«Нұр Отан» партиясы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шараларын қорытындылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Нұр Отан» партиясы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шараларын қорытындылады

07.09.2014
«Нұр Отан» партиясы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шараларын қорытындылады

Кез келген қоғамды іштен ірітетін бір кесел бар. Жемқорлық деген. Емі табылмай тұр. «Сол дерттің дауасы жоқ па? Жейтіндер жеп бітті, неге тойым жоқ?» деген сұрақтар қоғамда көп қойылып жүр.

Ғаламторды ашып қалсаң, теледидарды қосып қалсаң, «пәлен облыстың түгенше деген басшысы парамен ұсталды. Жоғары лауазымы шенеунік түрмеге қамалды. Сотталды. Мүлкі тәркіленді» деген ақпарат өріп жүр.

Айтып-айтпай не керек,  параны алатын да, беретін де жеке тұлғалар. Бір күнде олардың арын ояту оңай емес. Бұл үшін мақсатты жұмыс керек. «Нұр Отан»  партиясы қазір сол жұмысты табандылықпен жүргізіп жатыр.

 «Саяси көшбасшылықтың қағидатты мәселесі – біздің жемқорлыққа қарсы бітіспес стратегиямыз. Партия нұротандықтардың азаматтық ар-ожданының принципті сақшысы болуы керек...» ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың партияның XV съезінде сөйлеген сөзі

Президент «Нұр Отан» партиясының жұмысын өңірлерде, соның ішінде еңбек адамдары арасында жетілдіруді тапсырған. Сондықтан, партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жұмыс сапарын кенді аймақтан бастады. Алдымен, Қарағанды құю-машина жасау зауытының тыныс-тіршілігімен танысты.

Кенжебек Тоқышев, токарь:

Осы жұмысқа келген еңбекші жастарды өз қамқорымызға алып, дәл біз сынды жан-жақты маман етіп даярлауға бар қажыр-қайратымызды жұмсап, ел экономикасын еселей түсеміз.

Бүгінде аймақтық филиалдың 95 706 мүшесі партия саясатын жүзеге асыруда міндеттелген 12 негізгі жоба бойынша жұмыла жұмыс істеп, бірқатар жетістікке қол жеткізді.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Елбасы айтқандай, ең дамыған 30 елдің арасына кіру үшін біз әрқашанда тұрақтылықты, келісімді, бейбітшілікті, келісімді қамтамасыз етуіміз керек.

Бауыржан Байбек Петропавлдағы ауыр машина жасау зауытында еңбек етіп жүрген жастармен де кездесті. Себебі, бұл кәсіпорындағы 1000-нан астам жұмысшының  төрттен бірі – жастар.

Абылайхан Қайроллаев, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

Қазірге кезде елімізде көптеген кәсіпорын ашылуда. Бұл жастарды жұмыспен қамтамасыз етеді. Елбасы айтып өткендей, жастар бір жерде отыра бермей, жұмыс істеуі керек. 

Өңірдегі үкіметтік емес ұйым өкілдерімен өткен кездесуде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» бағдарламасының жобасы талқыланды. Қоғамда белсенділігі жоғары, азаматтық ұстанымы айқын олар бағдарламаны толықтыруды ұсынды.

Әсемгүл Есқожа, «Азаматтық бастамаларды дамыту институты» ҚБ директоры:

Біздің ұсынысымыз – азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы фактілерді жіберу үшін ортақ интернет портал құру, деп ойлаймын.

Бұл – Көкшетау қаласындағы «Тыныс» зауыты. Мұнда қазір  800 адам еңбек етеді. Оның 170-і  жастар. Бауыржан Байбек бастаған топ солармен кездесіп, бүгінгі ахуалымен танысты.

Бейбіт Нұрахаев, «Жас Тыныс» ҚБ жетекшісі:

Біздің зауытта жастарға деген әлеуметтік пакет қарастырылған. Жастар шаңырақ көтеріп,  балалы-шағалы болғанда, бала 3 жасқа толғанға дейін оларға материалдық көмек көрсетіледі.

«2015-2025 жылдардағы жемқорлықпен күрес» бағдарламасына алматылықтардан 70-тен астам түзету мен ұсыныс түсті. Бұл бағдарламаны талқылау республика бойынша 8-шілдеден басталып, қазір барлық аймақта қызу жүріп жатыр.

Бүгінде 800-ден аса ұсыныс түссе, оның 200-і интернет қауымдастықтардан. Ал, бағдарлама жобасы 6 000-нан астам партиялық және сарапшылық алаңда қаралды. Оған 800 000 адам қатысты.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Біз жыл сайын халықтың алдында, партияластарымыздың алдында есеп беретін боламыз. Не жасалды, не істелді, қандай нәтижелері, қандай кемшіліктері бар. Соның нәтижесінде біз халықты біріктіріп, бақылауды күшейтіп, жемқорлыққа қарсы келетін боламыз.

Тоқетері, аталған ауқымды бағдарлама жобасында «Нұр Отан» партиясы заңнаманы жетілдіруді, оның ішінде жаңадан 3 заңнамалық акті қабылдаудың қажеттігін атап көрсетеді. Яғни, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл», «Ақпаратқа қолжетімділік» және «Қоғамдық бақылау туралы».

Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу