«Тәуелсіздік толғауынан» қалың жұрттың көңілге түйгені мол - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Тәуелсіздік толғауынан» қалың жұрттың көңілге түйгені мол

21.12.2014
«Тәуелсіздік толғауынан» қалың жұрттың көңілге түйгені мол

Толғауда айтылғандай, 1991 жыл - «Тәуелсіздік алдық, енді оны қалай сақтап тұрамыз?», деген сауал көптің көкейін күпті еткен тағдырлы уақыт еді. Жылт еткен азаттықтың ұшқынын жалынға айналдыру ұлттық борыш болса, оны сөндіріп алу тарихи қылмыс екенін ел де, Елбасы да түсінді.

Сөз жоқ, сол жылдары тіршілік кешкен азаматтарға болашақ ұрпақтың, біздің алғысымыз шексіз. Ол буын өтпелі кезеңде өмір сүрді. Айлап-жылдап жалақы алмады. Зейнетақыларына жете алмай зарықты.

Киер киім, ішер тамақтан тарықты. Қиналды, бірақ, шыдады. Қиын күннің желдей есіп өтеріне шығар күндей сенді. Оларға сол сәт қуат берген бір құдірет болса, ол - Тәуелсіздік болатын. Тұрмысы тұраласа да, егемен ел еңсесін тіктеп кетсе екен деген тілек болды көптің көкейінде. Анталаған ашкөз заманда Қазақстанды қарыстап емес, қарыштап ілгерілеткен міне, осы қасиет, осы жауапкершілік еді.

Бақытын бағалай білетін ұлт үшін бұл Тәуелсіздік - тойдың төресі. Бірақ той болғанда да, концерт көріп, көңіл көтеретін, қымыз ішіп, қызық қуатын той емес. Кешегін бағалап, келешекке көз жіберетін, ойланатын, толғанатын сәт.

Тәуелсіздік – қастерлі ұғым. Оған жету бар да, оны мәңгілік етіп, ұрпаққа аманаттау бар. Президенттің «Тәуелсіздік толғауында» еркіндігіміз бен елдігімізді, өрлігіміз бен теңдігімізді мәңгі ету идеясы басты назарға алынған. Қарапайым халықтан бастап, қоғам қайраткерлеріне дейін бұл толғауды тыңдап толқығаны рас.

Орал Шәріпбаев, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Солтүстік және Шығыс өңірі бойынша вице-президенті:

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тәуелсіздік толғауы» жөнінде көтерген мәселесі, еліміздің, халқымыздың жүрегін толғап өтті. Бүгінгі Қазақстанның ішкі, сыртқы саясатының ешкімге тәуелді болмай, құлдық психологиядан арылып, бүкіл әлемге танылуының бәрі тұрақтылық пен келісімнің арқасында. Халықтың даналығының арқасында ел көркейеді. Біздің мәңгілік ел болуымыз, тәуелсіз ел болуымыз, осы халықтың арқасы.

Әлемді жайлаған дағдарыс тұсында Елбасы уақыт тамырын тап басып тарихи маңызды шешім қабылдады. Ол - «Мәңгілік ел» болу мұраты.

«Ал, қазақстандықтарды бір мүддеге біріктіретін күш, Отанға деген сүйіспеншілік. Бұл – ел болашағы жастардың басты міндеті»,- дейді Елбасы толғауына қатысты пікір білдірген қоғам қайраткерлері. Сондықтан, аянбай еңбек етіп, елдің іргесін қалау білімді де іскер ұрпақтың қолында. 

Қайрат Бодаухан, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің оқытушысы, экономика ғылымдарының кандидаты:

«Мәңгілік ел» бағдарламасы, «Нұрлы жол» бағдарламасы жастардың мәселесіне қатысты. Өйткені, елдің болашағы, істеліп жатқан істердің барлығы осы мемлекеттің жастары үшін. Бірінші жоғары білім алу, үлкен тәрбие алу. Осы екі мәселені қолға алатын болса, біздің болашағымыз зор, деп есептеймін. Елбасының да қойып отырған бірінші талабы - «Мен жастарға сенемін!», дейді.

Қазақ Тәуелсіздігіне небәрі – 23 жыл. Том-томға жазылар тарих қатпарынан қарасаңыз, тым қысқа уақыт. Бірақ, 23 жылда біз жеткен жетістік аз емес.

Болат Көмеков, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, тарихшы:

Бұл тарихи тұрғыдан қарағанда өте қысқа мерзім. Бірақ та біз 23 жылдың ішінде Елбасының арқасында, күш-жігерінің арқасында бүкіл әлемге қазір танымал болдық. Елбасы қазір біздің жердің байлығын, әсіресе, елдің руханиятын келешекке паш етіп, осының бәрінде біздің байтақ жерді сақтау үшін, мемлекеттілігіміздің іргесін қуаттау үшін бәрін жасап отыр.

«Тәуелсіздік толғауы» - идеялар тоғысы. Артта қалған ауыр жылдар мен жасампаз жеңістерге берген бүгінгі күннің бағасы.  Жақсылық пен жаңаға ұмтылып, «Нұрлы жолға» бет алған ұлтымыздың ұпайы түгел.

Президенттің «Тәуелсіздік толғауы» атты ой орамдары келешек ұрпаққа жүктелген аманат. Мемлекет басшысы айтқан ел бірлігі мен татулықты ту еткен сөздер қоғамға ой салып, отандастарымыздың рухын көтерді.

Жарасбай Сүлейменов, қоғам қайраткері, «Солтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы:

Тәуелсіздіктің баянды болуы бүгінгі, ертеңгі жастарға да көп байланысты. Біз оларды елін, жерін сүйетін азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Елбасы осы жайға ерекше назар аударды. Жалпы айтатын болсақ, біз өзіміз куәміз 23 жылдың ішінде еліміз биік белестерді бағындырып, бүкіл әлемге танылып отыр.

Әлемдегі дамыған 50 елдің қатарына қосылдық, енді міне, 30 елдің қатарына қосылып, солармен иық тірестірсек деген ниетіміз бар. Елбасы «Мәңгілік ел» идеясын ұсынды.

Бұл идея ұлттарды жұмылдыратын жасампаздықтың қуатты бір күші. Осының бәрін нақты айтуымыз керек, Елбасының кемеңгерлігінің, даналығының, жансебіл еңбегінің нәтижесі.

Азаттық жолындағы жанкешті қадамдарымыз ақталды. Ол бүгінгі ұрпақтың «Мәңгілік ел» идеясының айналасына бірігуі. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік толғауы» отандастарымыздың кеудесіндегі азаттықтың асқақ рухын күшейте түспек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Тәуелсіздік толғауы»  ұрпақтың жадында жаңғырып, тәуелсіз рухы әрбір азаматтың жүрегінде тербелсін, мәңгілік еліміздің мәртебесі биік болсын, азаттық рухы асқақ болсын, көк байрағымыз көгімізде желбірей берсін, Қазақстанның жұлдызы жоғары, жолы нұрлы болсын!

Айнұр ОМАР   

Хабарламаларға жазылу