Иманғали Тасмағамбетов Қорғаныс министрі болып тағайындалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Иманғали Тасмағамбетов Қорғаныс министрі болып тағайындалды

26.10.2014
Иманғали Тасмағамбетов Қорғаныс министрі болып тағайындалды

Осы апта бірсыдырғы, бұйығылау басталып еді. Біреуге сәтті, біреуге сәтсіз сәрсенбінің таңында саяси температура шоқтай қызып барып сабасына түсті. Әшейінде Ақордаға жаққа кеңірдекті созып жіберіп, ауыздыға сөз бермей болжам жасайтын «көріпкел» саясатшылардың өздері аңдамай қалды.

Астананы 6 жыл басқарған Иманғали Тасмағамбетов күтпеген жерден Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Сәуірден бері 6 ай Мемлекеттік хатшы болған Әділбек Жақсыбеков осыдан 17 жыл бұрынғы, өзінің сонау 43 жасында отырған орнына қайта барды. Ол кісі енді- Астана қаласының әкімі.

Сөйтіп, абыр-сабыр сәрсенбіде қос шенеуніктің бірі оң жағалауға, бірі сол жағалауға көшіп кетті. Жалпы, екеуін де  қалың жұрт жақсы таниды.

Иманғали Тасмағамбетов болса, Астана мен Алматы қаласын басқарғаннан бөлек, Атырау облысының әкімі, Президент әкімшілігінің жетекшісі, Мемлекеттік хатшы, Премьер-Министр сынды ең ірі қызметтердің құлағын ұстады.

Оның сыртында Президенттің көмекшісі, Премьер-Министрдің орынбасары, Білім және мәдениет министрі, Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары секілді жоғары лауазымдарды атқарды.

Әділбек Жақсыбеков болса, Астананың ең алғашқы әкімі. Кейін Индустрия және сауда министрі, Президент әкімшілігінің жетекшісі, Қорғаныс министрі және әкімге дейін мемлекеттік хатшы болды. Енді бас шаһардың өсіп-өркендеуіне жауапты.

Мемлекет басшысы Иманғали Тасмағамбетовтің қалаға басшылық жасаған кезінде Астананың  айтарлықтай көркейгенін ерекше атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев,  Қазақстан Республикасының Президенті:

Ол көп жылдардан бері менің қасымда жұмыс істеп келеді, көптеген лауазымдарды атқарды.  Барлық жерде  жұмысты бүге-шігесіне дейін зерделеп, мықты ұжым қалыптастырып, қойылған міндеттерді орындады.

16 жылда біз жаңа елорда салып қана қойғанымыз жоқ, еліміздің тұрғындарымен қатар, дүние жүзінен келетін қонақтарды да таңдандырып, тамсандыратын қала жасадық. Бүгін Астананың ғаламшардағы «топ-21» ақылды қалалар тізіміне кіргені мәлім болды.

Конституцияға сәйкес, мен мәслихаттың келісімін алып, Әділбек Жақсыбековті Астана әкімі етіп тағайындадым. Бұл кісі 1997 жылы қаланың алғашқы мэрі болды. Ол қандай салада жұмыс істесе де, барлық міндеттерді игерді.

Ал, бұрынғы Қорғаныс министрі Серік Ахметов өз еркімен жұмыстан кетуге өтініш берген. Президент ол кісінің отставкасын қабылдаған. Әзірге оның жаңа қызметі туралы мәлімет жоқ.

Хабарламаларға жазылу