Билеуші партияның кеңейтілген отырысы аяқталар деген тұста, Президент үзіліс беріп, 10 минуттан соң тосыннан мәлімдеме жасады. Жылда қаңтардың басында немесе бірнеше күн бұрын ескертілетін Жолдауын Елбасы ерте жариялады.
Сөйтіп, халықты өзіне қарашада қаратқан биылғы Жолдау – «Нұрлы жол» деп аталды. Жаңа экономикалық саясат - жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы тұра алатын ауқымды бағдарлама болмақ.
Қауіп-қатерді бекер айтқан жоқпыз. Жұмыр жер тағы да экономикалық дағдарыстан дүрлігіп тұр. Әлемнің әлжуаз елдері түгілі, экономикасы әлді Батыс елдерін бүгінге дейін бірер мәрте бүріп үлгерген бұл дағдарыстың қой аңдыған қасқырдай аула сыртында бізді аңдып жатқанын сіз де жақсы түсінесіз.
Сонымен, Мемлекеттің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев дәстүрлі Жолдаудың үрдісін үзіп, неге бұрын жариялады? Жаңа экономикалық саясатты жедел қабылдауға не жағдаяттар себеп?
Жайнагүл Төлеміс, тілші:
Дамушы елден дамыған елге өтудегі жол қаншалықты ұзақ? Бірнеше одаған жыл деп ойласаңыз, кеш қалғаныңыз. Әлемдік архитектура қазір өте жылдам өзгеріп жатыр.
Енді бір он жылдан кейін мүмдем жаңа көшбасшы елдердің шоғыры қалыптаса бастайды. Біз сол санатта боламыз ба, ол қазіргі саяси шешімдердің ұтымдылығына байланысты. Осы аптада Елбасы халыққа Жолдау арнады, жаңа жолды нұсқады.
Халықаралық валюта қоры жуырда іргелі зерттеудің қорытындысын жариялады. Әлемнің таңдаулы экономистері мен сарапшылары әзірлеген құжатта жаһан алдындағы жаңа қатерлер аталады.
Алдымен, дамыған елдердің әділетсіз қаржы саясаты айыпталыпты. Іле-шала Украинадағы ахуал, Таяу Шығыстағы тұрақсыздық, тіпті «Эбола» індеті жаһандағы тұрақты экономикалық дамуды тежеп отырғаны айтылады. Еуроодақ экономикасының ілгерілеуі өте баяу.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүгінде бүкіл әлем жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Әлемдік экономика әлі де жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс салдарынан айыға қойған жоқ. Қалпына келу өте баяу және сенімсіз қадамдармен жүруде, ал кейбір жерлерде әлі құлдырау жалғасуда.
Қазақстан – әлемдік экономиканың бір бөлшегі. Алып мұхиттағы дауыл да, толқын да қапыда қалған жалғыз жұрнақ кеменің ескегін сындырып, қалқанын қайыруы мүмкін.
Оның үстіне еліміз дәл қазір геосаяси қысымның кіндігінде отыр. Бұл Украинада мүддесі тоғысқан алыптардың арбасуы. Біріншіден, біз бұл елден алыс жатқан жоқпыз.
Екіншіден, әлемдік нарықта шикізат бағасы құлдырап барады. Бағаның бұлғақтауы да жасырын саяси ойындардың салдары. Содан экономикасы шикізатқа тәуелді Қазақстанның қазынасы толмай жатыр.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз теріс үрдістердің алдын алу үшін барлық ықтимал шараларды жедел қабылдауға тиіспіз. Менің тапсырмам бойынша, Үкімет белсенді жұмысқа кірісіп кетті.
Біз 2015 жылға арналған республикалық бюджеттің параметрлерін қайта қарадық. Бұл дұрыс, өйткені, біздің экспорттық шикізат ресурстарына бағаның құлдырауы бюджеттің кіріс бөлігіне қаржы түсуін төмендетуге алып келуде.
Экономикаға келер қауіп мұнымен бітпейді. Жетекші алып елдер қазір санкциялық саясатты сәнге айналдырды. Ырқына көнбеген, айтқанымен жүрмеген елдердің қаражат келер қан тамырын бітеп, сандалтып қоятыны бар.
Бұл жөнінде Елбасы сонау Гаагада өткен халықаралық саммит кезінде ашына айтты да. Қосарлы құқықтық стандарттар, халықаралық нормалардың алалап орындалуы мұның барлығы-жаһандық әділетсіздіктің жұрнағы. Айналып келгенде көрші елге қатысты санкциялар - бізді де айналып өтпесі хақ.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Геосаяси дағдарыс пен жетекші елдердің санкциялық саясаты әлемдік экономиканы қалпына келтіруде қосымша кедергілер туындатуда.
Ендеше, ырғалып-жырғалатын кез емес қазір. Қазақ үшін сын сағат. Күрделі кезеңнен сәтті өтсек, бағымыздың жанғаны, іштей араздасып кертартпа қылыққа бой алдырсақ, мәңгілікке сорымыз.
