Бұл қариялар біздің Қытайдағы қандастарымыз. Таңды таңға ұрып, түнді түнге жалғап жырлайтын қиссашылар. Шеттерінен шежіре кеуде, шебер орындаушы. Ол жақта 10 жастағы балаға дейін қисса-дастандарды жатқа соғады екен.
Ал, Қазақстанда қисса айтатын қариялар ат төбеліндей аз деуге келмес, жоқтың қасы. Көбі о дүниелік болды. Сақалы мен самайын ақ шалған бүгінгі кейбір қарттарымыз қисса оқып, немереге жаттатқаннан гөрі, «сериал» көрудің сергелдеңімен отыр. Бір күн жаттағанын екінші күні ұмытып қалатын осы күнгі жас өскіндер қисса түгілі екі-үш шумақ өлең жаттауға енжар екенін жасырмаймыз...
Жалпы өзі, «қисса» дегеніңіз араб пен парсы әдебиетінде кең дамыған ғой. Кезінде қариялар Әлидің «Қисса Нүсүфі» мен Рабғузидің «Қиссасул- Әнбиясын» қиссалардың «атасы» деп отыратын. Ал, алғаш біздің даламызға «Бозжігіт», «Жүсіп-Зылиха», «Мұңлық-Зарлық» деген қиссалар 19-шы ғасырда келген деседі.
Кейін Абай атамыз «Масғұт», «Ескендір», «Әзім» дастандарын жазса, Сыр бойындағы Т.Ізтілеуов «Ескендір хикаясы», «Мәрді дихан», «Рауа бану» сияқты дастандарын қағазға түсірген. Сонымен, біздің елде көсіліп қисса айтатындар бар ма екен?
«Жақсы адам жориды, көрген түсін.
Күрескенде шығарар палуан күшін,
Ахау құрбым-ай.
Ақындық пен өлеңді айтқан емес.
Көпшіліктің айтамын құрметі үшін,
Ахау құрбым-ау...»
Біз барғанда Сәлиха әже түлкінің пұшпақ терісінен ішік тігіп отыр. Жасы тоқсанға тақаса да тың. Ермегі осы – ине-жіп. Тамағын қынап қойып, ән салады. Ән салғанда да ақындығы бар, суырып салма.
Қария 2003 жылы Шыңжаң өлкесінен көшіп келген. 13 құрсақ көтерген. Қазір 5-ші баласы Тұрдан ағамыздың қолында. Мына кісі - келіні. Ұлттық киім-кешек тігеді. Тігерде алдымен, көпті көрген енесінің ақылына жүгінеді.
Екі рәкат намазын оқып, Сәлиха әже дастарханға жайғасты. Біз құдды емтихан өткізгендей, қарияны сұрақтың астына алдық. Алдымен сұрағанымыз - «Қалқаман-Мамыр» қиссасы.
Таңдайынан жыр төгіліп жатыр. Не деген жады, не деген қабілет?! Әжемізді тоқтатып, «Қобыланды батыр» жырын сұрадық. Тізгінді жіберді. Батырлар жырына сусындап отырып, жарасымды әзілге құрылған Біржан сал мен Сара қыздың айтысын да сұрадық. Іркілмеді.
«Қазақ хандығының ғұмырын жалғаған атақты Абылай хан туралы не білесіз?» дедік. «Сабалақ» қиссасынан төгілтті. Құймақұлақ қария қисса-дастандарды 10 жасынан бастап жаттапты. Зерек қыз бар білгенін 13-тегі туған ағасының үйренген.
Сәлиха Дүйсенбайқызы, қиссашы:
Қызығып оқи бердім, жаттап. Кейде шешем ұрсып қояды. «Кестеңді тік» деп. «Иә» деп кестені тігем де, қайтадан оны жаттаймын. Кейде жотаның астына барып жаттаймын.
Емшілік қасиеті бар Сәлиха Дүсенбайқызы саналы ғұмырында 2 мыңға жуық баланың кіндігін кескен деседі.
Сәлиха Дүйсенбайқызы, қиссашы:
Екі жақта жұмыс істедім. Біріншісі дәрігерлік. Осы кезге дейін Аллаға шүкір, алдымнан бірде-бір бала шетінемепті. Сиырдың желіні ісіп кетсе, дем саламын, жазылып кетеді. Бала ауырып қалса дем саламын, жазылып кетеді.
Қарияның бесінші ұлы Тұрдан Төлеухан «Қисса-дастандарды тыңдаған бөбек ұлтжандылық қасиетті бойға сіңіріп өседі», дейді. Оның да бала шағы қисса тыңдаумен өткен.
Тұрдан Төлеухан, Сәлиха әженің ұлы:
Әке-шешемізге осы қисса-дастандарды, батырлар жырын айтқызып, кешке жақын малды жайлауға асығамыз. Тез малды қамап, әке-шешемізге неғұрлым жақын отыруға тырысып, кейбіріміз тізелеріне жатып аламыз. Кейде бұл кісілер азырақ айтып, айтқысы келмей жалығады. Сонда менің кенже інім «айтып бер» деп жылайтын.
«Елдің есендігі, бала-шағаның амандығы жасыма жас қосады. Атамекенге келгелі тіптен күйлі-қуаттымын», дейді қария.
Сәлиха Дүйсенбайқызы, қиссашы:
Бұрын осы Қытай елінде «әттең, Қазақстанға кетсем», деп ойлайтынмын. Бала емізіп отырып армандайтынмын. Аллаға шүкір, дәм тартып, келдім. Елбасыға рахмет. «Алтын алқамды» тақты. Зейнетақым бар. Бүтін қазаққа рахмет!
Жас ұрпақ өнерсіз қалмасын. Тектілігін сақтап, бабалар жырын жаттап, қазақы қалпын жоғалтпасын. 88 жастағы қарияның бар қалауы осы. Әйтпесе, Сәлиха әжедей көзі тірі қиссашылардың арамызда бірен-сараны ғана қалды.
Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