Мемлекет басшысы «Азия-Еуропа» форумының X саммитіне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы «Азия-Еуропа» форумының X саммитіне қатысты

19.10.2014
Мемлекет басшысы «Азия-Еуропа» форумының X саммитіне қатысты

Мұздай сірескен Ресей мен Украинаның қарым-қатынасы сәл-пәл жібіген тәрізді. «Ат тізесін қосты» деуге ерте болар, алайда қос ел газ бағасына қатысты бір ымыраға келді.

П.Порошенконың айтуынша, Украина мен Еуропалық одақ газдың әр текше метрін жаз айларында 325 доллардан, қыс кезінде 385 доллардан сату туралы Ресейге талап қойған. Ресей жағы келіскен. Сондықтан, Украина биыл қыста тоңа қоймас.

Бұл жаңалық кеше Миланда аяқталған Азия мен  Еуропа форумы кезінде белгілі болды. 10-шы саммитке Нұрсұлтан Назарбаев та барды. 50-ден астам мемлекет басшылары қатысқан бұл жиынға Орталық Азиядан бір ел жоқ,  тек Қазақстан ғана арнайы шақырылған. Енді ұйым хақында.

«Азия-Еуропа» форумы 1996 жылы құрылды. 53 ел мүше. Бірінші саммит Бангкокте өтті. Еркін форматтағы форумды құрғанда жиһан саясаткерлері Азия мен Еуропа ынтымағын тереңдету негізгі ұстаным деп жариялаған.

Мақсатқа жету оңай емес. Тұрмыс-тіршілігі, заңы, мүдделері, тіпті тіршілік философиясы әртекті елдер демде келісіп, ортақ шешім қабылдай қоюы екіталай. Бірақ жаһандану дегеніңіз - кедергі, бөген, қарсылық дегенді елемейтін қуатқа жеткенін мойындамасқа шара жоқ. Сондықтан, бұл форумды диалогқа ұмтылыс деп бағалаған жөн болар.

Азия мен Еуропа ынтымағы бүгін басталған процесс емес, ертең тоқтайын деп те тұрған жоқ. Жаһанда жалпы ішкі өнімнің тең жарытсы Азия мемлекеттеріне тиесілі. Адам ата ұрпағының 60 пайызы, әлем экономикасының да 60 пайызы Азияда. Ал, Еуропаның  жөні бөлек. Озық технологиясын әлем тұтынады.

Жозе Мануэл Баррозу, Еуропалық Комиссияның Төрағасы:

Осы сәтті пайдалана отырып, біздің жаңа әріптестереміз Хорватия мен Қазақстанды құттықтап қоюға рұқсат етіңіздер. Елдеріміздің қуатты болуы, жаңалыққа ұмтылуы және бәсекеге қабілеттілігі  әр мемлекеттің ашық қарым-қатынасына байланысты.  Сондықтан, біздің әрқайсымыз уақыт талабына сай өзге мемлекеттермен байланыс орнатып, жаңа мүмкіндіктерді қабылдағанымыз жөн деп ойлаймын.

Бірақ, бізге жаңа қауіп-қатерлер де төніп отыр. Климаттың өзгеруі, терроризм, шекаралардың белгіленбеуі секілді біз бірлесіп шешім іздейтін мәселелер өткір тұр.

Жаһанның қым-қуыт проблемалаларын реттеуге әр мемлекет өз үлесін қосады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев дағдарысты еңсерудің ең тиімді жолы, деп Еуразия өңірінің ықпалдастық мүмкіндігін ашуды атады.

Сосын бір елді екінші күштің қорғаштап, қолпаштауынан туатын кедергілерді жою жөнін меңзеді. Нарықтарды ашып, өзара сауданы ұлғайту да дәуір тудырған мәжбүрлік.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өңірлік қаржы орталығы Алматының халықаралық капитал қозғалысына көпір бола алатынын айтты және Еуропа мен Азия арасын жалғау үшін Ұлы Жібек жолын жаңғырту маңызды екенін білдірді. Экономика және қаржы саласындағы  халықаралық әрекеттерді үйлестіруде  Қазақстан ұсынған   «G-GLOBAL» бастамасы платформа бола алады.

Бұл форум елдер арасындағы еркін пікір алмасу алаңы іспетті. Екі күнде әр елдің басшылары шағын құрамда, я болмаса екіжақты форматта түрлі кездесу өткізді.

Мысалы, Президент Нұрсұлтан Назарбаев  Германияның Федералдық канцлері Ангела Меркельмен кездесті. Екі елдің көшбасшылары сауда-экономика, инвестиция және басқа салалардағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, тараптар өңірлік және халықаралық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Сондай-ақ, Президент Нұрсұлтан Назарбаев Нидерланд Корольдігінің Премьер-Министрі Марк Рюттемен де кездесті. Кездесуде инвестиция, энергетика, сауда-экономика салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері қарастырылды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ұлыбритания Премьер-Министрі Дэвид Кэмеронмен де кездесті. Тараптар сауда-экономика және инвестиция саласындағы өзара іс-қимылды дамытудың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, екі ел көшбасшылары күн тәртібіндегі халықаралық маңызды мәселелер мен өңірлік қауіпсіздіктің негізгі жайттары жөнінде пікір алмасты. 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  Венгрия Премьер-Министрі Виктор Орбанмен де кездесті. Екеуара әңгіме сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты қамтитын түрлі бағыттағы қарым-қатынастарды жандандыру мүмкіндіктеріне арналды.  Өңірлік қауіпсіздік ахуалы да тыс қалған жоқ.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев  Италия Премьер-Министрі Маттео Ренцимен де кездесті. Кездесуде екі елдің сауда-экономика, инвестиция және басқа да салалардағы өзара іс-қимылының негізгі жайттары талқыланды. Міне, форум осындай үлкен кездесулерге мүмкіндік берген ыңғайлы алаңға да айнала алды.

Еркін Таңатқанұлы, тілші:

Сонымен, Қазақстан «Азия-Еуропа» форумының толыққанды мүшесі. Біздің ел осы форумға еніп отырған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет.  Әрине, бұл ең алдымен Қазақстанның бір мәнді сыртқы саясаты мен ішкі тұрақтылығын өзге жұрттың бағалайтыын білдірсе керек. Ал, Қазақстан Азия мен Еуропа диалогы мен ынтымақтастығына жан-жақты көмек көрсетуге дайын. Бұл - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұжырымы.

Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу