Арқа төсінде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер Үкімет басшыларының 13-ші кеңесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арқа төсінде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер Үкімет басшыларының 13-ші кеңесі өтті

21.12.2014
Арқа төсінде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер Үкімет басшыларының 13-ші кеңесі өтті

Осы дүйсенбі қат-қабат шараларға толы болды. Тәуелсіздік күніне арналған ресми шаралардан бөлек, Арқа төсінде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер Үкімет басшыларының 13-ші кеңесі өтті. Бес елдің премьер-министрі келді. Олар - Ресей премьері Д.Медведев, Қырғыз премьері Джоомарт Отарбаев, Тәжікстан премьері Кохир Расулзада, Өзбекстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Рустам Азимов және Қытайдың мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцян.

Келіссөздер басталмас бұрын оларды Ақордада Н.Назарбаев қабылдады. Жалпы ұйым аясында 6 ел сауда-саттық көлемін арттыруға, әсіресе, көлік транзитін жетілдіруге мәміле құрды. Қанжардың жүзіндей өткір тұрған лаңкестікке, кибер қылмыстарға, эпидемиологиялық індеттерге жұмыла қарсы тұрмақ.

Ал, басты жаңалық – ұйымға мүше мемлекеттер доллардан бас тартпақ. Алғашқы қадамды қазақ пен қытай тарапы жасады. Енді ресми Астана мен Бейжің арадағы алыс-берісті доллармен емес, теңгемен, юаньмен жүргізбекке бейілді.

Қазақстан мен Қытай компаниялары 14 миллиард доллардың келісіміне қол қойды. Бұл Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы Үкімет басшыларының Кеңесі аясында жүзеге асты.

Қазақстанның Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов қытайлық әріптесі Ли Кэцянға  2013 жылы Қазақстанға сапары кезінде ҚХР Төрағасы Си Цзипинь жариялаған Жiбек жолының экономикалық белдеуі бағдарламасын Қазақ тарапы қолдайтынын да жеткізді.

Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-Министрі:

Бұдан бір ай бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа Жолдауында «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын жариялады. Атап айтқанда, «Жібек жолы» және «Нұрлы жол» бағдарламалары бірін-бірі өзара толықтырып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдете түсуге мүмкіндік береді.

Бұл аталған ұйым аясындағы Астанада өткен алғашқы кездесу. Ал, Тәуелсіздік күні қарсаңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұйымға мүше мемлекеттердің үкімет басшыларын Ақордада қабылдады. «Мұның ерекше мәні бар», деді Президент. Себебі, ұйымның алғашқы басқосуы осыдан 13 жыл бұрын Алматыда өткен.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Үкімет басшыларының отырысы біздің елде осымен үшінші рет өтіп отыр. Ұйым саяси салмақ пен экономикалық қуатқа ие болып келеді. Бүгінде ол баршаға кеңінен танылды. Бұл жолғы кездесудің ерекше мәні бар, біз өзімізде «Шанхай рухы» болуы тиістігін әрдайым айтып жүрміз.

Алда атқаратын ауқымды істер тұр. Соның бірі – Ұйымға мүше мемлекеттердің 2025 жылға дейінгі даму Стратегиясын бекіту. Осыған байланысты үкіметтердің тізе қосып, тірлік етулеріне тура келеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ұйым, ең алдымен, тұрақтылық пен елдеріміздің арасында аумақтық даудың болмауы үшін, сондай-ақ, бүгінгі заманның үш қатері – сепаратизмге, экстремизм мен лаңкестікке қарсы бірлесіп күресу үшін жұмыс істейді. Бізге азық-түліктік, экологиялық және энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін де шешу керек.

ШЫҰ мемлекеттері энергия тасымалдаушылар мен азық-түлікке деген сұранысты қамтамасыз ету мүмкіндіктеріне ие. Бірлескен жұмыс арқылы су тапшылығы мен өзге ресурстарға қолжетімділік мәселелерін де шешуге болады.

Бұған көлік саласындағы ынтымақтастықты қосыңыз. Өйткені, ұйым шеңберінде ықпалдастықтың маңызды бағыттарының бірі, бұл. Елбасының айтуынша, Қазақстан отандық экономиканы ғана дамытып қоймай, барлық өңірдегі өзара сауда мен іскерлік байланыстарды жандандыруды көздейтін бірқатар маңызды көлік жобасын іске асырады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің елімізде жаңа экономикалық саясат жарияланды. Соған сәйкес, біз инфрақұрылымдарды дамытуға бағытталған мемлекеттік инвестицияларды жүзеге асырамыз. Астанадан елдің барлық өңірлеріне қарай автокөлік жолдары мен теміржолдар салынады.

Біз Каспийде екі теңіз портын саламыз, оның бірі автомобильдер мен теміржол вагондарын пароммен тасымалдауға арналған. Осы жаңа көліктік мүмкіндіктердің бәрін ШЫҰ-ның барлық мүшелері пайдаланатын болады, деп ойлаймын.

Ұйым қызметін әрі қарай кеңейту үшін Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының даму банкін құру керек. Бұл әңгіменің айтылып жүргеніне де біраз болды. Алайда, «салмақты жоба - жіті талқылауды қажет етеді»,-дейді Назарбаев. Ал, Қазақстан осы бастаманы әуелден-ақ қолдаған.

Ақордадағы кездесуден кейін ұйымға мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары Тәуелсіздік сарайында Кеңестің шағын және кеңейтілген отырыстарына қатысты. Әуелі сауда-экономикалық және гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды.

Кейін кеңестің кеңейтілген басқосуында ұйымның жобалық қызметі мен Іскерлік кеңес және банкаралық бірлестігі қызметін қаржылай қамтамасыз етудің тиімді тетігін енгізу сияқты істерге айрықша мән берілді. Бұдан басқа, азық-түлік қауіпсіздігі, инвестиция тарту, бизнестің өзара іс-қимылы, көлік және білім беру саласындағы сан түрлі шаруалар да ширатылды.

Қытай мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцян ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамытуға әзір екендіктерін айтты. Сондықтан, көрші ел ауыл шаруашылығы технологияларын тарату және кадрларды дайындауға 50 миллион АҚШ долларын бөлуге ниет білдірді.

Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-Министрі:

Шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыс барысында ШЫҰ кеңістігіндегі сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланды. Өткен жыл ішіндегі Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы қызметінің нәтижесі, сонымен қатар көпжақты ынтымақтастықтың мәселелері қаралды.

Біз ШЫҰ Іскерлік кеңесі мен Банкаралық бірлестігі қызметі туралы ақпаратты тыңдадық. Кездесуге қатысушылар халықаралық мәселелерге және Шанхай ынтымақтастық ұйымын одан әрі дамыту болашағына қатысты ойларын ортаға салып, пікір алмасты.

Біздің Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы аясындағы тәжірибелік ынтымақтастықты жандандыруға қатысты пайымдарымыз бір жерден шықты. Қазіргі жағдайда бұл айрықша өзекті, деп ойлаймын.

Ықпалдастық тұрғысында, Ресей үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведев «Энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін қарастыру үшін ірі өндірушілерді, транзиттік мемлекеттерді және энергия ресурстарын тұтынушылардың ұстанымдарын жақындастыру жолында Энергетикалық клуб алаңын белсенді пайдалану қажеттілігіне ерекше тоқталды.

Ең соңында, Үкімет басшылары алдағы жылдың бюджетін бекітіп, бірқатар құжаттарға қол қойды. Аталған кеңестің келесі отырысы 2015 жылы Қытайда өтеді.

Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу