ресеймен, Қытаймен қарым-қатынасты күшейте бермек. Олар сыртқы саясат пен экономиканың тірегі болып қала береді.

Сонымен қатар, азулы АҚШ-пен, Еуропа одағымен, Орталық Азия елдерімен де байланыс  тереңдей бермек. Яғни, Ақорда көпвекторлық саясаттан бас тартпақ емес. 

Жалпы, дипломатиялық корпус жыл сайын өзгеріп тұрады. Құрамның былтырдан бері үштен бірі жаңарған. Президент шетелдің бизнес өкілдерін Қазақстанға белсенді инвестиция салуға, өндіріс орындарын ашуға, пайдалы қазбаларды терең өңдеу ісіне араласып, аграрлық өндірісті өркендетуге шақырды.

Әлемдік нарықтағы   күрделі жағдайға қарамастан,   еліміз өткен жылды   4,5 пайыздық  өсіммен аяқтады.   Cыртқы  қатерлерге қарсы тұрудың   отандық үлгісі  - «Нұрлы жол» бағдарламасы.  Үкімет толықтырып  жатқан құжат  аясында  көлік инфрақұрылымының әлеуеті кеңейеді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз былтыр «Нұрлы жол» атты бағдарламаны қабылдадық. Біздің мақсатымыз - елімізде заманауи көліктік  инфрақұрылым қалыптастыру. Осы бағдарламаны жаңа сыртқы экономикалық жағдайға бейімдеу керек, бұл мақсатта өткен аптада Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп, онда барлық мәселелер айқындалды.

Жаңа көлік инфрақұрылымын қалыптастыруға тек ішкі резервтер ғана жұмсалмайды.  Көмекке келемін, инвестиция саламын  десе шетелдік инвесторларға  жол  ашық. 

Осы аптада   Елбасы - дипломатиялық миссия өкілдерін  жинады. Бұл елшілерге дәстүрлі құрмет қана емес,  шет мемлекеттерден  отандық мегажобаларға қолдау  керек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Биыл шетелдік инвесторларды ынталандыру туралы Заң күшіне енеді. Бірге жұмыс істеуге ынталымыз.

Биыл қазақстандықтар бірнеше айрықша датаны атап өтеді.  Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойы, Конституциямыздың жиырма жылдығы,  Қазақ  хандығының 550 жылдығы тойланады.   Өткенді түгендеу – барыңды бағалау,  ал, бірлікті ұлықтау – елдің ішкі тұрқытылығына кепілдік.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің елімізде 17 діни конфессия мен жүзден астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Бұған Ассамблеяның қосқан үлесі зор. Қазақ хандығы біздің еліміздің түп  тамыры, тұңғыш рет мемлекеттің болашағын белгілеген үлкен тарихи оқиға.

Адамзат тарихындағы ең алапат соғыс II Дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл - 70 жыл. Бұл адамзаттық құндылықтарды ұлықтауда, әлемде бейбітшілік құндылығы тұрғысынан баршамызға үлкен сабақ болуы тиіс.

Жыл бойы адамзатқа ортақ құндылықтарды бірлікті, тарихты,  жеңісті  ұлықтайтын  Қазақстан ниеттес елдерде де тұрақтылық орнауына мүдделі.  Сондықтан,    Украинадағы жанжал тек бейбіт жолмен шешілуі тиіс.

Мемлекет басшысының пікіріне қарағанда, «Норманд төрттігі»  арасындағы  соңғы шешімдер қошеметке лайық.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл өте күрделі әрі маңызды келіссөздер болды. Біз ұстамдылық танытқан, мәмілеге келуге және көшбасшылыққа әзір болған мемлекеттер басшыларына қошемет көрсетуге тиіспіз.

Олар бірінші кезекте қантөгісті тоқтату жөнінде маңызды жұмыс жүргізді. Осыны күткен барша әлемдік қоғамдастық секілді, біз қол жеткен уағдаластықтарды орындауға, оқ атуды тоқтатуға және қалған саяси мәселелерді шешуге шақырамыз.

Украинаның оңтүстік-шығысындағы қақтығысты бейбіт шешуден өзге балама жоқ екеніне нық сенімдіміз.

Михаил Бочарников, РФ Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

Бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланғанындай, 2014 жылы Сіздің қатысуыңызбен халықаралық сипаттағы 150-ге жуық кездесу мен іс-шара өтті.  Соның 8-і екіжақты қарым-қатынастар аясындағы шетелдік сапар болса, 17-і мемлекетаралық саммит және 4-і халықаралық форум.

Біз Сіздің Украинадағы дағдарысты реттеуге, «Норманд төрттігі» форматындағы кездесуді шақыруға жұмсаған күш-жігеріңізді зор құрметпен қолдаймыз.

Әлемдік саясатта алыптардың  ортаңқол  елдерге тізе батыруы, дамушы елдерді де жаңа шешімдер ойластыруға итермелейді. Қазақстан үшін де қауіпсіздікті қамтамасыз  етудің мейлінше тиімді жолы - тығыз экономикалық  ынтымақтастық.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгінде Батыс пен Ресейдің өзара  экономикалық санкциялары әлемдік экономикадағы онсыз  да күрделі ахуалды қиындатып, елдер мен халықтардың жағдайын нашарлатуда.

Әлемдік қоғамдастықтың мүшесі ретінде Қазақстан да бұдан қалыс қалып отырған жоқ.   Минскіде қабылданған декларацияның «Атлантикадан Тынық мұхитқа дейін ортақ экономикалық кеңістік құру идеясына бейілділікті» қарастырғаны маңызды. 

Қазақстан ірі көршілермен де,  сауда-экономикалық,  инвестициялық серіктесі  – Еуропалық одақ мемлекеттерімен де ынтымақтастықты дамытуға күш салады.      Америка Құрама Штаттарымен да  әріптестікті  нығайтады.

Және Азия-Тынық мұхит өңіріндегі өңірлік құрылымдарымен технологиялық ынтымақтастықты жандандыра түседі. Тіпті, Африка құрлығы, Латын Америкасы, Кариб теңізі елдерімен қарым-қатынасы  да дәйекті түрде жолға қояды.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу