Осы жұманың ат құлағы көрінбейтін ақ боранында Астанаға Франция Президенті Франсуа Олланд келді. Алғаш рет. Мемлекеттік сапармен. Қазақ жеріне табаны тиген 1993 жылы Франсуа Миттеран, 2010 жылы Николя Саркозиден кейін келген осымен үшінші Президент бұл.
Франция – Қазақстанға ең көп инвестиция салған Еуропадағы ірінің бірі. Әсіресе, мұнай, уран және ғарыштық зерттеулер саласында қазақ пен француз арасында мәмілелескен жобалар көп, яғни, екі ел арасында миллиардтаған доллар қаржы жүр деген сөз.
Франсуа Олланд Францияның 24-ші Президенті. Билікке 2012 жылы келген саясаткер. Дегенмен, жаһандық ақпарат құралдары Олландтың соңғы кездері сайлаушылар арасындағы беделі төмендеп кеткенін жазып жүр.
Қоғамдық сауалнама нәтижесіне бойынша, ол соңғы жарты ғасырда халық тарапынан ең аз қолдауға ие болған президент атанып отыр. Өткен қарашада саяси мәлімдеме жасаған Олланд ел басқаруда қателіктер жібергенін мойындап, алайда, дағдарысты бастан өткеріп жатқан елде жүргізіліп жатқан реформаларды соңына дейін жеткіземін, деген.
Сондай-ақ, қызметке келген екі жарым жыл ішінде жұмыссыздықты азайта алмаса, келесі президенттік сайлауға түспейтінін де айтқан. Қош. Енді қазақ пен француз тарапы теміржол машиналарын жасау және ғылым-білім салаларындағы ынтымақты мықтай түспек.
Франция мен Қазақстан Президенттері Ақордада екі елдің ынтымағы, сондай-ақ, халықаралық өткір мәселелерді талқылады.
Франция – Еуропадағы ежелгі де салмақты мемлекеттердің бірі. Қазақстан Еуроодақпен тұтас, Франциямен жеке мәнде де саяси-экономикалық ынтымақты мықтап жатыр. Ірі мемлекеттің басшысы мемлекеттік сапармен келгені Қазақстанның жиһан саясатында орыны мен беделіне салмақ қосқанын аңғартса керек.
Ақорда. Ресми қабылдау, Әнұрандар, сән-салтанат. Дәстүрлі шарадан соң президенттер оңаша кездесіп, пікір алмасты. Қазақ-француз қарым-қатынасына бұл заманғы көпірді 1993 жылы Франсуа Миттеран салған еді, Франсуа Олланд жалғап отыр.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Содан бері дамып келе жатқан қарым-қатынастарымыз бүгінде стратегиялық серіктестік деңгейінде. Сізбен бірге іскер топ өкілдерінің үлкен бір қауымы келгеніне қуаныштымын. Біздің кездесуіміз қарым-қатынастарымызды әрі қарай ілгерілетуге ықпал етеді, деп сенемін.
Франсуа Олланд, Француз Республикасының Президенті:
Егер кейінге үңіліп, Қазақстанның Франсуа Миттеранның сапарынан бергі жүріп өткен жолына қарайтын болсақ, бүгінде бұл дамып, нығайып келе жатқан мүлде басқа ел.
Біз Ресей мен Еуропа елдерінің арасындағы қарым-қатынастың ширығуы байқалып отырған уақытта кездесіп отырмыз. Мен мұның түйіні шешілгенін қалаймын, ал, бұл орайда Сіздің ел айрықша рөл ойнайды.
Украина жеріндегі от Ресей мен Еуроодақ һәм АҚШ арасын ушықтырып жіберді. Бұл туралы Президенттің пікіріне сәлден соң ораламыз. Президенттердің жеке кездесуіне соң екі тараптың ресми өкілдері кең құрамда кездесіп, келіссөздерді жалғады. Инвестиция, ғарыш, технология, білім-ғылым салаларындағы ынтымақ мәселелері талқыланды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан, соңғы бес жылда екі елдің тауар айналымы екі есеге артты. Былтыр оның жалпы сомасы алты миллиард доллардан асты.
