Сыр өңірінде күкірт қышқылын шығаратын зауыт жұмыс істеп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр өңірінде күкірт қышқылын шығаратын зауыт жұмыс істеп тұр

08.02.2015
Сыр өңірінде күкірт қышқылын шығаратын зауыт жұмыс істеп тұр

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында Кейден дейтін ауыл бар. Аядай болғанымен, тұтас экономикаға тырбанып үлес қосып жатыр. Мұндағы индустриалды жоба - аймақтағы кен орындарына күкірт қышқылын дайындайтын  СКЗ-U зауыты.

Біздің мемлекет биылғы межесі - уран өндірісінің көлемін 20 мың тоннаға жеткізу. Бұған Сыр өңірінің қосар үлесі мол. Өйткені, Шиелі және Жаңақорған аудандарында «Қазатомөнеркәсіптің» №6 кен басқармасы, «Байкен-U» және «Қызылқұм» серіктестіктері уран өндірумен айналысады.

Міне, сол Қарамұрын жотасынан өндірілетін уранға қажетті қышқылды осы Кейден ауылындағы зауыт тауып береді. Бір сөзбен түйсек, уран өндірісінде аса қажетті күкірт қышқылын сырттан тасымаймыз, өзіміз өндіреміз. Келешекте зауыт- күкірт қышқылынан өзге ауыл шаруашылығына қажетті минералды тыңайтқыштарды өндіру арқылы өз мүмкіндігін кеңейтпекке бейілді.

«СКЗ-U» күкірт қышқыл зауытының былтырғы жылы бекітілген жылдық жоспары- 453 мың тонна екен. Олар межелі өнімді мезгілінен бұрын орындап шыққан. Сондай-ақ, қосымша 72 МгВТ электр энергиясын өндірсе, оның 37 МгВТ көлемі- Жаңақорған ауданының игілігіне айналды.

«СКЗ-U» Күкірт қышқылы зауыты Қызылорда облысының инновациялық-серпінді жобасы. Өндіріс орны 2007 жылы құрылды. Кәсіпорын 2011 жылы пайдалануға берілді. Тәулігіне 1500 тонна өнім өндіріледі. Бүгінде мұнда 300 адам жұмыс істейді. Оның 150-і жергілікті ауданның азаматтары. Ал, жобаның жалпы құны - 32,5 миллиард теңге.

«СКЗ-U» зауыты – күкірт қышқылын дайындайтын Сыр бойындағы ауқымды өндіріс орындарының бірі. Шетелдің озық технологиялары қолданылып, экологиялық залалсыз жұмыс істейтін зауыт мемлекеттің ҮИИДБ аясында салынды.

Зауыт негізінен  жерасты байлығын өзге қоспалардан сілті қышқылы арқылы айырып алатын өнеркәсіп орындарының сұранысын қамтамасыз етеді. Осы бағытта шикізат яғни, күкірт Атыраудан әкелінеді.

Бексейіт Ақынов, теміржол учаскесінің басшысы:

Теміржолмен келген күкіртті түсіру алаңы. Күкіртті қоймаға тасиды. Одан әрі қарай зауытқа. Менің жұмыс істегеніме төрт жыл болды. Мамандығым – теміржолшы. Айлық жалақы уақытында беріледі. Мені де, өзге жұртты да қанағаттандырады.

Шикізат балқыту, жандыру, сілтілендіру, дайын өнім алу сияқты 4 кезеңнен тұратын өндірістік өңдеуден өтеді. Мұнда Кеңес дәуірінің ескі технологиялары атымен жоқ. Барлық технологиялық үдерістер заманауи автоматтандырылған жүйе арқылы басқарылады. Зауыт қондырғыларын орнатып, іске қосып берген италиялық мамандар.

Франческо Сама, италиялық компанияның өкілі:

Мен мұнда Италиядан әкелінген технологиялардың барысын қадағалаймын. Себебі, бұл қондырғылардың тұрақты жұмыс істеуіне біздің компания жауапты. Сондықтан, Қазақстанға жылына бірнеше мәрте келемін.

Сіздердің Президентеріңіз Нұрсұлтан Назарбаевтың өндіріс орындарын көптеп салып, ел экономикасын әртараптандыруға барынша қолдау көрсетіп отырғаны қуантады.

