Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе? Көне қазақтан қалған сөз. Ұлытау мына біздің қасиетті даламыздың кіндігі. Сол кіндікте Президент Нұрсұлтан Назарбаев сұхбат берді, естеріңізде болар.
Мемлекет басшысы мемлекеттің бүгіні үшін құнды, ертеңі үшін маңызды пікірлерін ортаға салды. Жазушы, қоғам қайраткері Смағұл Елубай «бұл біздің қоғам көптен күткен сұхбат еді»,-дейді.
Смағұл Елубай, жазушы, қоғам қайраткері:
Тарихта Черчелдің Фултон сұхбаты дейтіні бар. Ол талай жерде сөйлеп жүрсе де бірақ, Фултон сұхбатына тең келетін сұхбат болмады. Сол тәрізді Қазақстан тарихында, Қазақстан Елбасының өз тарихында Ұлытау сұхбаты біз әлі талай айналып соғатын өте парасатты, сол Черчелдің Фултон сұхбатынан кем емес тарихи сұхбат болды.
«Тарихи сұхбат дер кезінде, керек кезінде жария болды»,-дейді жазушы. Өйткені, қазақ қоғамын «ең басты құндылығымыз азаттыққа қауіп төнгені ме», деген күдік шын мазалай бастаған еді.
Президент айтты: Мен бір рет айттым, тағы қайталап айтамын, Тәуелсіздікке нұқсан келтіретін болса, ондай ұйымдарда Қазақстан ешуақытта болмайды. Біздің ең жоғары бағалайтын байлығымыз – Тәуелсіздік. Ата-бабамыздың қанымен, терімен келген Тәуелсіздікті біз ешкімге бере алмаймыз.
«Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз».
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сұхбатынан үзінді бұл. Жазушы Смағұл Елубай айтады, Президент пікірін дер кезінде айтты деп.
Өйткені, қазақтың елдігіне, өткеніне, тарихына қатысты қаскөй пікірлер әр жерде қылаң бере бастаған еді.
Смағұл Елубай, жазушы, қоғам қайраткері:
Қазақ хандығының яғни, дербес қазақ мемлекетінің шаңырақ көтергеніне 1,5 жылдан кейін 560 жыл болады екен. 1456-дан бастап есептесеңіз, 2016-да 560 жыл толады екен. Мінекей, осы күнді біздің мемлекетіміз шындығында мемлекеттік деңгейде атап өтсе, деген тілегіміз бар.
Орынды тілек. Президент Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық шешімдерден бастап тарих, дін, тіл, руханиатты түгел қамтыды. Жарты сағаттан сәл асқан сұхбатта елге ең қажет, ең керек пікір-пайымдарын білдірді.
Смағұл Елубай, жазушы, қоғам қайраткері:
Ол кісінің тілге байланысты айтуында мынандай философия болды. «Сабыр түбі сары алтын», дегенді айта білді. Өйткені, біз сабырменен әрекет жасап отырсақ, әрине, тіл үшін күрес тоқтамауы керек. Бірақ, ол күрес ешқандай дау-жанжалға, айқай-шуға, жұрттың мазасын алатын дау-дамайға бармауы керек. Елбасының Ұлытау сұхбатынан біз осыны ұқтық.
«Қоғамды сауықтыруда діннің орыны ерекше», - дейді жазушы. Дегенмен, әрі тарт та бері тарт көбейді. Президент бұл мәселеде де өз пікірін ашық білдірді.
Смағұл Елубай, жазушы, қоғам қайраткері:
Бірақ діншіл болу осылай екен, деп бірнеше сектаға бөлінетін болсақ, онда халықтың бірінің жағасынан бірінің қолы ажырамауы мүмкін. Оны біз тарихтан біліп отырмыз. Сондықтан да, елдің басын ұйытқан біздің дәстүрлі дініміз, мыңдаған жыл бойы бір қазақ бір қазақтың жағасын дін үшін жыртпаған біздің дәстүрлі дініміз, соны қалыпқа келтіру бәріміздің міндетіміз деп ойлаймын.
Ел тұтқасын ұстаған тұлғалар әр кезеңде, әр мәселеге байланысты негізгі ұстанымды білдіріп жатады. Ұлытаудағы сұхбат бүгінгі ұстаным мен негізгі мұратты меңзеген салмақты дүние болды.
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