Біздің экономикамызда француз бизнесі салған инвестиция он бір миллиард доллардан асып отыр. Қазір Қазақстанда француз капиталының үлесі бар жүзден астам компания жұмыс істейді, олар энергетика, машинажасау, көлік, фармацевтика, ғарыш, құрылыс салаларында қызмет етуде.
Франсуа Олланд, Француз Республикасының Президенті:
Мен Нұрсұлтан Назарбаевтың елді дамыту және еуропалық, еуразиялық серіктестерімен қатынастары жөніндегі бастамаларына әрқашан қолдау көрсетіп отырамын. Бүгiн менімен бірге үлкен делегация келді.
Бұл Францияның Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға деген қызығушылығын көрсетедi. Қазақстан тек экономикалық тұрғыдан дамып қана қоймай, саяси, дипломатиялық рөлiн де күшейтті. Көрші елдердің бәрімен тең дәрежеде келiссөздер жүргiзiп отыр. Ірi саяси оқиғаларға да ықпал ете алатын елге айналды.
Саяси ықпал жетекші елдердің еншісіндегі іс. Енді алдында айтқан Ресей мен Украина, Еуроодақ һәм АҚШ арасындағы текетіреске қайта оралайық.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен ешкімнің, оның ішінде Путиннің де қорғаушысы болып сөйлегім келмейді. Дегенмен, менің объективті талдауым бойынша, Ресейде де Украинадағыдай «көктемді» ұйымдастыру сәтсіздікке ұшырады. Ақыры «Қырым көктемімен» аяқталды.
Ресейдің күшін жете бағаламау жөн емес. Аумағы жағынан бұл ең ірі, әрі бай мемлекет. Санкция салдарынан біраз табысынан айырылғанымен, газ, мұнай және өзге де байлықтары өз қолында.
Ресейдің ішкі жағдайына келсек, халқы Путинге зор қолдау көрсетіп отыр. Батыста айтылып жатқан пікірлерге қарамастан, ол бүгінгі күннің либералы. Ал, Путиннен кейін не болатынын, ұлттық патриотизм қандай деңгейде қалатынын, мүмкін коммунистік реваншизм бола ма, ол туралы ешкім ештеңе айта алмайды.
Бір-бірімізді тығырыққа тіреу жақсы нәрсе емес. Сондықтан, мәселені кеңірек қарастырып, мүмкіндіктерді іздестіру керек.
Ресей Қазақстанның стратегиялық серіктесі, біз достық пен өзара сенімге негізделген қатыста болуымыз керек, деді қазақ Президенті. Біздің жерде 3 миллион орыс тұрады, ал, көршіде 2 миллион қазақ бар. Қазақстан этникааралық татулыққа терең мән беріп отырған ел. Тіл мен дін еркіндігі, дәстүр-салт ұстанымы еркіндігінің кемі жоқ.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстанда адам құқықтары Еуропаның кейбiр елдерiне қарағанда жан-жақты қорғалған, деп айта аламын. Ол елдерде этникалық принциптер бойынша тыйым салынатын заңдар қабылдануда. Ал, Қазақстанда бүгінгі күні 100 ұлт пен халық тұрып жатыр.
Олардың құқықтары тең, тiлдерi, мәдениеттерi қорғалған. Мектептер 18 тiлде оқытады. Елiмiзде 40 дiни конфессия емiн-еркiн жұмыс iстеуде. Мешiттер бой көтерiп, синагогалар мен шiркеулер салынып жатыр.
Яғни, адамның негiзгi құқықтары, жұмыс iстеу, өмiр сүру бостандығы, баспанаға ие болу, жақсы тұрмыс құру - мұның барлығын қамтамасыз етiп отырмыз.
Ынтымақтың беки түсуі елмен елдің араласына байланысты. Франция Қазақстанмен визасыз қатынас орнатуды ойлайды.
Франсуа Олланд, Француз Республикасының Президенті:
Біз қазір Қазақстан мен Франция арасына визасыз тәртіпті енгізу жөнінде жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Әрине, туристердің көп келгенін біз де қалаймыз. Сондықтан, жеңілдетілген әкімшілік рәсімдерді қамтамасыз етуіміз қажет. Менің ойымша, Қазақстан үшін визасыз тәртіпті іске қосу дұрыс қадам деп санаймын.
Франсуа Олланд сапары кезінде қазақ-француз бизнес форумы және қазақ-француз университеттерінің форумы да қатар өтті. Нұрсұлтан Назарбаев пен Франсуа Олланд сол форумға қатысқан көптің алдында сөз сөйлеп, сәттілік тіледі.
Екі жақтың іскерлері 15 коммерциялық келісім бекітті. Құны 530,3 миллион доллар. Ал, университеттер форуымында 20-дан аса келісім бекіді. Ғылыми ынтымақ үшін.
Брэндан Макмэхон, «Tоtal E&P Kazakhstan» компаниясының бас директоры:
Қазақстан – компаниямыздың қызығушылығын арттырған белсенді ел. Біз сіздерге инвестиция салсақ, дейміз. Қашаған мұнай жобасында біздің үлесіміз бар. Біздің мақсат – Қазақ елінде бизнесімізді дамыту.
Былтыр Президент Назарбаев шетелдік бизнес өкілдері үшін Қазақстанда инвестициялық климат жақсаратынын айтқан. Сондықтан, компаниямыз Қашаған сияқты ірі жобаны іске асыруға қосымша қаржы құюға дайын.
Ерлан Сағадиев, ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары:
Бірлескен компанияларды ашамыз деп отыр. Технологияларды әкелеміз деп отыр. Ақшасын, инвестиция саламыз деп отыр. Бірнеше жобаны бізге айтып түсіндіріп, бізге технологияларды көрсетіп, енді өздері жұмыстарын іске асырып жатыр. Енді, ол телекоммуникациялар да бар. Сосын денсаулық сақтайтын IT технологиялар, Сосын бізге әкелген жаңа технологияларды әкеліп жатыр.
Париждің атақты Сорбонна университетінің филиалы Алматыда ашылды. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің жанында. «Сорбонна - Қазақстан» институты бүтін аймақта алғаш ашылып отыр. Жаңа институтты екі президент салтанатты түрде ашты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Елімізде білім беру саласын көтеру – дамудың басты басымдығы. Қазақстан осы саланы ең озық әлемдік стандарттарға жеткізуге бағыт алды.
Білім үйі француз жазушысы Марек Хальтердің еңбегімен ашылып отыр. Сорбонна адамдарының келісімін алған осы қаламгер. Танымал қоғам қайраткері жетпіс жыл бұрын, сұрапыл соғыс жылдарында Қазақстанға келгенін тебірене еске алады. Қазақтың мейіріміне сол кезде басымды игенмін, дейді.
Марек Хальтер, әлемдегі Франция университеттерінің президенті:
Алматыға келгенімде мен танымайтын бір қарияның алдыма шелпек қойып, аштықтан арашалап қалғаны әлі есімде. Содан бері талай жыл өтті, бірақ қазақ халқына әлі алғысымды білдіргенім жоқ.
Бұл жоғары оқу орнының Қазақстанда ашылуы пейілі кең жұртқа менің кішігірім тартуым деп түсінген жөн. Біз Франция мен Қазақстан арасындағы ағарту саласындағы достықтың негізін салдық.
Биыл жоғары оқу орнына екі кезеңдік іріктеуден кейін алпыс магистрант қабылдады. Алғашқы шәкірттер грант негізінде тегін оқиды. Олар да Президенттермен кездесіп, ризашылық білдірді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Француз президенті қолдау танытпаса, жоғары оқу орны болмас еді. Енді міне, сіздер ел үшін жұмыс істейтін боласыздар.
Студент:
Біз екі бірдей жоғары оқу орнының дипломын алып шығамыз.
Студент:
Елбасына бізге мұндай мүмкіндік бергені үшін рахмет!
Келер жылы студенттер саны үш жүз, төрт жүзге жетуі мүмкін. Өйткені, талапкерлер тек Қазақстан емес, Орталық Азияның өзге елдерінен де қабылданады.
Бастапқыда Сорбонна университетінің он профессоры кезек-кезек дәріс оқиды. Медицина, ауыл шаруашылығы, тарих, әдебиет, маркетинг мамандықтары бойынша.
ЕркінТАҢАТҚАНҰЛЫ
Жайнагүл ТӨЛЕМІС