Өлімнен басқаның ертесі жақсы. Алайда, амал нешік?! Осы сейсенбіде Жамбыл облысында бортында экипаж мүшелерімен қосқанда жеті адам болған Ан-2 ұшағы апатқа ұшырады. Қайғылы оқиға кешкі бестің шамасында болған.
Қарағандының Балқаш қаласынан ұшып шыққан Ан-2 Жамбылдың Шу ауданындағы Шатыркөл кен орны маңына құлаған. Борттағы жеті адамның алтауы қайтыс болған. Оның үшеуі «Қазақмыс» компаниясының белді қызметкерлері Ғабит Төлеубаев, Ұлбазар Есмағамбетова және Ербол Ыбыраев.
Қалған үшеуі экипаж мүшелері - командир Валерий Клюшев, екінші ұшқыш Виктор Савельев және бортмеханик Василий Литвинов. Ал, Құдайдың құдіретімен ажал аузынан аман қалған 28 жастағы геолог Әсем Шаяхметова қазір Астанада емделіп жатыр.
Ұшақ құлаған кезде де есін жинап, құтқарушыларға хабар берген де осы Әсем дейді. Дәрігерлердің айтуынша, оның бас сүйегі қатты зақымданған. Ең қиыны, аяғы үш жерден сынған. Ақ халаттылар оның аяғын сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр.
Ерсін Жүнісов, №2 аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы:
Бұл жоғары энергетикалық жарақатқа жатады. Мұндай авиакатастрофалардан аман қалу әлемде статистика бойынша өте сирек кездеседі.
Ұшақтың қалай, неліктен апатқа ұшырағанын анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылды. Қылмыстық Кодекстің «қозғалыс қауіпсіздігі немесе әуе көлігін пайдалану ережесін бұзу» бабы бойынша тергеушілер жұмысқа кіріскен.
Ал, апаттан қаза болғандардың отбасыларына Қарағанды облысының әкімдігі 1 миллион теңгеден қаржылай көмек көрсетсе, «Қазақмыс» корпорациясы өтемақыны мемлекеттік комиссия қортындысынан кейін төлейтін болды.
Әрі марқұмдардың 10 жылдық жалақысы олардың соңында қалған бала-шағасына берілмек. Осы оқиғадан кейін елдегі авиация саласының мамандары «мемлекет басшысына тікелей бағынатын азаматтық авиация агенттігін құру қажет» деген пікірлерін де айтып жатыр.
11 қыркүйектегі терактілерден кейін АҚШ және Батыс Еуропа елдері осындай тәртіп енгізген. Естеріңізге салайық, құлаған Ан-2 «Олимп ЭЙР» компаниясына тиесілі, жұрт «кукурузник» деп атап кеткен шағын ұшақ. Болжам бойынша, ұшақтың құлауына тұманды ауа райы себеп болған.
Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