Бірақ, жаһандағы барлық елдер осы күрделі кезеңнен лайықты өте алмайды. Бұл шептен тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халқы бар мемлекет қана өтеді. Сондықтан, билік ұзақ ойланды. Ойланды да жаңа экономикалық саясатты таңдады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк 2014 жылы және одан кейінгі екі жылда әлемдік экономиканың дамуы баяулайтынын айтады. Сондықтан, кейбір позицияларды жедел түрде қайта қарап, алдағы кезеңдердің жоспарын түзету керек. Бірақ, соған қарамастан, барлық әлеуметтік міндеттемелер толық көлемінде орындалады.
Жаңа экономикалық саясатты жүргізу үшін Үкімет ауқымды бағдарлама түзді. Жаңа сын-қатерлерге қарсы тұратын қалқан, Қазақстанның «Нұрлы жол» деп аталатын жаңа экономикалық саясаты.
Президент келер жылға арналған Жолдауды осыған арнады. Және жалпыхалықтық жоспарды жылдағыдан ерте жеткізді. Бұл саясат экономикамыздағы құрылымдық реформаларды жалғастыруға бағытталады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Осы жылдардың бәрінде шикізат өндіру мен одан түскен табыстарды біз осы Ұлттық қорға салып келдік. 10 миллиард долларды біз 2007-2009 жылдардағы дағдарысқа қарсы күреске бағыттадық.
Қалған қорды ішіп-жеп және жұмсап қойған жоқпыз, сақтадық, көбейттік. Қазір біз осы резервтерді пайдалануға тиіспіз. Бұл қаржы қиын кезді еңсеріп, экономикамыздың өсімін ынталандыруға көмектесетін болады.
Естеріңізде болса, ақпан айында Ұлттық қордан экономикаға 1 триллион теңге бөлу туралы шешім қабылданды. Сол қаражаттың бірінші траншы 500 миллиард теңге игерілді. Енді тағы 500 миллиард теңге Президент тапсырмасымен мына мақсаттарға бағытталады.
100 миллиард теңге ірі, шағын және орта бизнесті несиелендіру үшін кәсіпкерлерге беріледі. Бірақ, қарыз тек тамақ, химия өнеркәсібі, машинақұрастыру және қызмет көрсету саласына ғана бағытталады.
Тағы 250 миллиард теңге қаржы секторына дәлірек, отандық банктердің қайтпаған қарыздарын азайтуға бөлінеді. Үкімет бұл шара арқылы екінші деңгейлі банктердің жағдайын түзеп бермек.
81 миллиард теңге «Қорғас – Шығыс қақпасы» мен Атырау мен Тараздағы «арнайы экономикалық аймақтарға» жұмсалады. 40 миллиард EXPO ғимараттарын салып жатқан кәсіпкерлерге қарызға беріледі. 29 миллиард теңгеге Астана әуежайы кеңейтіледі.
Бұл жаңа «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыруға жұмсалатын қаражаттың бір бөлігі. Анығында Үкімет жыл сайын Ұлттық қордан 3 миллиард доллар қаражат бөліп отыруды жоспарлап отыр.
Қомақты сома жол салуға, инфрақұрылымдарды жаңартуға жұмсалады. Үкімет бір аптаның ішінде тиісті шешімді қабылдауы керек. Үш жылда бөлінетін 9 миллиард доллардың тиімді жұмсалуын арнайы комиссия және «Нұр Отан» партиясы жіті бақылайды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Үкіметке Ұлттық қордан бөлінген қаржының тиісті бағыттар бойынша тиімді және орынды жұмсалуын қамтамасыз етуді жүктеймін. Әрбір теңгенің қатаң сұрауы болады.
Тағы 9 миллиард долларды Қазақстанға халықаралық қаржы институттары бергелі отыр. Бұл несие көздері 90 жобаны қаржыландыруға жетеді. Ұлттық қордан бұған дейін бөлінген бір триллион теңге, алдағы үш жылда Ұлттық қордан бөлінетін тағы 9 миллиард доллар, халықаралық қаржы институттары аударатын 9 миллиард доллар бұл жиынтық сомма - 24 миллиард доллар өтпелі кезеңде экономикаға серпін береді, сырттың ықпалынан қорғануға күш береді. Сөйтіп, Ұлттық қор тағы да қиын кезде елге сүйеу болмақ.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тоғыз миллиард, тоғыз миллиард, оған 6 миллиард долларды қосыңыз, барлығы 24 миллиард доллар экономикаға жұмыс жасайды.
Осынша қомақты қаражаттың сүбелі бөлігі жол салуға жұмсалады. Ұшқан құстың қанаты талатын атырапқа тармақты жолдар тарайды. «Нұрлы жол» Астана мен аймақтарды байланыстырады. Одан әрі аймақты аймақпен қосады.
Жайнагүл ТӨЛЕМІС