Бұл осымен нешінші Жолдау? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бұл осымен нешінші Жолдау?

16.11.2014
Бұл осымен нешінші Жолдау?

Ел экономикасында қазақ кәсіпкерлерінің арқалайтын жүгі ауыр. Бірақ, бүгінге дейін олардың көбі жүк арқаламақ түгілі өз басын әзер алып келген. Қаптаған қағаз, бітпейтін тексеріс кәсіпкерлерді әбден діңкелеткен еді.

Президенттің биыл ақпандағы шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жариялауы - олардың кәсібіне қан жүгірткені анық. Елдегі 1 миллион 500 мың кәсіпкер үшін мемлекеттің жақсылығы тек бұл емес.

Биыл да шағын және орта бизнеске, ірі кәсіпкерлікке жеңілдікпен несие беру үшін қосымша 100 миллиард теңге бөлінетін болды. Бұл тамақ және химия өнеркәсібі мен машина жасау жобаларын жүзеге асыруға зор мүмкіндік.

Бұған дейін Ұлттық қордан кәсіпкерлікті қолдауға 100 миллиард  теңге бөлінген еді. Қаржы далаға кетпей, 4,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Енді Президент шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай ЖІӨ 50 пайызына жеткізуді тапсырды.

 Сондықтан, 2015-2017 жылдары 155 миллиард теңге несиені Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, Еуразиялық Қайта құру және даму банкі береді.

Айбек Қобдабай, тілші:

Жалпы, Мемлекет басшысы еліміз егемендігін алып, еңсе көтергелі осы жолғысын қосқанда 19 рет халыққа Жолдау арнаған екен. Мен осы аптада соның бәрін қайтадан бір шолып шығуға тырыстым.

Ең бастысы, Президент сонау 1997 жылы жасаған алғашқы Жолдауынан бастап күні кешеге дейінгі халыққа арнаған Жолдауларында шағын және орта  кәсіперліктің өрісін кеңейтуге қатысты ойға оқтын-оқтын тоқталып, осы саланы өркендетуге жіті мән беріп келген.

Ал, бұл жолғы Жолдауда Президент Үкіметке шағын және орта бизнесті экономикалық өсудің драйвері ретінде дамытуды тапсырды.

90-шы жылдардағы тоқыраудан кейін тұрақты дамыған саланың бірі шағын және орта кәсіпкерлік. Қазір елдегі еңбекке жарамды халықтың 32 пайызы яғни 2,7 миллион халық дәл осы сектордан нәпақа тауып жүр.

Ал, бизнестің тасын өрге домалату үшін билік қолдан келген көмегін ешкімнен аямады. Салықтың салмағын азайтты. Қаптаған қағазбастылықты заңмен шектеді. Сосын кәсіпкерлердің жоғын жоқтап, мұңын тыңдайтын арнайы құрылым жасақтады.

Ерлан Әбіл, экономика ғылымдарының кандидаты:

Қазақстанда Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылып, оның басты мақсаты - бизнес пен мемлекеттің арасында көпір болып, бизнеске жағдай жасайтын механикалық тетіктерді тауып, соны Үкіметке ұсыну. Екінші жағынан бізде шектен тыс тексеру немесе қажетсіз тексеруден қорғау бұл прокуратураның мойнында.

Тексеру демекші, бизнесті берекелі ету үшін билік Тәуелсіздік жылдары бір емес, бірнеше рет мораторий жариялады. Бұл шара тырнақ астынан кір іздеп, тиын-тебен дәмететіндердің жолын сап тиып, кәсіпкерлердің кем-кетігін түзеп алуына жол ашты.

Осындай қамқорлықтың арқасында бизнестің қыр-сырын игеріп, өз ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкердің бірі – семейлік Ерлан Өміржанұлы. Қаладағы қараусыз қаңырап қалған ғимараттарды әкімшіліктің көмегімен өз жауапкершілігіне алған ол арнайы дүкендер желісін ашқан.

Ерлан Өміржанұлы, кәсіпкер:

Бұл ғимаратты алудағы негізгі мақсатым – осы қаланың шет аймағынан бір жақсы төмен бағада, тұрақты бағада азық-түлік сататын сауда орталығын ашу болатын. Яғни, бұл жерде осы мемлекеттің әртүрлі бағдарламасының арқасында бұл ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 63 адамға жаңа жұмыс орны ашылып, осындай сауда орталығы іске қосылып отыр.

