Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының 80 жылдығына орай салтанатты пленум өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының 80 жылдығына орай салтанатты пленум өтті

09.11.2014
Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының 80 жылдығына орай салтанатты пленум өтті

Әрісі әлемнің, берісі алаштың рухани мұхитына арна боп қосылған Қазақстан Жазушылар одағына - 80 жыл! Апта басында Алматыда салтанатты пленум өтті. Елбасының мерейтойға арнаған тілегін Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев зиялы қауымға жеткізді.

Елбасы Жазушылар одағы 700-ден астам қазақстандық ақын-жазушының басын қосқан еліміздегі ең алғашқы һәм ең ірі шығармашылық бірлестік екенін, мемлекет Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен жазушыларға қолдау білдіріп келе жатқанына тоқталған.

Мәселен, «Әдебиет» саласындағы Мемлекеттік сыйлық бар, жас таланттарға «Дарын» жастар сыйлығы беріледі. Қаламгерлерге Президенттік және Мемлекеттік стипендиялар тапсырылады. Үздік авторлардың жүздеген кітаптарын шығару игі үрдіске айналды», – делінген құттықтау хатта.

Қазақ руханияты мен әдеби бай қазынасының алтын қазаны болған Қазақстан Жазушылар одағының 80 жылдық мерейтойы айрықша тойланды. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында ине шаншар жер болмады.

Алыс-жақын шетелдерден арнайы келген қонақтар, көзі тірі классик ақын-жазушылар мен әдебиет көгіне енді самғаған жаңа буын өкілдері еліміздің әр түкпірінен арнайы ат басын бұрып мерейлі шараның ортасын толтырды. Жиында одақтың 80 жылдық тарихы ғана емес, қалыптасуына еңбек сіңірген тұлғалар еске алынды.

Салтанатты шараға қатысушы шетелдік қаламгерлер Елбасыға арнайы хат жолдады. Қытай, Түркия, Ресей және басқа да елдерден келген ақын-жазушылар тарихи жадыны сақтау, ұлттық құндылықтарды келісім мен сенім рухында қалыптастыру саяси тұрақтылықтың негізі болып отырғанын атап өткен. «Қазақстан – 2050» стратегиясын көздеген ел көшбасшының көрегенділігінің арқасында ХХІ ғасыр - Қазақстан үшін «Алтын ғасыр» болатынын да тілге тиек етті.

Мәжит Акбар, жазушы /ҚХР/:

Ел ағасы Назарбаев ағамыздың Қазақстанды дербестікке шығарып жүргізіп келе жатқан күнге ризамыз. Сонда мен ойлаймын, бір елді көтеру экономикаға, онан соң әлеуметтік істер, соның ішінде ең нәзік жері - әдебиет.

Әр жерден келген әдебиетші, қаламгерлер, осы кісілер мұнан кейін де Қазақстан бейбітшілігін, осындай еркіндігін, бақытты ғұмырын қалам ұшымен дүниеге таратады. Мен бұған ризамын.

Спартак Ильясов,  Башқұртстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, РФ:

Түркі дүнияны бірге ұйыстырып тұрудың уәкілі сіздің Президент - Нұрсұлтан Назарбаев. Ол өзінің абыройы менен Түркі дүниясын бірлестіруді зор ұран тұтып тұр. Біз оған ұлы рахматымызды айтамыз.

Қара сөздің құдіретін ұғынар зиялы қауым қазақ жазба әдебиетінің атасы Хәкім Абай ескерткішіне тағзым етуден бастады. Жазушылар мен мемлекет қайраткерлері ұлттық әдебиетімізге көрсетілген құрметтің белгісі ретінде гүл шоғын мәрмәр тұғырға  салтанатпен қойды.

Мұнан соң, әдебиет мерекесі Ұлттық кітапханада өткен ауқымды кітап көрмесімен жалғасты. Мерейтой аясында қазақтың белгілі фотосуреткері Сайлау Пернебаевтың туғанына 75 жыл толуына орай «Тосыннан түсірген Сайлау Пернебаев!» атты жазушылар өміріне арналған фотокөрме өтті.

Тарихқа зер салсақ,  Қазақстан Кеңес жазушыларының бірінші съезі 1934 жылы өткен. Осы съезден хабар беретін тарихи стенограмма да көрменің шырайын кіргізді.

Сол тұстағы жазушылар ұйымына тұтқа болған Сәкен, Ілияс, Бейімбет айналасына топтасқан Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин тәрізді ұлт көркемсөзінің ірі өкілдері Жазушылар одағын ұлт руханиятының киелі төріне, сөз өнерін шыңдаудың шынайы мектебіне айналдыра  білді.

Ат аунаған жерде түк қалса, алыптар өткен жолдан сәулелі естелік қалады. Бұл «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Алтын қорында сақталған, өткен ғасырда жазылған әдебиет корифейлерінің кадрлары.

Тау алыстаған сайын биіктейтіні сияқты, бұл алтын дауыстар мен асыл бейнелердің құны күн өткен сайын арта түсері ақиқат.

Якуб Омароғлы,  Еуразия Жазушылар одағының төрағасы, Түркия:

Олар қиын кезеңдерде қазақ тілі үшін ең қиын кезеңдерде жұмыс атқарған кісілер. Олардың тойында да осы рух, осы пікір сезіліп отыр. Мен осыған өте ризамын. Той құтты болсын! Келешекте қазақ әдебиетінен үлкен жазушылар шығады, бұрын да шыққан.

Жазушылар одағының құрылуымен «Қазақ әдебиеті» газеті өмірге келді. Қай кезде де қазақпен бірге қайысқан, қазақпен бірге қуанған басылым - ұлттық әдебиет пен мәдениеттің әр кезеңде кешкен күйі мен жүрген жолының айнасы.

Қазақ Ұлттық университетінің әл-Фараби кітапханасында газеттің  80 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті. «Қазақ әдебиетіне» шығу - абырой болса, Одаққа мүше болу - мәртебе болған дәстүр жалғасуда.

Илтер Йешилай, Түркия Білім және ғылым министрінің кеңесшісі, жазушы:

Тауқыметі мол, азабы зор шығармашылық еңбектің биігінен көріну әр қаламгердің арманы. Осы ұлы мұратқа қызмет етіп келе жатқан Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақ әдебиеті» басылымының қабат келген мерейтойымен құттықтаймын. Қазақ елінен әлем жұртын елең еткізер, ең бастысы, адамзатқа ой салар, ұлттық өрлеуге үлес қосар шығарма күтеміз.

Қазақстанның көркем әдебиеті бүгінгі таңда рухани жасампаздықтың маңызды рөлін іске асырған жетекші құрал. Ал,  Отанымыздың ұлы ойшылдары іргетасын қалаған Жазушылар одағы ХХІ ғасырдағы шығармашылық қызметін ел игілігі жолында жалғастыра бермек.

Дәурен ДАРИЯБЕК

Хабарламаларға жазылу