«Нұр Отан» жемқорлықпен күреске белсене кірісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Нұр Отан» жемқорлықпен күреске белсене кірісті

02.11.2014
«Нұр Отан» жемқорлықпен күреске белсене кірісті

Кез келген қоғамды іштен ірітетін бір індет бар. Жемқорлық деген. Емі табылар емес. Керісінше, сол індетке «шалдығушылар» көп. Шалдыққандарды көре тұра, бойлақтарын аулақ салмақ түгілі, жемқорлық дейтін жұқпалы дертті жұқтырып жатқандардың қарасы қалың.

Қарапайым студенттен бастап, биліктің биік лауазымында жүрген шенділер арасында пара алып, пара беру тоқтаусыз жүріп жатыр. Тойым жоқ. Айта кетелік,  билеуші партия Президент тапсырмасымен биыл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламасының жобасын әзірледі.

Аталған құжат жақында партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында қабылданады деп жоспарланған. Дәл сол бағдарламада қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға баса көңіл бөлініп отыр. Нәтижесін уақыт көрсетеді.

Айман, студент:

4-ке 4 мың теңге, 5-ке 5 мың теңге. Сессия кезінде 15-20 мыңға дейін баруы мүмкін. Ал, ағымдық бақылау кезінде ол арзанырақ.

Айманның айтып тұрғаны – базардағы бұйым бағасы емес, білім деңгейін білдірер бағаның құны. Әркім өз басынан өткенді, естігенді емес көргенді, алғанды емес бергенді айтады.

Айман, студент:

Диплом алу үшін мұғалімдермен сөйлесеміз, кейде бірлік салып береміз, кейде ақшалай бер дейді, сынақ кітапшасының ішіне салып береміз. Сосын олар қояды.

Бұрын бейнетін «инемен құдық қазғандай» деп бейнелейтін білімге қазір еңбек те, бейім де емес, тиын керек.  Таяқтың екі ұшы былай дейді: Студент неге ақша береді? Бірнеше себеп: ақылы бөлімде оқиды, сол үшін жұмыс істейді. Екінші ерінеді. Демек, жаман баға алмас үшін пара беруге мүдделі. Үшінші жалпылама сипат.

Ал, мұғалім неге ақша алады? Өзіне жаны ашығандықтан мүмкін.  Жалақысы төмен шығар, күнкөріс қамы болар. Еті үйреніп кеткен шығар. Тағы да жалпылама сипат. Жалғыз мен бе екен деген ақталу.

Жемқорлық дертінің қанға сіңіп, сүйекке өтіп, жілік майға дейін араласып, тіпті термен шығып, көзге ұрып тұрғанын жасыру – тіпті күлкілі. «Нұр Отан» партиясы кеселдің жолын кесеміз деп жатыр. Мемлекеттігі бар, жекеменшігі бар барлығы 62 университетті аралап, «Тоқта, қылмыс!» жобасы аясында «Таза сессия» акциясын өткізді. 

Нұрлан Сыдықов, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы:

1200 студент қатысты. Негізгі мақсатымыз – университеттерде жемқорлықтың қаншалықты бар екенін анықтау. Көз жеткізгеніміз жемқорлық университеттерде бар. Оны ашық айта аламыз.

Қорытындысын сандармен өрейік.  Жоғары оқу орындарында бір сессияны жабу орта есеппен 29 000 теңге тұрады. Ал, бір пәнді 5000 теңгеге жабуға болады. Елімізде курстық жұмыстың орта бағасы 13 000 теңге, ал  дипломдық жұмыстың орта бағасы шамамен 60 000 теңге.

Жоғары оқу орындарындағы жатақхана жайы да ақшамен шешіледі. 1 орын 15 мың теңге. Әскери кафедрада да пара. 500 мың теңгенің болса, шен алып шығасыз.

Нұрлан Сыдықов, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы:

Таза сессия жобасы негізінде біз тағы бір үлкен мәселе анықтадық. ЖОО бітірген түлектерден жұмысқа тұратындығы туралы заңсыз тұрғыда анықтамалар талап етіледі.

Ол көкесіне барады да анықтама жаздырып алады. Иә, осында тұрамын. Бірақ өкінішке қарай, ертеңгі күні мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Ал, ол университеттің рейтингін арттырады. Есеп береді біздің түлектердің 99,9 түлегі жұмыспен қамтылған деп.

Енді елде еркін пікірлер жиі өткізілетін болады. «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен. Онда кез келген студент білім ордасындағы бармақ басты, көз қысты әрекеттерді ашық айта алады. Жүрегі дауаласа, әрине. Ал, фактілер тәртіп органына жіберіледі.

Аяжан Қабиева, студент:

Пара алушы болмаса, пара беруші болмайды. Бұл біріншіден. Екіншіден, егер біз пара беру арқылы оқитын болсақ, ертең мемлекетімізді дамытатын жоғары лауазымды тұлғалар қайдан шығады деген сұрақ туындайды.

Әр студент оқимын деген мақсатына жетіп, дипломды өз күшіммен аламын деген мақсаты болуы керек.

Нұржан Жетпісбаев, Қарағанды облыстық «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы:

Сапалы білім алсақ, деп ойланып жүр. Себебі, бүгін сапалы білім алған азамат ертең еңбек жолын жақсы салатын болады. Өзін бәсекеге қабілетті сезіне алатынын бүгінгі кездесуге қатысушылар атап өтті.

Еркін пікір елге қажет. Ал, түйткілді шешуде халықаралық тәжірибелер ескеріледі. Мәселен, студенттің онлайн күнделігі. Яғни, электронды журнал. Онда қай студент сабақтан қанша рет қалды, ауырып қалғаны туралы ақпараттың барлығы жазылады. Сонда береген қол да, алаған қол да көпке көрініп тұрады.

Нұрлан Сыдықов, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы:

Біз емтиханды тест түрінде тапсырамыз дейміз, бірақ кейбірінде әлі күнге дейін компьютерлік деңгейде емес, басқа деңгейде жүреді ғой. Сондықтан, дәрісханаларда видеокамера болуы керек және ол қалыптасқан дағды халықаралық деңгейде онлайн трансляциясы жүреді.

Айман – болашақ дәрігер, қазір даяшы.  Басқа-басқа болашақ дәрігердің білім жиар кезде дастарқан жинап жүргені көңілге алаң кіргізеді. Ертең пациенттің бауырын ия бүйрегін клиенттен қалған ас екен деп сыпырып тастап жүрмей ме?

Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу