Еліміздегі үй-жай нарығының жағдайы қалай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі үй-жай нарығының жағдайы қалай?

07.12.2014
Еліміздегі үй-жай нарығының жағдайы қалай?

Президенттің Жолдауынан кейін ел елеңдесіп қалды. Құлаққа жаққаны - бұйырса төмен пайызбен берілетін арзан баспананың құрылысы. Ай сайынға айлықты қожайынға беретін, ипотекамен үй алуға жағдайы жоқ, жер алуға кезегі ұзақ, амалсыз пәтерден-пәтерге көшіп қамыққан жас отбасылар үшін, әлеуметтік жағынан аз қамтылған жанұялар үшін үміттің шоғы маздады. Қанша шаршы метр үй салынады, бағалары қандай болмақ? Дайын пәтерді қалай делдалсыз сатуға болады?

Астана. Арман қала. Бірақ, аядай ғана шаршы метрлер. Мансабы да, жалақысы да төмен жанға үлкен қаладан үй бұйыру қиынның қиыны. Әркім тығырықтан шығар жол іздейді.

Мемлекет ұсынып отырған бірлі-жарым бағдарлама бар: ол «Қолжетімді баспана-2020», «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» ақша салу немесе жалдамалы тұрғын үй. Оның өзінде ұзын-сонар кезек.

Үйлер қаншалықты жылдам салынса, кезек те соншалықты созылып жатыр. Қарапайым халық та екі жол бар, ипотекамен үй алу немесе жер алып, үй салу. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауда тұрғын үй саласындағы өзекті мәселелерді шешу жолын да ұсынды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайту. Агломерациялар қалыптастыру айтарлықтай тұрғындар ағынымен қатарласа жүреді. Бұл еңбек нарығы мен қалалардың инфрақұрылымына, соның ішінде, тұрғын үй қорына қысым туғызады.

Сондықтан, жалға берілетін тұрғын үй құрылысына көзқарасты қайта қараған жөн. Мемлекет әлеуметтік жалдамалы баспананы салып, оны тұрғындарға сатып алу құқын бере отырып, ұзақ мерзімді жалға ұсынады.

Баспананы тікелей, делдалдарсыз және несиеге барынша төмен пайызбен ұсыну оның сатып алу құнын арзандатуға мүмкіндік береді.

Президент дайын үйді делдалсыз сату туралы айтты. Енді осыған тоқталайық. Құрылыс компаниясы тиісті құжаттарды алып, әкімдік бөлген жерге үй салуды бастайды.

Жеке компанияның көбінде қаржы аз болғандықтан, үйдің қазығы қағылғаннан бастап пәтерлерді сатуға қояды. 2-3 жылда салып бітіруге келіседі. Әлі қабырғасы қаланбаған үйдің бағасы әлбетте арзан болады. Шаршы метрі 800-900 доллар.

Бірінші-екінші қабат көтерілгенде баға 950-1000 долларға жетеді. Үй толық салынып біткенде 1500-1800 долларға жетеді. Алып сатарлар мен ақшасы барлар осы уақытты тиімді пайдаланады. Үйді толық аяқтағанда оның шаршы метрі 2000 доллар болып шыға келеді.

Дер кезінде ақшасы болмаған қарапайым халық 1 бөлмелі, 40 шаршы метрлік үйді 75-80 мың долларға алуға мәжбүр болады. Оған банктің үстеме пайызын қосқанда 20 жылда бұл баға тағы да 2 еселенеді.

Бұл сөзді осы саланың басы-қасында жүргендер де растайды. Ерлан Алшынбаев - құрылыс компаниясының басшысы. Астанада бірнеше тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарды салған. Пәтер сату қазір тиімді бизнеске айналғанын айтады.

Ерлан Алшынбаев, құрылыс компаниясының басшысы:

Олар бір емес, 10-20-ға дейін пәтер сатып алады. Содан кейін тосады. Мысалы, үй көтерілгенде, терезесін бәрін қойып, үйді тапсырып жатқанда көп адамдар дайын пәтер алғысы келеді.

Олар соны күтеді. 1000-нан алатын болса, 1800-2000-нан сатады. Енді оларға не дейсің? Олардың меншік пәтерлері. Олар өздері біледі. Кейбіреулер содан бизнес жасайды. Сол арқылы.

Құрылыс компаниясының көп болғаны нарықтағы бәсекені өсіреді. Бәсекелестік бар жерде сапа жоғарылап, баға төмендеуі де заңдылық. Елбасы Жолдауда халықты баспанамен қамтамасыз ету үшін пайызы төмен несие беруді ұсынды. Оны Үкімет қарап жатыр. Депутаттар да тиісті заң жобаларын дайындауға кірісті. 

