Жаһандық саясат пен экономиканың басты «көзірі» мұнайдан аттап, құны қара алтыннан төмен болғанымен, маңызы биік, тіршіліктің нәрі нанды сөз қылалық. Сол тіршіліктің нәрі биыл тағы да қар астында шіріп, табанға таптала ма деп қауіп қыламыз.
Бірнеше жылдың жүзі болды, мінезі ала-құла ауа райы шартта-шұрт мінез көрсетіп, астықты аймақтарға обал болып тұр. Былтырлары қуаңшылықтың тырнағына ілігіп, қарызға белшесінен батқан ауыл-аймақтағы еңбекқор жұрт биылғы күзге күмәнсіз үміт қылып еді. Жап-жақсы өнім алып, мұртымыз майлана ма, сөйтіп тұрмысымыз жайлана ма деді.
Алайда, тұлын тұтқан табиғат қырсық қой, диқандарды тағы да сарсаңға салды да қойды. Қыркүйекпен қатар жеткен күздің қара жаңбыры жайқалған алқапқа орақ салуға мұрша бермей, енді аяғы қарға келіп ұласты.
Әшейінде, қара суығы болмаса, онша бүрсеңдетпес бұл аймаққа биыл қыс ерте келіп, онсыз да тірлігі шашыраңқы болған шаруаның жағдайын қиындатып жібергенге ұқсайды. Таң атысы, кештің батысы жаз бойы тырбанғанда, сепкен егіннің 20-30 пайызы қар астында қалып, діңкелетті.
Астықтың жайын «Аptа.кz» өткен жексенбіде де сөзге ілмек қылған. Бүгін де осы астықтан тартып, аймақтағы тіршілікке қанығайық. Астанаға осы аптада Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасов келді, есеп берді.
Қостанай облысы. Халық саны – 881 000. Жер аумағы – 196 000 шаршы шақырым. Аймақта 16 аудан, 4 шағын қала, 5 ауылдық кент, 593 елді мекен бар. 2011 жылы 900, ал 2012 жылы 2,5 мың темір тұлпар Тобыл жерінде құрастырылған. Өткен жылы оның саны үш есе артып, 7 мыңға жетті.
Ал, осы жылдың аяғына дейін Қостанай облысында 8,5 мыңнан аса көлік құрастырылады. Қазір аймақта «Ssang Yong», «Peugeot», «Ayvengo», «Hyundai», «Toyota» модельдері бойынша күн сайын жиырма шақты жаңа автокөлік шығарылады. Мұның бәрі индустрияландырудың игілігі.
Нұралы Сәдуақасов, Қостанай облысының әкімі:
Алдағы уақытта осы аталған модельдердің қатарын қытайлық «Geely» және «Jack» автокөліктерімен толықтырамыз. Соңғы үш жылдың ішінде республика бойынша автокөлік өндірісінде Қостанай облысының үлесі 15,5 пайызға артты.
Көлік өндірісінің тамырына қан жүгіргелі өңірдің экономикалық әлеуеті де қарқын алып, дамып келеді. Бүгінде аймақта ірілі-ұсақты 500-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Әр мекемеден ай сайын 50 мың адам жалақы алады.
Яғни, бір бүйірден жұмыспен қамту мәселесі оңтайлы шешіліп отыр. Биыл қазан айына дейінгі шыққан өнімнің көлемі 389 миллиард 6 жүз миллион теңгеге жетті. Соның тең жарымы кен саласына тиесілі.
Нұралы Сәдуақасов, Қостанай облысының әкімі:
Қазіргі уақытта «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тағы 34 кен орны бойынша жұмыс жүргізуде. Оларды өңдеп шығару перспективада өңір экономикасына шамамен 280 миллиард теңге инвестиция тартуға жағдай туғызады.
Мемлекеттік бағдарламалардың барысын мейлінше баяндаған облыс басшысы «Қаладағы жайлы тұрмыс – ауылға да жат емес», - деді. Дәлел болсын, биыл Давыденов елді мекеніне көгілдір отын берілді.
Бұған дейін от жағып, күл шығарып, күнде әуре-сарсаң болған бұқара тұрмыстық тауқыметтен құтылды.
Әлімхан Сыпабеков, Қостанай ауданы Давыденов ауылының тұрғыны:
Қол босайды. Үй-іші таза. Бір температура ұстап тұрады. Кеше жұмысқа кеттім, таңертең келсем, үй жылы.
Астықты аймақтардың бірі – Қостанай. Қазір ауа райының қолайсыздығы - диқандарға қолбайлау болып тұр, деді облыс әкімі. Бірақ, алғаш түскен қар соңғы екі-үш күнде минус 5-7 градустық температурада еріп жатыр. Сондықтан, дала еңбеккерлері күн-түн демей егістік басында жүр.
Нұралы Сәдуақасов, Қостанай облысының әкімі:
Ауа райы бізге қарасып тұрса, 10 күннің ішінде бітіреміз. Тағы да ауыл шаруашылығына көмек беріліп жатыр. Жанармай, келесі жылғы тұқым мәселесін Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдына қойдық. Сол мәселелер шешілсе, келесі жылға дайындықты қазір бастап жатырмыз.
Облыста шағын шаһарлардың шаруалары ширақ. Биыл моноқалаларды дамытуға 4 982,9 миллион қаржы бөлінсе, оның 2891,7 миллион теңгесі игерілді. Кәсіпкерлерді қолдау бағыты бойынша 1249,4 миллион теңге қыруар қаражат. Бұдан бизнестің көзін ашып, бюджеттің де бүйірін толтыруға жағдай барын байқаймыз.
Нұралы Сәдуақасов, Қостанай облысының әкімі:
Республикадағы 27 моноқаланың 4-і біздің облысымызда. Бағдарлама бірінші кезекте шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, инвестициялар тарту арқылы атқарушы кәсіпорындардың монополиялық ықпалдан алшақтатуға арналған.
Сонымен қатар, ол қалалардың коммуналдық салаларын жақсартуға, көріктендіруге жағдай туғызады. Ағымдағы жылдың басынан моноқалалардың 83 кәсіпкеріне қолдау көрсетілді.
Өлкеде мемлекеттің қолдауына ие кәсіпкерлік саласын дамытуға біраз бетбұрыс жасалды. Осы уақытқа дейін 351 бизнес жоба мақұлданып, оларды несиелеу үшін 59,9 миллиард теңге қарастырылды.
Табыс көзі болған соң, еңбек нарығы да еселенді. Сондықтан, биыл жұмыспен қамту бағдарламасын іске асыруға 5,4 миллиард теңге бөлінді.
Нұралы Сәдуақасов, Қостанай облысының әкімі:
Жыл басынан бастап, облыста 9 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Жалпы, халықты жұмыспен қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды іске асыру облысымыздың еңбек нарығына оң әсерін тигізуде.
Мәселен, сегіз жылдың басынан бастап қана табысы аз азаматтардың саны 17 пайызға қысқарды. Біз жастарды жұмысқа орналастыруға ерекше көңіл бөлеміз.
Қостанай - ел қазынасын еселейтін донор аймақ емес. Мемлекеттен дотация алады. Бірақ, көмек қаржыға қарап қалмайды. Өңірдің өркендеуі үшін қолда барды ұқсатып, соған күш салып отыр. Себебі, қазір сыртқы экономикадағы сауда айналымы – 1705,3 миллион АҚШ долларына жетті. Импорт – 42 пайыз, ал экспорт – 58 пайыздан асады.
Алмат ӘБДІРАМАН