Қазақстанда көлік неге қымбат? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда көлік неге қымбат?

18.01.2015
Қазақстанда көлік неге қымбат?

 

«Қаңтардың 1-інен жалақы мен зейнетақы көбейеді, жәрдемақы өседі» деген жағымды жаңалықтарға құлағы үйренген біздің жұрт биылғы қаңтарда онша-мұнша қуана қоймады-ау.

Жалпы, қой жылы - су жаңа заңдарымен есімізде қалатын тәрізді. Қаңтар ортасына енді ғана ауды, күбірлескен елдің әңгімесі - жаңа заң-ережелер туралы.

«Ассалаумағалейкум, тойшыл қауым» деп, той бастайтын асабаларға Жаңа жылдан бері ас-су батпай жүр деп естиміз. Өйткені әр беташардың кезінде енді салық органының өкілі тұруы мүмкін.

Асабаны шап беріп ұстап, салық төлетеді. Такси қызметкерлерімен де жылы сөйлеспесеңіз болмас, көңіл-күйлері жоқ. Олар да тапқан-таянғанын салық есебінде төлеуге міндетті.

Жеңілжүрісті қыз-келіншектер де жинаған азды-көпті «нәпақасын» салық органдарымен бөлісуге тиіс. «Екі дүние де бәрібір» дейтін қайыршылар да соңғы күндері тырнақ-шаштарын алып, «дұрыстау көрінейік» деп күтіне бастапты. Оңай емес, олар да салық төлеуге міндетті.

Несін айтасыз, «тосын сый» болған жаңа ережелер - елдің есін шығара бастады. Тіпті, қазір көлікке мінсек пе, әлде жаяу барсақ па деп ойланатын болдық.

Ойландырған-әлгі «автоорындықтар». Бала жайына қалды, бәрі базарда жүр. Сатушылар баюда.

МАИ қызметкерлері күдіктіні көргендей тінтитін болды. Ал, заңды өздері қарап, өздері қабылдап жіберген депутат мырзалар автоорындық орнату туралы бапты бір жылға шегеруді ұсынып отыр.

Көлік көп. Біздің елде 4,5 миллиондай көлік бар. Жеңілі мен жүк көлігін қосқанда соңғы 2 айда темір тұлпарлардың қатары тағы 15 мыңға толықты.

Көліктер көрші Ресейден  арзан бағамен әкелінді. Оның 45,3 пайызын заңды тұлғалар сатып алса, қалған 53,7 пайызы жеке тұлғалардың еншісінде.

Сұңқар Жұртбай, «Колесо Астаны» газетінің бас редакторы:

Қазір хабарландыруларды қарасаңыз, газет беттерінде бір жылда шыққан бір маркалы бір модельді көліктердің бағасының арасында 50 пайызға дейін айырмашылықтар кезігеді.

Ресейде біздегі 100 мың АҚШ долларына бағаланатын қымбат көліктер екі есе арзан, 50 мың АҚШ долларына сатылды. Ал, 4-5 мың АҚШ доллары тұратын темір тұлпарды көп ағайын 1,5-2000 АҚШ долларына  тақымдады.

Көліктің арзан болғанын кім құп көрмейді?! Бірақ қазақтың қалтасында қалуға тиісті қомақты қаражаттың шетел асқаны қарныңды аштырады. 

Сұңқар Жұртбай, «Колесо Астаны» газетінің бас редакторы:

Қазақстан нарығында да көліктердің бағалары өзгеріп отыр. Өйткені болашақта, 2015 жылы көктемде, жазда жаңа көлік сатып аламын дегендер осы желтоқсан айындағы баға өзгерістерін пайдаланып, алатын көліктерін алып қойды. Ал, статистика бойынша әр айда осынша көлік сатамыз деп, біздің диллерлер болжап отырған болатын. Олардың 80 пайызы өтпей тұрып қалады.

1-15 желтоқсан аралығында Қазақстаннан Ресейге жолаушылар әдеттегіден 35 пайызға артық ұшқан. Саны - 2735.

Олар көрші елден көлік қана емес, пәтер, дүкендердегі жиһаздарды да жеткілікті сатып алды. 

Сонымен, қазір Ресейдегі көлік сөрелері бос тұр, ал біздің нарық сатып алушыларын тосып тұр. Елдегі көлік неге қымбат?

Қазақстанда машина құрастыру саласы біразға дейін кенже қалып келді. Тек 2011 жылдан бері қолға алынып, енді ғана еңсесін көтеріп келеді.

Екіншіден, құрастырылатын машиналарға қажетті бөлшектер шетелден әкелінеді.

Бұл - сөзсіз  отандық көлік бағасының анағұрлым қымбаттауына итермелейді. Енді елімізде жол жүрудің жаңа ережелері бекіді.

Оны да ұмытпайық. Жүргізушілер үшін жақсы жаңалықтан бастайық. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден көлікті әкелу үшін қосымша құн салығы төленбейді. Екіншіден, енді сенімхат керек емес. 

Қайсар Сұлтанбаев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма басшысы:

Қазіргі кезде сіз автокөлігіңізді бауырыңызға, жұбайыңызға сенімхатсыз беруіңізге болады. Бірақ осы жерде бір шарт бар. Ол - сіз автокөлігіңізді сеніп тапсырған кезде автокөлігіңіздің тіркеу куәлігін беруіңіз керек. Содан кейін автокөліктің өзін бересіз, сақтандыру полисін бересіз. Онда автокөлікті берген адамның аты-жөні, тегі жазылуы керек. Сол үшін сіз сақтандыру компаниясына барып, аты-жөнін енгізіп аласыз. Егер автокөлікте сол адаммен сіз де бірге отыратын болсаңыз, онда сіздің аты-жөніңіз сақтандыру полисте болуы шарт емес.

Екінші бір өзгеріс - тек түнде емес, енді күндіз де автокөлік  шамдарын жағып жүру керек. Ол – жол апаттарының санын 20 пайызға азайтуға сеп болады, дейді мамандар. 

Жақпасаңыз, айыппұл төлейсіз. Заң күшіне енген алғашқы екі күн ішінде елордада жарығын жақпай жүргені үшін 724 жүргізушіге айыппұл салынды. Бірақ кей көлік жүргізушілері бұл жаңашылдықпен келіспейді.

Халық пікірі:

Жүргізушілерге ыңғайсыз. Мына көліктің релелері қызып кетеді, жабысып қалады. Бәрі иномаркалы көлік емес қой.

Фарды жағып, аккумуляторды отырғызып тастаған.

Шам - негізі көп елене бермейтін, сіз бен біз мән бере бермейтін, ақырындап қана ақшаны шетінен мұжитын дүние. Сондықтан заңдағы бұл өзгеріс - біреудің бизнесіне жұмыс істеу үшін жасалған деген күмән бар. Әрі жаңа заң жемқорлыққа жетелейді.

Айтпақшы, айыппұл төлемеймін десеңіз, дәрі-дәрмек қобдишаңызды да жаңартыңыз.

Астанадағы таксопарктер де тапсырысты қабылдай бермейді. Неге дейсіз бе?

Жаңа заң бойынша автоорындықтар қажет. Яғни, 12 жасқа толмаған балаңыз бар болса, алдыңғы орындыққа әлгі құрылғыны орнатуға міндеттісіз.

Ал, көліктің артқы жағына адаптер, брустер деп  аталатын құралдарды қою керек. Таксопарктерді былай қоялық, көшеде баламен такси ұстаудың өзі - мұң қазір. Кетігі көп заңның көңілден шықпай тұрған тұсы - осы. 

Мұрат Әбенов, қоғам қайраткері:

Қазақстанда 4,5 миллион автокөлік тіркелген. Егер 4,5 миллионның үштен бірінің ғана балалары бар деп айтайық, бірақ одан да көп. Мысалы, көбінесе көлікті балалары бар отбасылар алады. 1,5 миллион автокөлікке кемінде ең арзанын алайық, автокресло  10 мың теңге, бірақ ондай жоқ. Сапалысы  50-100 мың. Егер 10 мыңдығын ғана алатын болсақ, халық 150 миллиард теңге қаражат жұмсайды. Қарашада қабылданды, 1-қаңтарда оны қайдан табады? 150 миллиард ақша халықтың қалтасында жоқ.

Иә, біздің заңдардың басым бөлігі 2 қадам алға, сосын бір қадам артқа жасалады. Яғни, көбі әбден түзіліп, сүзгіден өтіп барып қабылданбайды. Осал заңдардың нәтижесі осындай. Оған кім жауапты?

Дулат Құсдәулетов, ҚР Парламент Сенатының депутаты:

Заңға біз жауаптымыз. Әртүрлі пікірлер шығуда. Заңды қабылдағанда депутаттар қайда қарады деп? Неге көрмеді? Не істеп жүр олар деген сияқты. Заң - бүкіл сапаға сай. Осал жері - сол 6 ай мерзімі тектен тек кеткен. Халық білмейді. Жол полиция  қызметкерлері де білмейді. Талап қою - оңай, сол талапты қойғаннан кейін оны білу керек.

Абайламасаңыз, айыппұл төлейсіз. Депутаттар автоорындық мәселесін 1 жылға шегеруді ұсынса, жол полиция  қызметкерлері автоорындықтарсыз жүрген жүргізушілерді заң алдында жауапқа тартуда. Осы күнге дейін 20-ға жуық жүргізуші әрқайсысы 10 мың теңге көлемінде айыппұл төледі. 

Қайсар Сұлтанбаев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма басшысы:

Автокөлік сатып алып жүруге жағдайыңыз бар, 15-20 мың АҚШ долларына дейін. Соншама бағаға автокөлік сатып алғанда, 10-20 мың теңгеге автокресло сатып ала алмайды дегенге сенбеймін.

Бірақ ғаламтор беттерін ақтарсақ, онда автоорындықтар бағасы тым қымбат. 100 мыңнан жоғарылары да бар.

Негізі, заң дұрыс-ақ. Ондағы өзгерістер халықаралық талапқа сай. Алайда, асығыс қабылданған.

Заңды жүзеге асыру үшін уақыт керек. Еуропада осындай заңды 2013 жылы енгізіпті. Бірақ 2018 жылға дейін дайындыққа уақыт берген. 5 жыл. Ал, бізде...

Заңғар Серікханұлы, көлік жүргізушісі:

Автокреслоға қосылмаймын. Қазір мен бойдақпын, ол маған не керегі бар? Кейбіріміздің жағдайымыз көтермейді. Бізге қазақ көп балалы отбасы дейді. Көп балалы отбасы болса, бізге тағы сондай заң шығарады. Заңды қарап отырсаңыз, бір-біріне қарсы баптар шығады.

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Хабарламаларға жазылу