«Тарта жесең тай қалады». Белгілі тәмсіл. Ақордада Президенттен тапсырма алып шыққан Үкімет мүшелері ең алдымен, үнемдеудің қамына кірісіп кетті. Бұрынғыдай саны көп, сапасы жоқ жиын-тойлар бұдан былай сап тыйылуы тиіс.
Әр министрлік өздеріне қарасты әкімшілік бағдарламаларды барынша қысқартып, басы артық шығындарды баянды іске жұмсамақ ниетте. Ал, ақша-несие саясатында алып-қашпа әңгімелерге жол жоқ. Өйткені, теңгенің тұрақтылығы - тұрмыстың тұраламауы. Ол үшін алпауыт компаниялар өзара есеп айырысу кезінде төл теңгеге басымдық береді.
Ал, енді нарықты долларсыздандыру шаралары өзіңіз білесіз, жедел іске асатын шаруа емес. Десе де, осы бір шартты бірліктің экономикадағы үстемдігін мейлінше азайтуға кім-кімнің де атсалысуы міндет. Ал, әлеуметтік сала бойынша мемлекет мойнындағы міндеттер мінсіз іске аса береді.
Осы апта жанармай бағасы тағы арзандады. Халық көп тұтынатын АИ-92-бензинінің бағасы 99 теңге. Бірақ, бұл елімізде өндірілетін мұнай көлемі де азайды деген сөз емес. Энергетика министрлігі биыл да 80-81 миллион тонна мұнай өндірмек.
Тек қысқа күнде қырық құбылған халықаралық нарықтағы бағаға байланысты бұл салада ішінара реттеу шаралары жүргізіледі. Бір сөзбен айтқанда, экономиканың тамырына қан жүгіртіп отырған энергетика саласы еш тоқтаусыз жұмыс істейді.
Владимир Школьник, ҚР Энергетика министрі:
Мемлекет басшысы елдегі мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялау шараларына тоқталды. Бұл жұмыстар қазір жоспарлы кесте бойынша жүргізіліп жатыр. Және төртінші мұнай өңдеу зауытын салу туралы нақты тапсырма берген болатын. Бұл шаруамен қазір айналысып жатырмыз.
Үкімет мұнай бағасының бір баррелін 50 доллар деп болжап, бюджеттің шығыстарын келер апта қайта қарайды. Егер осы болжам ақталса, экономиканың өсімі биыл 1,5 пайыздан кем болмайды.
Кеңейтілген отырыста Президент жүктеген міндеттерге сай шикізат пен басқа да тауар экспорттаушыларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Ал, арзандап кеткен тауар бағаларына байланысты кешікпей Ресеймен келіссөздер жүргізіледі.
Олар негізінен ауыл шаруашылығы мен машина жасау салаларын қамтиды. Әрі Президент Еуразиялық экономикалық одақтың аясында бәсекенің күшейе түсетінін және отандық кәсіпорындар кез-келген жағдайға даяр болу керектігін үнемі ескертіп жүр.
Сондықтан, отандық өндірістер де ертеңгі күндерін алдын ала ойластырғандары жөн. Ал, мемлекет алға басамын дегендерді қолдаудан аянып қалмайды.
Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Мемлекет басшысы нарықта болатын түрлі қиындықтарды алдын ала болжап өткен жылдың қараша айында-ақ «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатты жария етті. Өздеріңізге белгілі, бұл дер кезінде қабылданған шара болды.
Ең алдымен, елдегі шағын және орта кәсіпке қолдау көрсетіледі. Оған биыл жоспарланған 100 миллиард теңгеден бөлек, Ұлттық қордан тағы да қосымша қаржы қарастырылуы мүмкін.
Әлемдегі кез-келген дағдарыс пен геосаяси ахуал бізге де әсер етеді. Әсіресе, Ресей мен Еуропа елдерін жайлаған дағдарыс кесірінен бюджетке түсетін кейбір табыстардың кеміп кетуі мүмкін. Сондықтан, Үкімет үнемге көшіп, әкімшілік шаралар мен келешекке жоспарланған инвестициялық жобалардың ақшасын және кепілді трансферттердің көлемін азайтуы тиіс. Ал, аграрлық саланы ақсатпау үнемі Үкімет назарында болады.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:
Біз республикалық бюджетті 700 миллиард теңгеге оңтайландыруға мәжбүрміз. Алдымен, барлық жаңа объектілердің құрылуы, салынуы тоқтатылатын болады. Ал, жалғастырып отырған жобалардың тиімділігін қарап отырамыз.
Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыр шаруашылығы министрі:
40 миллиард теңгенің 25 миллиардынан астамы мал шаруашылығына бөлінетін болады. Бұл қазіргі бөлініп жатқан мемлекеттік қолдаудың 50 пайызға өскені деген сөз. Бұл біздің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қазіргі нарықтық қолайсыздық жағдайда өздерін тұрақтандыру бағытындағы іс-шараларын жасауға көмектесетін болады.
Былтыр әлемнің көптеген елдерін айтпағанда, ТМД-ның біраз мемлекеттерінің экономикасы тұралап қалды. Ал, бізде керісінше ішкі жалпы өнім 4 пайызға өсіп, инфляция 7 пайызға жетер-жетпес деңгейде қалды.
Оған Тәуелсіздік жылдары жиған қордың көмегі көп болды. Енді тек қолда бардың қадірін біліп, экономиканы долларсыздандыру шараларын ширату қажет. Ол үшін Ұлттық Банк келер күндері төлемдер мен валютаны реттеу туралы Заңдарға өзгерістер енгізуді қолға алмақ.
Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық Банк төрағасы:
Ұлттық банк биыл теңге бағамының күрт төмендетіп, тербелуіне жол бермейді. Оған тиісті шаралар қарастырылып, қажетті қор жиналған. Әрі Президент тапсырамасына сай отандық экономиканы долларсыздандыру шараларын заңнамалық құжаттардың негізінде реттеуді жоспарлап отырмыз. Бұл өз кезегінде теңгенің нығаюына оң ықпалын тигізеді.
Елімізде Президент бастамасымен индустрияландыру бағдарламасы жүзеге асқалы бес жылда 75 мың тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылса, былтыр дәл осы бағдарлама бойынша 12 мың тұрғын екі қолға бір күрек тапқан.
Әрі Үкімет әлеуметтік салаға жұмсалатын шығындардың бір тиынын да қысқартпайды. Ал, жұмыс орындарын сақтап қалу үшін Үкімет елдегі ірі кәсіпорындармен жыл басынан бері жүздеген меморандумға қол қойды.
Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:
Барлық бағдарламалардың аясында жұмыспен қамту мәселесі ең басты мәселе деп айтылуы қажет. Ал, екінші үлкен мәселе әлеуметтік міндеттемелер. Мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелері Үкімет тарапынан өз уақытында орындалуы керек. 2015 жылға арналған мына 2,4 триллион теңге барлық азаматтарға жеткізілуі керек деген мәселе қаралып отыр.
Мақсат – бір, міндет – айқын. Президент кеңейтілген отырыста Үкімет мүшелеріне үлкен жауапкершілік пен зор сенім артылатынын қадап айтты. Ендігі қадам тек сол мұраттың үдесінен шыға білу қажет.
Айбек ҚОБДАБАЙ