Талғат Ерғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Жыл сайын пәтер беріліп жатса да, кезекте тұрған кісі саны азаймай жатыр. Қайта көбейіп жатыр. Екіншіден, мына бағаны бірқалыпты ұстауы тиіс. Ол үшін бәсекелестік керек, нарықта. Құрылыс компанияларының арасында. Құрылыс заттар шығаратын мекемелер арасында.

Үшіншіден, қосымша осы қаланың маңайларынан жол бойында жер беруге болады. Қазір Парламентте Заң қарастырылып жатыр. Азаматтарға жер берілсе, олар 3 жылда игеріп үй салып алса, онда әрине, үлкен бір көмек  болады.

Депутаттың айтуынша, қазір құрылыстың өзі аз-кем дағдарыс жағдайында.  Құрылыс материалдарын шығаратын мекемелер аз. Көбі қыста демалып, көктем шыға жұмысқа кіріседі. Ал, құрылыс жыл мезгіліне қарамай қауырт салынып жатыр.

Тағы бір түйткіл, жұмыс күшінің жеткіліксіздігі. Қазір жұмыс беруші емес, жұмысшы билігін жүргізетін заманға келдік дейді, Талғат Ерғалиев. Өйткені, елдегі көші-қон заңына сәйкес, сырттан жұмысшы әкелуге шектеу қойылды. Ал өз азаматтарымыздың көбі құрылыстан гөрі жылы, жұмсақ жерде жұмыс істегенді жөн көреді.

Қарапайым мысал, құрылыс бригадасы нысанның 1 текше метріне 2 жыл бұрын 7 мың теңге алса, қазір 12 мыңға көтерген. Құрылыс материалының бағасы, электр қуатының қымбаттауы да үй бағасына тікелей әсер ететін фактор. Соған қарамастан, үй бағасы қазір арзандап келеді.

Талғат Ерғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Экономкласс сол мөлшерде тұрады, деп ойлаймын. Қымбат пәтерлер жөнінде айтсақ, олардың арасында қазір аса бәсекелестік жоқ. Сондықтан, қазіргі уақытта сондай биік болып отыр.

Енді бәсекелестік болса, олар түседі. Сондықтан нарыққа көбірек, қорықпай мекемелерді жіберу керек.

Егер халыққа төмен пайызда несие берілсе, үй де алады, үй де салады. Қарапайым жұртты қинайтыны, банк талап ететін алғашқы жарна. Президент Жолдауынан кейін нарықтағы үй саудасы саябырсып қалыпты.

Қазіргі күні сату мен сатып алу күрт төмендеген. Баға Астана мен Алматыда шаршы метріне 1900-2000 доллар. Ал, облыс орталықтарында 800-1000 доллар.

Диас Сабатаев, делдал:

Қазіргі күні Астана мен Алматы қалаларында сауда тоқтап тұр. Әсіресе, соңғы айда. Оған бірнеше себеп бар. Біріншісі, девальвация. Доллар бағасы 25 пайызға өсті. Ал үй бағасы бізде доллармен есептеледі көбіне.

Келер жылы төмен пайызбан үй беріледі деген соң, халық әлденені күтіп отырған сияқты.  Соңғы апталарда Ресейден жылжымайтын мүлік, көлік сатып алу байқала бастады.

Шаршы метрі 2000 доллар, яғни 366 мың теңге шын мәнінде өте қымбат дейді риэлтор. Өйткені, ұсыныс көп, бірақ сұраныс аз.  Үй бағасының өсуіне тікелей әсер ететін факторлар көп.

Бірақ, 10-20 қабатты үй салмай-ақ, айналдырған 1-2 бөлмесіне жөндеу жұмысын жүргізген қарапайым адам миллиондардың қалай, қайда кеткенінің есебіне жете алмай қалады.

Үй алу да, үй салу да қиын заманда тығырықтан шығар бір жол бар. Ол мемлекет берген мүмкіндіктерді пайдаланып, ерінбей еңбек ету.

Ерлан Алшынбаев, құрылыс компаниясының басшысы:

Әр құрылысшы өз қаласын сүйетін болса, патриот болса, әдемі, әсем, жақсы үй салғысы келеді. Ол үйді анам тұратындай, балам тұратындай қылып салуымыз керек.

Әр құрылысшының жауапкершілігі осындай болса, халықта үй де, күй де болады. Үлкен қаладағы үлкен арманның бірі – жарық дүниеге өз үйіңнің терезесінен қарау.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу