Елбасы Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барды

31.08.2014
Елбасы Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барды

Еліміздегі  ескірген  жылу трассаларын   дәл  мынадай құбырлармен ауыстырса,   60 жыл міз бақпайды. Қарағандыда   1,5 миллиард  теңге инвестицияға жаңашыл өндіріс салынды. Инвестор мұнда  немістің қондырғысын әкеп орнатты.  Зауытта  құбырдың  сыртына пластик кигізіледі. Арасына  көпіршік толтырылып, қымталады.  Мұндай өнім берік, жылуды ұзақ сақтайды.

Белғазы Ақторғаев, технологиялық желінің монтаждаушысы:

Жай ғана  шойын тұрбаға қарағанда, пластик құбырдың жылу сақтау қабілеті жоғары, 60  пайызға дейін  сақтайды.

Құбырдың  арасына  сым керілген. Бұл - белгі беру құралы. Құбыр  тесілсе, кез келген жерді қопарып  жатпайсыз. Ақауды   дәл тауып, компьютерге белгі беретін  осы сымдар. Өндіріс қожайыны  жылына  25 мың метр заманауи  құбыр  шығарылатынын айтады. Мұндай зауыт  Қазақстанда әзірге жалғыз.

Олег Винокуров,  «Изоплюс Центральная Азия» ЖШС директоры:

Өнім сұранысқа ие, ал баға кәдімгі құбыр бағасынан  көп емес. Қазір  диаметрі  1200 миллиметр болатын тұрбаларды республикалық маңызы бар  магистральдарды салуға пайдаланып жатыр. 

Енді бір инвестор  арматура шығаратын төрт алып зауыттың қожайыны.   Томас Бёмердің   екі  өндірісі Германияда, бірі Қытайда, енді бірін  Қарағандыдан ашты. Кәсіпкерді қызықтырғаны, «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағындағы  жеңілдіктер. Ол өз елінде салуға болатын зауытты, Қазақстанға әкеліп орналастырды. 

Томас Бёмер, «Бёмер» компаниясының төрағасы:

Мұндағы қондырғылардың кейбірі  Германиядағы осы тектес зауыттарда жоқ. Тәуір өндірісті алып кеттің, деп отандастарым  өкпелеп қояды.

Өндірістегі негізгі өнімі – шарлы  кран. Жылына он мың данасы  дайындалады.  Бұл жабдық  мұнай-газ саласына, химия өнеркәсібіне  таптырмайды. Жылу трассаларына да керек. Өнім  саудаға шығарылмас бұрын  алып  қондырғыда  сынақтан өтеді.  420  атмосфераға  шыдас беруі керек. Зауыттың әлеуетімен Елбасы танысты.

Аймаққа сапары кезінде Мемлекет басшысы  жаңа спорт кешенін аралап көрді.  Нысан  ең тәуір жаттығу  жабдықтарымен  жарақталған.  Бөлмелері  кең, үлкен бассейні бар.  Бір мезгілде   400 адам шыныға   алады. 

Мұнда топтық жаттығулардың  кейбірін спорт шеберлері   өздері өткізгелі отыр.  Бүгін  чемпиондар  Мемлекет басшысымен  кездесті.

Ерсін Мұхаметжанов, қазақ күресінен Әлем чемпионы:

Осындай спорт  орындарының көп болғанын қалаймыз. Әрбір спортшының қосымша  жаттығуы бұл. Бассейндер әрбір спортшыға  ғана емес, адамдар үшін арман.

«Сарыарқа» арнайы   экономикалық   аймағында  Мемлекет басшысына   өндірісті өңірдің  ахуалы баяндалды. Облыс  бюджетінің  соңғы үш жылда қырық пайызға өскені   айтылды.  Аймаққа тартылған инвестиция, өндірістік өнім көлемі  жөнінде облыс әкімі есеп берді. 

Нұрмұхамбет Әбдібеков, Қарағанды облысының әкімі:

Индустриялық картаға сексен жоба енді, оның 55   іске қосылды. 47  өндіріс қуат алды, тағы төрт өндіріс тек елу пайызға жұмыс істеп тұр.

Алайда, басты кінәрат  өндірістердің орналасуында. Қарағандыда Индустриялық картаға  енген жобалардың  дені орталыққа – шоғырланған. Аудандарда  қолға алынып жатқан жобалар  некен-саяқ. Ауылдарда  неге өндіріс салынбайды, осы сауалды Президент бірден бірнеше әкімге қойды. Бірақ,  тұщымды жауап ала алмады.

Бүгін Президентке таныстырылған екі өндіріс те  «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында орналасқан.  Анығында бұл маңда  екеу емес,  53  өндірістік   жоба  жүзеге асуы керек-ті.  Мемлекет  бұл мақсатқа    25 миллиард  теңге  қаражат бөлді.

Бірақ, аймақ билігі   инвесторларды   тиімді тарта білмеді, келгенін  кәсіпорыннан үлес сұрап қашырды, тіпті  қаржыны  түбі дүдәмал басқарушы компанияларға  салды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Келіп тұрған инвестицияны алмадыңдар, кетті басқа жаққа. Нақты жұмыс істейтін инвесторларды тартудың орнына басқарушы компания арнайы  экономикалық аймақты  бос фирмалармен  толтырды.

Көктемде Мемлекет басшысының   атына бір топ кәсіпкерден хат келіп түскен. Бизнес өкілдері аймақта жеке  кәсіп ашу үшін  жер алу қиямет екенін айтып  шағынады. Дауға  Мемлекет басшысы өзі   араласып,   қадағалаушы органдарға   істің анық-қанығына жетуді тапсырған болатын.  

Әкімдік  оң жамбасына  келген бір  фирмаға 7, енді бір  фирмаға   11 жер учаскесін заңсыз сатып жіберген.  Делдал фирма кейін ол учаскелердің  әрқайсысын   25 мың долларға саудалап, табысқа  қарық болады.  Ол аздай жергілікті атқарушы   орган  кәсіпкерлердің  жерін тартып алу үшін   әртүрлі  схемалар  ойластырған. 

Аймақта әлеуметтік ахуал  да мәз емес.   Жас босанған келіншектердің сәбилері себепсіз шетіней береді.    Жыл басынан бері 147   шарана  қаза болды.   Тағы бір қызығы,  Қарағандыда    соңғы үш жылда   бір де бір балабақша салынбапты. Ұрпаққа  қамқорлықтың деңгейін  осыдан-ақ  бағамдай беріңіз.

Президент  шенеуніктер сөзден тайқымасын деп көп деректі келтіре отырып,  біраз  мәселені батырып айтты.   Жаңа басшылар  кеткен кемшілікті түзер деген  ниетпен ескертіп те көрді. Ендігі  қарекет – аймақ басшыларының  аяқ алысына қарай.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу