Тенниске деген махаббаты үш жасында оянған жігіт. Біліп отырсыз, Рафаэль Надаль. Испандық теннисші. Түріне қарасаңыз айтпайсыз, 27 жаста.
Марапаты бір басына жетеді. «Үлкен дулыға» турнирінің 14 дүркін жеңімпазы, 2008 жылғы Олимпиаданың жеке сындағы чемпионы, «Алтын дулыға», сондай-ақ, Дэвис Кубогының Испания құрамасы сапындағы үш дүркін иегері екен.
Әйгілі теннисші Елордаға келісімен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Қазақстанға келу олар үшін үлкен құрмет екенін жеткізді. «Үлкен құрметімнің белгісі», деп біздің Президентке өзінің ракеткасын тарту етті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сіздің біздің елге келуіңіз - Қазақстан жастары үшін үлкен оқиға. Теннистің дамуына ықпал етеді. Біз әрине, бұл салада Испаниямен бәсекелесе алмаймыз. Бірақ, спортшыларды дайындай бастаймыз.
Рафаэль Надаль Астанаға сапарында «Дәулет» Ұлттық теннис орталығында арнайы матч өткізді. Қарсыласы да осал емес. Француз спортшысы - Жо-Вильфрид Тсонга. Бұл спортшы да жаһандағы ең үздік 10 теннисшінің қатарына кіреді.
Ойын аса тартысты болды, алайда, жеңіс испан теннисшісіне бұйырды. Есеп - 6:4. Рафаэль Надальдің ойынын тамашалауға жиналған жанкүйерлердің қарасы қалың болды.
Атақтары жер жарғанымен, өздері қарапайым, ешкімнің де көңілін қалдырған жоқ. Суретке де түсті, қолтаңбаларын да берді. Бұл кездесу теннисші болсам, деген талай қазақ баласына дем береді, деп сенеміз.
Жайнагүл ТӨЛЕМІС