Бұл сауда орталығының басқа сауда орталықтарынан айырмашылығы ешбір делдалсыз осы ШҚО-да өндірілетін тауарлардың барлығын сауда сөрелеріне қойып, халыққа ешбір делдалсыз ұсыну. Бұл дегеніңіз, өңірімізде бағаның кішкене боса да тұрақтануына әсер етеді, деп ойлаймын.

Кәсіпкерлік кез келген елде экономиканы демеуші сала саналады. Бизнестің дамуы елдің дамуына, әлеуметтің әл-ауқатын арттыруға негіз. Сол себепті Президент кәсіпкерлікті дамытуға үнемі назар аударып, Үкіметке қажетті жағдай жасауды ұдайы тапсырып отырады.

Тіпті экономикалық дағдарыстарда да кәсіпкерлердің еңсесін түсірмей, қолдау көрсетті. Елбасының былтыр Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлу жөнінде қабылдаған шешімі осы сөзімізге дәлел. Сол қаржының 500 миллиард теңгесі биыл 438 кәсіпкерге үлестіріліп, олар өз кезегінде 4,5 мың жаңа жұмыс орындарын ашты.

Ғабит Лесбеков, «Даму» қорының басқарушы директоры, басқарма мүшесі:

Сол 500 миллиардтың 100 миллиарды осы қайта өңдеу саласындағы шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыруға яғни, жеңілдетілген несие беруге берілген болатын.

6 пайыздық мөлшерлемемен 10 жылға берілген несие. Яғни, мұндай мөлшерлеме ТМД-да болмаған. Неге десеңіз, ҚР-ның инфляция деңгейінен төмен мөлшерлемемен берілетін қаражат.

Қазір шамасы келсе, екінің бірі шағын және орта бизнеспен айналысып, мемлекет ұсынатын қаржыға ұмтылады. Бірақ, бұдан бәрінің шаруасы өрге тасып, ісі оңға басып кетеді деген ой тумауы тиіс.

Қаражат болса, қалғанын қатырамын деп істің байыбына бармай, шолақ ойлау опық жегізеді. Ал, кәсіпкерлік қажыр-қайратпен бірге тынымсыз ізденісті талап етеді.

Бәсекеге қабылетті өнім өндіру, оны өткізу, өндірісті озық технологиямен жабдықтау қиынның қиыны. Міне, осы міндеттің үдесінен шығамын, деушілерге Мемлекет қашанда қамқор екенін Президент осы жолғы Жолдауында тағы да айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шағын және орта бизнесті экономикалық өсімнің драйвері ретінде дамыту және оның үлесін 2050 жылға қарай Ішкі жалпы өнімнің 50 пайызына жеткізу бойынша жұмысты жалғастырған жөн.

Сондықтан, шағын және орта бизнес үшін 2015-2017 жылдары жалпы сомасы 155 миллиард теңгелік несие желілерін мейлінше тиімді пайдалану қажет. 

Қазір қазақ еліндегі шағын бизнес шығаратын өнімнің көлемі 9 триллион теңге. Бірақ, оның 60 пайызы сауда-саттықтың үлесінде. Әзірге, арзан бағаға азық-түлік сатып жүрген Ерлан Елбасы Жолдауынан кейін дайын өнім шығаратын өндіріс ашпақ ниетте.

Ерлан Өміржанұлы, кәсіпкер:

Алдағы уақытта менің өз жоспарым осы сауда орталығын ғана емес, сауда орталығының тағы бір бөлігін күрделі жөндеуден өткізіп отырмын бүгінгі күнде. Енді осы Елбасының айтып отырған Жолдауындағы алдағы бөлінетін қаражатты 2015-2017 жылдары тағыда қосымша қаражат алып, сол жаңағы күрделі жөндеуден өткізіп отырған ғимаратқа шағын бір өндіріс орталығын ашам ба деген ойым бар.

Жолдауда айтылған шағын және орта бизнеске бөлінетін қыруар қаржы кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие ретінде үлестіріледі. Ал, бизнес өкілдері болса, бұл ақшаны сауда-саттыққа салмай, тамақ және химия өнеркәсібі, машина жасау мен қызмет көрсету саласында тың жобаларды жүзеге асыру үшін пайдалануы тиіс.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу