1-қаңтардан Еуразиялық экономикалық одақ ресми түрде жұмысын бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1-қаңтардан Еуразиялық экономикалық одақ ресми түрде жұмысын бастады

11.01.2015
1-қаңтардан Еуразиялық экономикалық одақ ресми түрде жұмысын бастады

Былтырдан бері жаһанның назарын аударып, қоғамның қызу талқысына түсіп, сан алуан пікірдің ортасында қалған Еуразиялық экономикалық одақ қаңтардың бірінен бастап, ресми түрде жұмысын бастады. Әуелгіде 29-мамырда Астанада одақ туралы шартқа қол қойған Қазақстан, Ресей және Беларусь «үштік» ретінде қолтықтасқан еді. Енді Армения қосылып, одақтың кеңістігі кеңи түсті.

Әзірге олар «төрттік» құрамда. Әзірге дейтін себебіміз - көктем түсе, күн жыли Экономикалық одаққа қырғыз бауырлар да кіріп қалуы мүмкін. Көрші ел осы күндері құжаттарын жинап жатқанға ұқсайды. Сондай-ақ, Өзбекстан мен Тәжікстан да экономикалық болашағын осы одақпен байланыстырғылары келеді.

Жалпы, соңғы 5 жылда Қазақстанның Кеден одағына мүше елдермен арадағы тауар айналымы 88 пайызға өскен. Яки, 24 миллиард АҚШ доллары шамасында. Қазақтың Ресей мен Беларусь еліне экспорттайтын тауарлары 63 пайызға ұлғайып, 6 миллиард АҚШ долларына тақаған.

Дегенмен, сарапшылар Ресейдегі қазіргі экономикалық ахуалға қарап, одақ күрделі кезеңде құрылып отырғанын жоққа шығармайды. Бірлестіктің ең ірі мүшесіне салынған халықаралық санкциялар өзгелерге қалай әсер етерін әзірге дөп басып болжау қиын.

Ал, бізге белгілісі - одақ аумағында тауарларға, қызмет түрлеріне, капитал мен жұмыс күші қозғалысына еркіндік беріледі. 2016 жылы ортақ фармацевтика нарығы құрылады.  2019 жылға қарай электр энергиясының, 2025 жылға қарай мұнай, газ және мұнай өнімдерінің ортақ нарығы қалыптасады.

Еуразиялық комиссияның штаб-пәтері Мәскеуде, қаржылық реттеу орталығы - Алматыда, ал Еуразиялық экономикалық одақ соты - Минскіде орналасады. Одаққа биыл Беларусь елі төраға. Жоғары лауазымдағылар не дейді? 

Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімшарт күшіне енді. Сөз жүзіндегі бар келісім енді іске көшеді. Келісім  бойынша, 4 еркіндік болады. Тауар, қызмет, капитал және жұмыс күші еш кедергісіз қозғалады. Әрі біріккен кәсіпорындар ашылады.

Бұл - жаңа жұмыс көздерін ашады. Елдегі жұмыссыздық деңгейі төмендейді. Сол кәсіпорындардан шығатын өнімді өзге елдерге экспорттап, әр ел ішкі жалпы өнімін өсіреді. Ал, ішкі жалпы өнім өссе, әлеуметтік тірлік оңалады.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

Біз тауарларды Еуропаға шығаратын болсақ, Ресей территориясы арқылы өтеміз. Одан өткеннен кейін,  бізде теміржолдың, порттардың тарифтері бар. Шет мемлекет ретінде олардың барлығының бағасы жоғары. Ал, одаққа кіргеннен кейін, сол тарифтердің ішкі тарифтерін пайдаланатын боламыз. Ол біздің бизнестің шығынын төмендетеді. Яғни, экспортқа шығарып жатқан өнімнің өзіндік құнын төмендетеді. Бүгінгі күні жұмыс істеп жатқан Қазақстан азаматтары табыс салығын Ресейге 30 пайыз төлейді. Ал, Ресей азаматары он пайыз. 1-қаңтардан бастап, біздің азаматтар да10 пайыз төлейді. Яғни, осындай жеңілдіктер көп. Оның үстіне, егер ары-бері жүріп тұрамын десеңіз, 30 күнге дейін тіркеусіз жүресіз, еркін.

Еуразиялық одақ қарапайым халыққа жұмыс істейді. Келісімде қызмет саласына қатысты жаңа жүйе бар. Жаңа жылдан бері, кәсіпкерлер бірыңғай нарық тәртібі бойынша жұмыс істеуде.

Яғни, біздің мемлекетіміздің азаматтары осы үш елдің біріне  барып, жұмыс істеу үшін лицензия алмайды. Бұл - бір. Екіншіден, дипломды өзара мойындау мәселесі де шешілген. Әлеуметтік және медициналық қамтамасыз ету бойынша да ұлттық режим енгізілді.

Игорь Шувалов, Ресей Федерациясы Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Жаңа одақтың болашағы жарқын болады деп санаймын. Мүшелерінің саны да жылдан-жылға арта береді. Өйткені, ойлаңызшы, Қазақстан да, Ресей де, Беларусь те жеке-жеке қарасақ, өзінше даму жолын қалыптастырған мемлекеттер. Экономикалары мықты. Енді, сол үш ел экономикалық тұрғыда бірігіп,  170 миллион нарыққа айналды.  Бұл әлемдегі ең ірі одақ болады. Сол себепті көп ел одақ мүшелерінің қатарына қосылуға ынталы. Бірақ, бізге одақ мүшелерінің санын арттыру аса маңызды емес, сапасын арттырғанды құп көреміз.

Алып нарыққа қол жеткізуге негізделген одақтың мүшесі болуға әркімнің-ақ бар таласы. Еуразиялық экономикалық одақтың аясы кеңейді. Жаңа жылдан бері Армения - одақтың жаңа мүшесі.

Ара Саакян, Арменияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі:

Еуразиялық экономикалық одақ жаңа мүмкіндіктер береді. Армения, әсіресе, Қазақстанмен екі жақты қарым-қатынасын нығайтқысы келеді. Біріккен кәсіпорындар салуға ниеттіміз. Қазақстанда инновацияға көңіл көп бөлінеді. Ал, жаңа технология, әлбетте, инвестицияға жол ашады. Бізге Қазақстанның осы дүниесін үйрену керек. Бір өкініштісі - қазір біздің елдердің арасындағы тауарайналым аз. Қазақстаннан Арменияға, негізінен, астық және металл өнімдері, атап айтқанда, ақ қаңылтыр, қара металл импортталады. Өз кезегінде, Қазақстанға Армениядан  тасты өңдейтін станоктар көп әкелінеді. Сонымен қатар, ішімдік сусындары, атап айтқанда, армян шарабы мен коньягі әкелінеді. Бірақ екеуара тауар алмасының көрсеткіші көңіл көншітпейді. Бір қуантарлығы - қазір Қазақстан теміржол байланысын оңтүстікке қарай дамытуда. Қазақстан –Түркіменстан - Иран теміржолын салды. Бұл - екі елдің өзара байланысына өте тиімді болар еді.

Қырғыз Республикасы да көп ұзамай одақтың қатарын толтырады. Ынтымаққа құрылған одаққа көп елдің ықыласы зор.

Түркия, Египет, Жаңа Зеландия да Экономикалық одаққа қосылуға ниетті. Неге дейсіз ғой? Жауап айқын. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше үш мемлекеттің кез келгенінің экономикалық әлеуеті жоғары. Ал, жаһандық дағдарыстан шығудың жалғыз жолы – интеграция.

Михаил Мясникович, Беларусь Республикасының Премьер-министрі:

Әлемдік қаржы дағдарысы қайта қылаң берді. Сондықтан экономикалық соққылар жеңілдеу тисін деп, Беларусь, сіздің ел бар, Ресей біріктік. Өйткені, тек бірлесе ғана биіктерді бағындыруға болады. Ал, жалғыз болсаң, ешбір елмен дұрыс қарым-қатынас орнатпасаң, әлбетте қиын болады. Татулық қана алқымнан алып тұрған дағдарыстан аман шығуға сеп болады. Үш елдің Үкіметі қазір осы сала бойынша жұмыстарды қарқынды жүргізе бастадық.

Тірлік бірге, бірақ тізгін бөлек. Одақ саяси емес, тек экономикаға негізделген. Бір ел екінші елдің ішкі мәселелеріне араласпайды.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

Одаққа кірдім деп, өз бетіңше халықаралық ұйымдармен, не болмаса басқа де шетелдік өзінің қарым-қатынасын жасауға тыйым салу деген жоқ. Қазақстан бұрын өзінің суверенді саясатын қалай жүргізіп келді, солай жүргізеді. Оған ешкімнің қатысы жоқ. Бұл - тек қана экономикалық одақ. Сол себептен біз өзіміздің экономикамызды дамыту үшін ғана жасадық. Ал, қай мемлекетпен қандай саясат жүргіземіз? Біздің саясатымыз қандай бағытта болады? Ол - Қазақстанның ішкі саясаты. Оған ешкімнің араласуына жол жоқ.

 

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

 
 
 

Хабарламаларға жазылу