Әлеуметтік желілердің әбігері - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлеуметтік желілердің әбігері

19.10.2014
Әлеуметтік желілердің әбігері

Силикон алқабы дегенді естуіңіз бар ма? Калифорния штатынында орналасқан. АҚШ-тың ғана емес, әлемнің керемет технологиялық жаңалықтары жасалатын жер. Сүттің бетіндегі қаймақтары жиналған ғылыми орта. Білесіз бе? Сондағы мектептерде компьютер атаулы атымен жоқ.

Тақта мен бор, ағаш парта мен тау-тау кітаптар тұратын сөрелер ғана бар. Біздің «сотка» дегенді білмейтін ғалым Асқар Жұмаділдаев секілді ондағы оқушылар да ұялы телефон мен планшет, айфон мен айпад дегенді  ұстамайды.

 Милары бос, тыныш, тұнық. Бір компьютерсіз, тіпті бір экрансыз мектептің мұғалімдері ондай гаджеттерді оқушылардың үйде де қолданбауын жөн санайды екен. Калькулятор атымен жоқ.

Ең қиын көбейту мен бөлуді оқушылар қағаз бен тақтаға шығаруға міндетті. Бір ғажабы: мұндай тәртіп- осы Силикон алқабында ғылыми зерттеулер жасайтын ғұлама ата-аналардың талабы бойынша қалыптасқан.

Ал біз ше? Қалта телефонсыз өмір сәнсіз, интернетсіз өмір мәнсіз. Әлеуметтік желілерге күніне кемі бір кіріп шықпасақ, ауа жетпей демі тарылған адамның күйін кешеміз. Бұл дерт пе өзі?

Әлеуметтік желі – ақпараттың кенінен әлемнің деміне, еріккеннің еміне айналып барады. Біздегі 5,6 миллион адам интернетті жиі пайдаланады. Яғни, үштен бірі. Ғаламтордың ғажайыбы не сонда?

Әсем Изатқызы, тілші:

Әлеуметтік желілер лабиринт тәріздес. Бір кірсеңіз, шығу қиын. Шыр айналып, шығар есікті таппай, шырмалып қаласыз. «Инстаграмга» таңертең, түсте, кешке, барлығы үш сурет салмасаңыз, көңіліңіз көншімейді.

«Фейсбуктегі» достарыңызбен жаңалық бөлісіп, әңгімелеспесеңіз бірдеңе жетпей тұрады. «Мейл.ру» мен «Твиттер» тағы бар. «Вконтактеде» сурет көріп, лайк баспасаңыз бір түрлі боласыз. Иә, бүгінгі халымыз осындай. Ал, уақыт өте бұл түйткіл күрделене, күрмелене береді

Өйткені, 50 миллион тыңдарман жинау үшін радио 38 жыл уақытын сарп етсе, теледидар дәл осынша көрерменді 13 жылда жинапты. Ал, интернет небәрі 4 жылда бағындырған.  Жаһандағы 30 жастан асқан адамдардың тең жартысы, ал жаңа ғасырда туғандардың 96 пайызы әлеуметтік желілерге тіркелген. 

Қалдан, Астана қаласының тұрғыны:

Істеймін деген жұмысты еш уақытта орындамаймын. Отырып қаламын, ана сайтқа бір кіресің, мынаған кіресің. Сізге көмекке келдім. Мен жалғыз осындай емеспін бе?

Қалдан ғаламторға тәуелді болып қалған. Басында бір сағат, кейін компьютерге тәулік бойы телміруді шығарды. Бұл жақсылық әпермеді. Жұмыстан қуылды, жалақыдан қағылды. Енді дертінің емін психологтардан іздеп келді.

Қалдан, Астана қаласының тұрғыны:

Ойлағаныңды «Фейсбукке» кіресің, сонда ата-анаңның мақтағанынан гөрі, сол лайк қымбат болып кетті. Мысалы, сол жақта менің мың досым бар болса, 10 лайк, 100 лайк болса, мен сол күні жақсы ұйықтаймын. Интернет жан-дүниеммен біте қайнасып кетті десек болады.

Лиманаға Қалдан секілді қыз-жігіттер көп келеді. Хат жазатындары да жетеді. Көбі 21 мен 29 аралығындағы жастар. Маманның айтуынша, интернет әуелі қызықтырады, телміртіп тәуелді етеді, соңында сананы улайды, ұйқыны ұрлайды.

Лимана Қойшиева, психолог:

Қатты тәуелділікке ұшыраған адамдарды туысқандары алып келеді. Олардың көзқарасынан байқауға болады, қарап отырып, сізді көрмей отырған  сияқты, оның жүрегі де жабық, сезімі де қатаяды. Олар зомби немесе роботқа айналып кеткен адамдарға ұқсайды. Көзінде ешқандай да бір ойдың жоқтығын байқайсың, көздің орнында әйнек тұрғандай сезіледі. Ондай адамдарды бірден көз жанарынан байқауға болады.

Әлеуметтік желілерді әркім өзінше пайдаланады. Біреу керек ақпар алады, енді бірі жеке өмірін жөндейді. Алаяқтықпен ақша тауып, қылмыс жасайтындары да бар. Анкетасын жалған жариялап, жастармен танысады. Танысудың соңы түрлі жағдайға әкеледі. Мәселен, Нұрсұлудың «Вконтактеде» 4000-ға тарта досы болған. Қазір бар жоғы 27-сі ғана қалды.

