Бұл өңір бүгінде өзіндік дамуымен өзгелерге үлгі өңір. Бұл - бүгінгі Шығыс Қазақстан облысы. Елдегі ең ірі индустриалды-аграрлық аймақтың бірі. Өнеркәсіп мықты мұнда. Кен өндіру, түсті металлургия, машина жасау, ағаш өңдеу, тамақ және жеңіл өнеркәсіптерімен алда.
Шығыстың жетістіктері жоқ емес, түйінін таппаған түйткілдер де аз емес. Өңірдегі өмірді айтып, Астанаға осы аптада Бердібек Сапарбаев келді.
Қазақстанның ең ірі индустриалды аймағы - Шығыс Қазақстан облысы. Биыл өңірдегі өндіріс көлемі 705 миллиард теңгеге жеткен.
Былтырғы жылмен салыстырғанда, 108 пайызға көп. Бұл - тек 8 айдың көрсеткіші ғана. Жыл соңына дейін сандар әлбетте еселенеді.
Облыс индустриалды-инновациялық бағдарламаға 62 жобасын енгізген. Құны 685 миллиард теңгені құрайтын жүйелі жобалар толықтай жүзеге асса, 100 миллиард теңгеге жуық қосымша салық түседі.
Осылайша, әкім сандарды тізбелеп, есебін индустриалды жобалардан бастады. Естеріңізде болса, Елбасы өңірге жұмыс сапарында Индустрияландыру бағдарламасының іске асуында іркіліс барын айтып, ілгерілету турасында тапсырма берген.
«Президент сынынан соң облыста жаңа жобаларға жіті мән беріліп жатыр», дейді әкім.
Бердібек Сапарбаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
8 айда негізгі экономикалық-әлеуметтік көрсеткішті былтырғыдан төмендеткен жоқпыз. Қазіргі таңда 31 жоба іске қосылды. Соның арқасында біз бюджетке қосымша 8 миллиардтай кіріс кіргіздік, 2500-ге жуық жұмыс орны ашылды.
Облыста шағын және орта бизнесте береке бар. Президент бизнесмендерді жөн-жосықсыз желкелей бермеуді жүктеді. Бұл міндетті де Шығыс Қазақстан облысы ойдағыдай орындап жатыр. Сөзімізге сандар куә.
Облыс тұрғындарының үштен бір бөлігі - кәсіпкерлер. 260 мыңдай адам болады. Олар жылына 450 миллиард теңгенің тауарын өндіреді. Өздері табыс көреді, бюджетке де береді. Аз емес, 75-80 миллиард теңгедей қазынаға құяды.
Аймақта ауыл шаруашылығы айтарлықтай жақсы дамыған. Саланың жалпы ішкі өнімі 123,7 миллиард теңгеге жеткен. Биыл тағы 11,3 миллиард теңге субсидия бөлінбек. Облыста еліміздегі балдың 75 пайызы өндіріледі.
Күнбағыс майының 80 пайызы, сүттің 16, еттің 15 пайызы Шығыс Қазақстанда шығарылады.
Бердібек Сапарбаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Бұл «Агробизнес-2020» бағдарламасының арқасында. Біздің облыс мал санынан республикада алдыңғы орында. Оған «Сыбаға» бағдарламасы сеп. 4560 ірі қара малды сырттан алып келдік. Жылына 20-25 мың қойдың санын көбейтеді.
Шығыс Қазақстан облысында құлайын деп тұрған не болмаса үшауысымды мектеп жоқ.
Бердібек Сапарбаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Білім және ғылым министрлігінің мәліметі дұрыс емес. Бірақ, қазіргі заман талабына сай емес, салынғанына 50-60 жыл болған мектептер бар. Келесі жылы ескі мектептердің ешқайсысы болмайды.
Ескі мектептердің орнына жаңа 31 мектеп салынбақ. Оның 26-ы биыл бой көтереді. 20 медициналық, 50 спорттық нысан ашылады.
«Ал қыстық маусымнан халық қиналмай шығады, деген ойдамын»,- деді әкім. Уәде бермеді, бірақ. Өйткені, өңірдегі 30-40 жыл жөндеу көрмеген жылу жүйесі 80 пайызға тозған. Көнерген құбырлар барлық облыста бар.
Бердібек Сапарбаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Семейдің бу қазандықтары 1934, 1948, 1950 жылдары салынған. Ал, олардың өзінің нормативтік жұмысы 40 жылдан аспауы керек. Бұл орталықтар өздерінің жұмысын баяғыда еңсеріп тастаған.
Шығыс Қазақстан - орман, суға бай өңір. Бұқтырмасы бар, Катонқарағайын қосыңыз, Алакөлін айтпасқа болмайды. Ал, оларға баратын жолды жөндемесе болмайды.
Өңірдегі туризм саласы өкінішке қарай, мәз емес. Өйткені, туристерді тарту үшін жағдай керек, жағдай жасау үшін қаржы қажет. Ал қаржыны құятын - инвесторлар. Жалпы, облыс экономикасына 173 миллиард теңге инвестиция тартылыпты. Бірақ, бұл қаражат аз.
Қазір бұл сауал Үкіметтің күнтәртібінде тұр. Биыл тозығы жеткен жолдарды жамауға қосымша 100 миллион, келер жылы 3,5 миллиард теңге бөлінеді.
Жалпы, өңірдегі жағдай «жақсы»,- деді Бердібек Сапарбаев. Облыс әкімдерінің рейтингісі бойынша Астана, Алматыдан кейін үшінші орында тұр.
«Бұл баға маған маңызды міндет жүктейді»,- деді әкім. Әлбетте, егер ел күйзеле бермесе, керісінше, тұрмысы түзеле берсе, облыстың болашағы кемелдене береріне күмән жоқ.
Ғалым КӘЛМЕН
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