Мұсылман қауым Құрбан айтты тойлап жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұсылман қауым Құрбан айтты тойлап жатыр

05.10.2014
Мұсылман қауым Құрбан айтты тойлап жатыр

Қалың мұсылман қауымы кешелі бері Құрбан айтты тойлап жатыр. Бұл үш күн- әрбір мүмін үшін бедел-салмағы безбенге тартуға келмес ұлық мереке.  Құрбан айт басқа мерекелер сияқты халықтың қалауы, парламенттің мақұлдауы, президенттің бұйрығымен емес, бір Алланың әмірімен жеткен мейрам.

Бұл күнді тойлау – әр елдің заңында ғана емес, қасиетті Құранда жазылған. Демек, Құрбан айтты Жаратушының жаратылғанға нәсіп болған сыйы деп қабылдаған жөн.

Кезінде большевиктер Құдайсыз қоғам құрмақ болып жанталасып жатқанда, сол заманның игі-жақсылары осы айт мейрамдарын сақтап қалуға тырысып бақты. 1921 жылы Орынборда өткен Қазақ Автономиялы Республикасының Орталық атқару комитетінің төралқа мәжілісінде Ораза айтқа 3 күн, Құрбан айтқа 3 күн, Наурыз тойына 1 күн демалыс беру туралы Қаулы қабылданған.

Алайда, амал нешік, Cейітқали Меңдешев төрағалық жасаған, Ахмет Байтұрсынов пен Әлихан Бөкейханов қатысқан сол жиынның Қаулысы арада бес жыл өткен соң күшін жойды. 1926 жылы қызыл үкімет айт күндерін тойлауға түбегейлі тыйым салды. Дегенмен, діни мейрамды алты Алаш ұмытқан жоқ, тығылып та жүріп тойлады. Азаттық ала қайта қауышты.

Елдің түкпіріндегі ағайын сенбі күні таңсәріден білек жанастыра айт намазын оқыды. Сосын қалтасы көтергендері тәуір малын құрбандыққа шалды. Тұрмысы төмен отбасылар мен жетім-жесірлерге таратты.

Қой бағасы биыл Астананың өзінде 18 мың теңгеден басталып, 60 мың теңгеге дейін көтерілді. Пысықай саудагерлердің де саудасы қызды. Бірақ, Алла разылығы үшін мұсылмандар шығындалуға дайын ғой, бастысы – ниет.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Пайғамбарымыздың жолымен жасалатын бұл құдіретті күн баршаларымызға  Алладан денсаулық, жақсылық, бақ-береке тілеп жатқан халқымыз бар. Сол тілектердің барлығы орындалсын, шалған құрбандарын Алла қабыл алсын деп айтамыз, ниеттерін қабыл алсын. Еліміз – аман, жұртымыз – тыныш болсын.

Әр жанұяда жақсылық пен береке болсын. Біздің Тәуелсіздігіміздің ғұмыры ұзағынан болсын, қазақстандықтарымыздың, елін сүйген азаматтарымыздың барлығының жүрегіне махаббат, отаншылдық деген мінездер пайда болсын.

Осы арқылы біз мейірімділік, қайырымдылық жолында болайық. Сонда барлық тілектеріміз қабыл болады. Барлық дүниедегі мұсылмандарды құттықтаймын. Қазақстанның мұсылмандарын құттықтаймын!  

 

Сенбінің таңында елордадағы Әзірет Сұлтан мешітіне келген Мемлекет басшысы отандастарға ақ тілегін осылай жеткізді. Елімізде шамамен 2,5 мың мешіт бар екеніне тоқталды және қазір мешіттерге жастардың көп баратынын да айтты. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ниеттеріңіз ақ болсын, жүректеріңіз адал болсын, тілек тілегенде. Құр әншейін мешітке келу емес, ішімізден имандылықты, береке-бірлікті ойлайтын болайық. Сонда  еліміз өркендейді, жастарымыздың болашағы жарқын болады!

Мейіржан ӘЛІБЕК

Хабарламаларға жазылу