Нұрсұлу Шәйкенова, студент:

Құрбыммен осындай оқиға болған.  Ол «Вконтактеде» бір баламен танысқан еді. Сөйтіп, екі жылдай араласты. Ол жігіт «маған счетыма ақша сал, саған телефон шалуға бірлік керек», деп алдаған еді. Кейін кездесуге жігіт келмеген. Қыз ғашық болғандықтан, іздей бастады. Сосын түрмеде отырғаны белгілі болды. Ол кейін түрмеден шыққан соң, қандай жағдай болары белгісіз ғой. Сол себепті мен өзімді қорғаймын, деп танитын достарымды ғана қалдырдым.

Сонымен, «Мой мирге» бір күнде 1 миллион 125 мың адам кіреді. Ал, «Одноклассникиді» күніне 558 мың адам ақтарады. «ВКонтактені» күніне 525 мың адам қарап шықса, «Facebook»-ті бір күнде 410 мың азамат пайдаланады.

Қала тұрғыны:

Мен негізі «ВКонтактеде» отырамын. «Инстаграм» онша ұнамайды. Ол жақта селфи мен тек фотоға лайк қоясың, жібересің, ал «ВКонтактеде» топ ашып, достарыңызбен сөйлесесің.

Қала тұрғыны:

«ВКонтакте» ұнайды маған. Достарымызбен  «» деген топ ашқанбыз. Сонда  қай жерде қыдырамыз, мектепке барамыз ба, соны ақылдасамыз.

Қала тұрғыны:

Бір суретіме 40-50 лайк жинаймын. Әрбір суретке қойған лайкқа қуанамын.

Бағаға емес, лайкқа лайық боламын, деп талай оқушы талпынып жүр. Бір лайк олар үшін күнделікке қойылған бестік іспетті. 1 сыныпта орта есеппен 25 оқушы бар десек, оның кемінде 20-да ұялы телефон бар.    

Гүлзина Жадақова, №54 мектеп-лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

Сабақ үстінде сабаққа қатысты емес дүниелерді қарап отырады, бір-бірімен байланыс жасап отырады. Сол себепті, сабақты бастар алдында ұялы телефонды жинап аламын. Өйткені, кедергіні көп жасайды. Арасында пәнге көңіл бөлмей, ойын ойнап отырады.

Әлеуметтік желілерге тәуелділік әсіресе, мектептерде күрмеулі мәселеге айналып отыр. Ата-ана соңғы тиынын қосса да, өздері ұстамаған қымбат телефондарды баласына алып береді. Өйткені, қатардан қалғанын қай ата-ана құп көрсін?

Бізде қазір сапалы білім мәселесі емес, сәнді телефон бәсекесі күштірек. Бірақ, көш соңында жүрмесін деген жанашырлық жақсылыққа емес, жат қылыққа жетелейді. Үлкеннің әрекеті кішіге үлгі. Бұрын бесіктен белі шықпаған бүлдіршіндердің бар қызығы кәмпиттер болса, қазіргінікі компьютер.

Иманғали үш жаста. Телефоннан түрлі ойын ойнайды. Атыс-шабыс десе, делебесі қозады. Оған ойын болса, ата-ананың да, тамақтың да қажеті жоқ.

Балалар күнде кешке «Контр-страйкты», «GTA»-ны, «Дотаны» ойнайды. Сондағы оқ өтпейтін, отқа жанбайтын адамдардай болуды армандайды. Жігіттер үшін әкелері емес, солар идеал.

Кішкентайлары компьютерден тек ойын іздесе, сәл үлкендері интернеттің иірімдеріне ереді.

Әсем Изатқызы, тілші:

Бала – біздің болашақ. Олардың ой өрісі 7 жасқа дейін қалыптасады, толығады. Ғылым солай, дейді. Ал, баланың дәл өсер шағында мынадай қатыгез ойындар оларды өшіреді. Ойлау қабілетін тежейді. Жауыздыққа жетелейді.

Алтынкүл апа немерелерінің алтын уақытын алып жатқан интернетті иттің етінен жек көреді. Өйткені, күнде кешке желкелеп, жалынып дастарқан басына жинайды. 

Алтынгүл Қатаева, зейнеткер:

Құнығып, жылайтын кездері де болады. Өкпелеп, тамақ ішпейтін кездері де болады. Ата-анасы шектеу қоймаса, ол күні тамақ ішпесе де ол риза. Ал, ойынның шегі жоқ. Сондықтан, аналық, әжелік ойым: шын мәнінде жасөспірімдерге кері әсері көп.

«Енді күніне 1 сағаттан артық ғаламторда отырғызбаймын»,- дейді  әжесі. Бүлдіршіндерін ғаламтордың біртіндеп бұзбауының бір амалы - осы. Өйткені, қазір интернетке кіру әдетке айналады, әдет тәртіпті, ал тәртіп мінезді қалыптастырады. Осылайша, бәрі бірте-бірте шынжырсыз байланған интернеттің итіне айналып кете барады.

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу