Баян-Өлгийде қазақтың атын жаһанға танытқан 13 жастағы бүркітші тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Баян-Өлгийде қазақтың атын жаһанға танытқан 13 жастағы бүркітші тұрады

02.11.2014
Баян-Өлгийде қазақтың атын жаһанға танытқан 13 жастағы бүркітші тұрады

Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан дәстүрдің бірі - бүркітшілік. Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында қазақтың атын жалпақ жаһанға танытқан 13 жастағы бүркітші тұрады. Айшолпан Нұрғайып туралы деректерді биыл Британияның бірнеше басылымы жариялып, суреттері әлеуметтік желіде кең тарады.

Белгілі «BBC» телеарнасы да қазақтың бүркітші қызы туралы деректі фильм дайындап жатыр. Айшолпан Баян-Өлгий аймағына қарасты ауданның бірінде мектеп-интернатта 7 сыныпта оқиды. Үйінде төрт баланың екіншісі.

Бүркітшілікпен әкесі де, ата-бабалары да айналысқан екен. Біздің тілшіміз барғанда, Айшолпан жексенбілік демалыста болып, сағынып қалған Аққанатын бауырына басты. Бүркітші қыздың жетістіктері туралы әкесі былай дейді.

Нұрғайып Ырыс, бүркітші:

Күзде мына Баян-Өлгий аймағында бүркітшілер сайысы деген болады. 10-шы айдың 4-5-де. Осыған өзім шақырушыға үйретіп, аңға салдырып, осыдан 73 бүркітшіден бас жүлдені жеңіп алды.

Жеңіп алғанда жай жеңіп алған жоқ, рекордын бұзып жеңіп алды. Қалайша дегенде, қолына 5 секунд дегенде түсті. Шырғаға тартқанда 6 секундта түсіп рекорд бұзды.

Биыл бір Американың адамдар келіп, кино түсіреміз деп Айшолпанның өзін биік құздан түсіріп балапан алдырды. Ол құздың биіктігі 15 метрлік. Бірақ өзім арқан байлап сақтықпен түсірдім.

Айшолпан Нұрғайыпқызы, бүркітші:

15 метр биіктіктен балапанды алдым. Одан түскенде біраз қорықтым. Бірақ өз-өзіме батымды болдым да, қорықпауың керек, мұны алып, баптап үйретуім керек деп ойладым.

Айшолпан арқылы қазақ бүркітшілерін әлем таныды. Әлеуметтік желілерде шетелдің белгілі телеарналары бүркітшіліктің қыр-сырын жайып салған қазақтарға қаламақы бермепті деп жиі жазып жүр.  Бірақ Нұрғайып Ырыс «атадан балаға дарыған бұл өнерді тегін-ақ жарнамалаймын, бұл азаматтық, қазақылық парызым», дейді.

Хабарламаларға жазылу