«Тәуелсіздік – тарихтың мәңгіге бөліп берген еншісі емес, халықтың мамыражай ғұмыр кешуіне берілген кепілдік те емес. Сондықтан, аңғал болмағанымыз абзал. Өйткені, Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, Тәуелсіздікті мәңгі ұстап қалу одан әлдеқайда қиын.
Бұл Жер бетінде өмір сүрген талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа жөнсіз тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген». Бұл - Мемлекет басшысының сөзі.
Иә, сол бір-бірімізді балақтан тартып құрдымға кетпес үшін, алауыздыққа жол беріп, аңырап қалмас үшін, ел ішіне іріткі салмай ұлттық бірлікте өмір кешу үшін бізге, біздің жастарға, біздің ұрпаққа патриотизм қажет.
Қазақтың Тәуелсіздігі 91-де мылтық атылмай, бейбіт жолмен келді. Бұл – азаттық үшін алысқан мың-мыңдаған азаматтардың қасиетті қанының өтеуі. Бұл – бүкіл тарихында өзгелерге қиянат жасау дегенді білмеген халықтың пейілінің қайтарымы. Ендеше, Тәуелсіздік мерекесі құтты болғай, жеріміз бүтін, еліміз бірлікте болсын!
Астаналық Еларман ұстаз сөзін сыйлайтын зерек оқушының бірі. Оның үйінде екі міндеті бар. Бірі мұқият сабағын қарау, екіншісі, балабақшаға баруға дайындалып жүрген бауыры Әмірге тәуелсіз Қазақ елінің Әнұранын жаттату.
Оларды қадағалайтын – атасы Жолбарыс. Өмір бойы дәрігер болғанымен, зейнетке шығып немерелерінің арқасында ұстаздықпен айналысып жүр. Өйткені, оның түсінігінде бала бойындағы ұлттық рухты қалыптастыратын үйдегі тәрбие, үлкендер көрсететін үлгі-өнеге.
Жолбарыс Әлімқанұлы, Астана қаласының тұрғыны:
Қазақта мынандай сөз бар ғой, Отан отбасынан басталады деген. Ол ұлы сөз деп түсінемін, мен өзім. Екінші бір ұғым болады, бала ұясынан не көрсе, ұшқанда соны алады деген. Отансүйгіштікке тәрбиелеу үшін ең алдымен отбасынан басталып, ол баланың қанына сіңген болуы керек. Жол жөнекей, есейгенде отансүйгіштікке тәрбиелеймін деген өтірік болады.
Бұл отбасында «патриот бол, еліңді сүй», деп айқайлап айтылмайды. Үлкендер елді сүюді үндемей-ақ үйретіп жүр. Жанұя жылуын сезініп өскен баланың бойына елжандылық сезім темірқазықтай қағылар сөзсіз. Оны дамытып, іліп әкетіп, толықтырып отыратын балабақша, содан кейін мектептегі тәрбие.
Балабақша балалары әр таңды Әнұранмен бастайды. Тіпті бірінен-бірі озғысы келіп, қатты айтуға тырысады. Еліміздің кез келген бөбекжайында қазір Мемлекеттік рәміздермен қатар, ұлттық бұйымдар қойылатын бұрыш бар.
Бала патриоттықты да, қазақы дәстүрді де бойына сіңіріп өседі. Тәуелсіздік күніне орай өткізілген мерекеде мына сәбилердің барлығы ортасында күн бейнеленген галстук тақты. Оның өзін зор мәртебе, әрі өздеріне жүктелген жауапкершілік деп қабылдайды.
Ләйлә Тоқтасынқызы, Астана қалалық №68 балабақшасының тәрбиешісі:
Балалар рәміздерімізді біледі. Қазақстанның Тұңғыш Президентін біледі. 1-желтоқсан, 16-желтоқсан күндері салтанатты жиын, тәрбие сағаттарын өткізіп жатамыз. Галстугына еліміздің Туы түскеніне мақтанады олар. Әрқайсысы мақтанып, кейбіріне Ту ортасында болса, кейбірінде шетінде болады. «Мендегі ту тура еліміздегі Туы сияқты», деп мақтанады.
Аспан түсті көк киімдері үстілеріне қона қалған балдырғандар көк Туды қадірлеп, Әнұранды асқақтата айтып өсіп келеді. Олардың сәби санасында Отан деген ұғым ата-анасы, үйі, балабақшадағы достары.
Киелі Тәуелсіздік ұғымын нығайтып, бала бойында патриоттық сезімді оятуда еліміздің мектептері үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Бұл - екінші сынып оқушылары. Бос уақыттарында мұғаліммен бірге кітапханаға келеді. Әзірге бас алмай көркем әдебиетке ден қойған жоқ.
Десе де, білімнің кені кітапта болатынын түйсінуі керек. Білім мен тәрбие біте қайнасып жатқан дүние. Жапырақ жайып өсіп келе жатқан өскінге бірі күн болса, бірі – су.
Шұғыла Ақылбекқызы, ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасы, «Шаңырақ» балалар орталығының жетекшісі:
Президент күні, Тәуелсіздік күні мерекелерінде балаларда «Патриотпын! Қазақпын!», деген сезім бар. «Мен айтайыншы, мен Нұрсұлтан туралы өлең білемін» дейді. Бізде балалар келіп, Астана, Бәйтерек туралы өлең жазған кездері болды.
Қазақша ойын жеткізіп, өздерінің Елтаңбасы туралы, Астана туралы, Назарбаев туралы, «Балалық шағымның аспанын» қайта-қайта көріп, өздері мен де ұшқыш болғым келеді деп өздері 3 жастағы баладан бастап жақсы сезінеді.
Отбасындағы дұрыс тәрбие, сапалы білім, балаға салынған инвестиция. Азат Қазақстанның ертеңін қалыптастыратын осы балалар. Қазіргі оқушының бос уақыты жоқ, шахмат ойнайды, спортпен айналысады, суда балықша жүзіп, конькимен зымырайды. Өйткені, ата-аналар баласының жан-жақты болғанын қалайды.
Индира Омарова, Астана қаласының тұрғыны:
Ата-аналардың көпшілігі, әсіресе, аналар жағы жұмыстан шығып, осы балалармен айналысып жүр. Әр ана бір-бір баланың соңында. Үйірмесіне де тасиды, сабағын да орындатады, тамағын да жасайды, киімін де бүтіндейді.
Әйтеуір сол баламыз мықты болып өссе екен, өзіміз көрмеген нәрсені баламыз көрсе екен, Қазақстанның дамуына үлес қосса екен, сапалы адам, сапалы азамат болса екен деген мақсатпен бәріміз жүгіріп жүрміз.
Тәуелсіз елде туып, ақ таңдарын азаттықпен қарсы алып жүрген балалардың бүгінгі бейнесі осындай. Олар үшін қасиетті ұғым, қастерлі бір сөз бар. Ол – Менің Қазақстаным!
Айнұр ОМАР