Қазақ жастарының соңғы технологияларды игеруі басты назарда тұр. Сондықтан, олар зауыт есебінен жоғары оқу орындарында оқиды. Солардың бірі - Совет Досжанов. Ол Жаңақорған ауданының тұрғыны. Қазір еселі еңбегінің өнбегін көріп отыр.

Совет Досжанов, оператор:

Мынау - бункер. Біздің жұмыс істейтін орнымыз. Шикізат осы жерге түседі. Бұдан пешке қарай барады. Одан еріп, сақтау орнына жіберіледі. Жұмыс жақсы. Қолмен жұмыс істемейсің. Барлығы автоматтандырылған. Айлық уақытылы. Барлық жағдай жасалған.

Күкірт қышқылын жанасу әдісімен алудың маңызы зор. Бұл әдіспен күкірт қышқылының кез келген концентрациясын және олеум, яғни H2SO4-тегі SO3 ерітіндісін алуға болады. Ең бастысы, күкірт  қышқылы  өндіретін  зауыттарда  еңбек техникасының  қауіпсіздік  ережесін  қатаң  сақтау  талап  етіледі.

Руслан Әбсадықов, оператор:

Осы жерде жұмыс істеп жатқаныма бір жыл болды. Мына жақтан еріп келген алтын күкірттің ерітіндісі мына жаққа келеді. Бұл жерде температура 106 градус пен 108 градус. Осында үш фаршунга болады. Үш фаршунга арқылы еріген газ ішке келеді де сұйықтық газға айналып кетеді.

Мемлекет басшысы Үкіметке энергия үнемдеу саласында жалпы ішкі өнімді үнемдеуді 2020 жылға қарай 25 пайызға төмендету бойынша зор міндет жүктеді. Сондықтан, кәсіпорын қосымша жалпы құны 4,3 миллиард теңге көлеміндегі сағатына 18 мВт электр энергиясын өндіріп отыр. Күкірт қышқылын өндіру барысында бөлінетін будан электр энергиясы өндіріледі.

Алмат Әбдіраман, тілші:

Айналасы екі жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде бой көтерген зауыт тек көмірқышқылын ғана шығарып қоймайды. Сол қышқылды өндіру барысында шығатын буды турбогенераторға жіберіп, электр энергиясын да алады.

Энергокешен арқылы өнеркәсіп толыққанды электр жарығымен қамтамасыз етіледі. Ал, артығы алыс-жақын елді мекендерге жеткізіледі.

Асқар Абайұлы, Энергокешен басшысының орынбасары:

Бұл жерде күкірт қышқылын шығаруда бөлінген бу бізге қарай беріледі. 400 градус температурамен 42 жарым қысыммен сағатына 82 тонна сол буды біз трубинаға қарай жүргізіп, электр энергиясын аламыз.. Жұмысымыз жақсы. Бәрі ұнайды. Мына жерде қалашық соғылған. Керек-жарақпен қамтамасыз етілген. Жолақы да  төленеді. Бәрі жақсы. Айлық та жақсы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым «бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» деген мәселеге баса назар аударып келеді. 2011 жылы зауыттың ашылуында Президент өңірдің дамуына оң бағасын берді. Осы бағытта зауыт басшылығы жергілікті ауданның әлеуетін жақсартуға ықпал етіп отыр.

Сәулебек Дүйсенбеков, Күкірт қышқылы зауыты басшысының орынбасары:

Президенттің тапсырмасына орай, жұмысшылардың жағдайын жақсартып отырмыз. Уақытында сыйақы да беріледі.

 

Өнеркәсіп көзбен көргеніміздей, толық қуатында, тұрақты жұмыс істеп тұр. Осылайша, кәсіпорын ел экономикасының дамуына сүбелі үлесін қосып отыр. Бүгінде бұл күкірт қышқылы еліміздегі уран өндіретін кәсіпорындар мен халық шаруашылығында кеңінен қолданылып жүр.

Алмат Әбдіраман, тілші:

Уранның әлемдік қорының үштен бірінен астамы елімізде шоғырланған. Ал, уранды өндіруде күкірт қышқылын қолданады. Сондықтан, оның рөлі зор. Бұрын Қазақстан күкірт қышқылын тасымалдайтын мемлекеттерге тәуелді еді.

Ал, қазір бәрі керісінше. Себебі, күкірт қышқылы өзімізде өндіріледі. Міне, өнеркәсіптен шыққан күкірт қышқылы осылай вагондарға құйылып, аймақтарға жөнелтіледі.

Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу