Нұрсұлтан Назарбаев Кәрім Мәсімовті қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев Кәрім Мәсімовті қабылдады

21.09.2014
Нұрсұлтан Назарбаев Кәрім Мәсімовті қабылдады

Қысқа күнде қырық құбылған жаһандық саясат. Күрделенген геосаяси ахуал. Сауысқаннан да сақтық танытып, демдерін іштеріне тартқан мазасыз мемлекеттер. Жымысқы ойындар мен жасырын мүдделер.

Соңғы кезеңдегі біз көріп-біліп отырған дүниедегі көрініс осы. Саясат дейтін дүлей дауылдың қайдан соққанын, оның салдарының қалай болатынын сіз де, біз де жақсы білеміз. Бізге тек қазір керегі – бірлік пен экономикалық даму.

Осы аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр Кәрім Мәсімовті қабылдады. Жүзбе-жүз отырып, Үкіметке жүктелген міндеттердің қалай орындалып жатқанын сұраса, премьер Мәсімов қазіргідей тұрақсыз кезеңде Үкімет мынадай-мынадай жоспарлар құрды, деп тәптіштеп баяндап берді.

Елбасы жуырда Душанбеде болған келіссөздер кезінде ел үшін маңызды экономикалық мәселелер талқыланғанын айтып, қандай жағдайларға қарамастан Үкімет халық алдындағы әлеуметтік  міндеттемелерін орындауы керек, деп айтты.

Мәсімовке жүктелген негізгі мәселе - әлемдік экономикалық ахуалдың ауырлауына байланысты дамудың түрлі сценарийін ойластыруы қажет.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Душанбеде  болған кездесулердің нәтижесінде біраз мәселеге қол жеткіздік. Әсіресе, Қытай Халық Республикасының  Төрағасымен,  Ресей Президентімен  біздің экономикамызға, қарым-қатынасымызға байнланысты.

Қазір дүниежүзілік  экономиканың   Ресейдің  төңірегіндегі жағдайға байланысты  біз өз жағдайымызды ойлауымыз керек.  Біріншіден, биылғы жылды дұрыс аяқтау. Экономиканы төмендетпеу қажет.

Екінші, келер жылдың бюджеті қалай болады? Оны қалай қамтамасыз етеміз?  Қандай жағдай болса да,  халықтың әл-ауқатын төмендетпеу керек, еш уақытта. Зейнетақы, жалақыны  төмендетпеу керек. 

Кәрім Мәсімов, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі:

Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің тапсырмаңызға қарай,  Үкімет   Ұлттық банк, облыс әкімдерімен  қоса арнайы жұмыс тобын  құрды. Бұл жұмыс тобы дамудың әртүрлі жағдайына ықпал ету үшін жұмыс істеп  жатыр.  

2015 жылдың бюджетінде барлық әлеуметтік міндеттеме ескеріледі. 2014 жылы да барлық әлеуметтік міндеттеме  орындалады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Барлық облыс әкімдері, министрліктер жұмысты күшейтуі керек. Бизнес құрылымдар, индустриялық бағдарлама аясында іске қосылған нысандар  жұмыс  істеп, қуатына көшуі керек.  Шағын және орта бизнес   өз жауапкершілігін түсініп, халыққа жұмыс беруі керек.

Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу