Президент осы аптада «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті де қабылдады.
«Нұрлы жол» бағдарламасында айтылған аймақтарды байланыстырар жолдар төсеу, үйсіздерге баспана тұрғызу, кәсіпкерлерді қолдау секілді ілкімді жұмыстардың іркіліссіз іске асуы – «Нұр Отанның» бақылауында.
Әрі майлы жіліктей ірі жобаларға қазынадан миллиардтап қаражат бөлінетін болған соң, әр тиынның қалтаға емес, қажеттілікке жұмсалуын билеуші партия қатаң қадағалауы тиіс.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Кеңейтілген партияның саяси отырысында, біз «Нұрлы жол» деген үлкен бағдарлама қабылдадық. Бұл келе жатқан дағдарысқа қарсы қабылданған. Осының барлығы партияның аясында өткізілетін болады. Себебі, ол халықтың арасында жүрген беделді партия саналады.
Сондықтан, партия мүшелері, барлық ұйымдар жергілікті жерлердегі, ауылда, ауданда, облыста барлығы осының төңірегінде жұмыс істеуі керек. Ол насихаттау деген құр әншейін айта берудің мәселесі емес, қалай орындалып жатыр соны, атқарушы органдар не істеп жатыр соны орындау үшін.
Ең бірінші мәселе – инфрақұрылымды дамыту. Екінші мәселе – жаңадан жұмыс орындарын ашу. Сондықтан, осыған және шағын және орта бизнеске аса көңіл бөлу керек. Барлық жағдайын жасап жатырмыз, несиені беріп жатырмыз, мүмкіншілік жаңадан бизнес орнын ашуға тез арада жасалды.
Қандай кедергілер бар, барлығын алып жатырмыз. Енді осыған байланысты жаңа бизнес пайда болуы керек. Индустриялық бағдарлама мен «Нұрлы жол» бағдарламасының төңірегінде, жолдың төңірегінде, үй салудың төңірегінде, коммуналдық шаруашылықты жөндеу төңірегінде, барлық жерде бизнес пайда болуы керек.
Сондықтан, «Атамекен» ұйымымен бірге, партия жұмыс істейтін болса, жергілікті жерлерде олардың да ұйымдары бар жергілікті жерлерде көп жағдай жасайтын боламыз нақты. Елге керегі сол. Осыған партиямыз көңіл аударсын, осымен шұғылдансын. Саяси жағдайлар өз алдына әрине, мынау нақты экономика арқылы халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмыс істеуіміз керек.
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Саяси кеңесте болған партияның барлық мүшелері сіздің Жолдауыңызды үлкен жауапкершілік есебінде қабылдады. Сондықтан, біздің партияластарымыз бір адамдай сіздің осы бағдарламаңызды қадағалауға үлкен күш салады деп сендіремін.
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