ҚР Конституциясына – 19 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚР Конституциясына – 19 жыл

31.08.2014
ҚР Конституциясына – 19 жыл

30 тамыз. Мемлекеттік мереке, қасиетті мереке, айтулы мереке. Ата Заңын ардақтаған Қазақстан Конституцияның он тоғыз жылдығын атап өтті. Республиканың әр түкпірінде әр қилы жүзге жуық жиналыс, арнайы шаралар ұйымдастырылды, халықтың еркі көрініс тапқан Қазақ Конституциясы ұлықталды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елді мәнді мейраммен құттықтап, бас құжаттың баянды болуын тіледі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Барлықтарыңызды осы мерекемен құттықтаймын. Егер барлық азамат өздерінің құқықтарын Конституция арқылы біліп отырса, оның орындалуын қатаң сақтаса, құқық қорғау органдары соның орындалуын мемлекеттік қызметкерлерден соны талап етіп отырса, біздің өміріміз жақсара береді. Барша қазақстандықтарға шын көңілден бейбітшілік пен ынтымақ, табыс пен құт-береке тілеймін!

2014 жыл қазір. Бәрі еркін. Мемлекеттік мерекелерімізді еркін тойлай аламыз. Ал кеңес шекпеніндегі елдердің  енді ғана егемендігін алған кезін елестетіңізші. Ол бір - өндіріс тұралап, шаруа шатқаяқтап тұрған тоқсаныншы жылдар еді. Сондықтан, дербес елдердің дара заңдарынан құралған құжатты қабылдау оңай болған жоқ.

Тәуелсіз ел болғанымызбен, ешбір мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнатып үлгерген жоқ едік. Қазіргідей экономикалық, саяси, мәдени байланыстар болмады.  Сондықтан, Қазақстан үлкен тарихи таңдау жасады.  Өткен күндерге шегінейік.

Ұлттық арнаның мұрағатында сақталған бұл бейнекөрініс талайдың көзіне жас әкеледі, жүрегін елжіретеді. Өйткені, бұл - тарихта ұмытылмайтын, керісінше жылдар өте ұлықталатын ұлы күн.

1993 жыл. Алғашқы Конституциямызды қабылдаған мерейлі мезет көзден кетсе де, көптің көкейінен кете қоймады. Кетпейді де. Заңгер Өмірәлі Қопабаев сол сәттің куәгері.

Өмірәлі Қопабаев, заң ғылымдарының докторы:

Дәл осы залда біздің Конституцияны бүкіл халық қабылдағаннан кейін зал лық толып отырды. Мұнда қоғам қайраткерлері, заңгерлер лық толып отырып, мінберден Елбасы осы Конституцияны қабылданғаны туралы жариялады. Сол кезде бәрі қол соғып, бір-бірін құттықтап, мәре-сәре болып қалды.  Міне, осы тарихи зал, деп санаймын.

Кейін екі жылды еңсеріп, егемен елдің елеулі екінші Конституциясы дүниеге келді. Ол жолы бүкілхалықтық референдум өткізілді. Республиканың әр түкпірінен он сегізге толған әр тұрғын жаңа заңға дауыс берді. Алғашқысының соңғысынан ерекшелігі мазмұнының сапасында еді. 1995 жылғы Ата Заң жүйелі жасалды.

Унзила Шапақ, Қазақ гуманитарлық заң университетінің ұлттық құқық мектебінің директоры:

ҚР 1995 жылы Конституцияда алғаш рет ҚР басқару нысаны президенттік болғаны жөн деп анықтады. Әрине, унитарлық нысанды қалдырды, содан кейін осы Конституция ішінде біріншіден, Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық деп санап, осы құндылықты жоғары бағалай отырып, татулыққа, тұрақтылыққа негізделген экономиканың дамуын жоғары қойған, тек демократиялық  басқарудың әдіс-тәсілдеріне негізделген мемлекетті құрамыз деп көздеді.

Кіріспе, 9 тарау, 98 баптан тұрады біздің Конституция. Кез келген тармақ, тармақшасын талқыласаңыз, теңдік, еркіндік, бостандықты байқайсыз. Ал осы үш ұғым құқықты білдіреді.

Яғни, біздің елдің Ата Заң беттерін ақтарған азамат Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде мойындайды. 

ҚР Конституциясы

II бөлім, 17-бап

1. Адамның қадiр-қасиетiне қол сұғылмайды.

2. Ешкiмдi азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездiк немесе адамдық қадiр-қасиетiн қорлайтындай жәбiр көрсетуге не жазалауға болмайды.

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу