Елбасы Кеден одағы елдері көшбасшыларының Украина және Еуропалық Одақ өкілдерінің кездесуіне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Кеден одағы елдері көшбасшыларының Украина және Еуропалық Одақ өкілдерінің кездесуіне қатысты

31.08.2014
Елбасы Кеден одағы елдері көшбасшыларының Украина және Еуропалық Одақ өкілдерінің кездесуіне қатысты

Екі саясаткер де бірін-бірі сырттай біледі. Бірақ іш тарта қоймайды, көзқарастары салқын, қол алысуы суық. Ендеше кеудесін өкпе қысқан көршілердің арасына Кедендік одақ арағайындық етпек.

Қазақстан, Ресей, Беларусь Украинаның Шығысындағы  қантөгісті  тоқтату үшін бейбіт келіссөздерді бастады. Өйткені, Украина бізге бөтен ел емес. Әрі  арадағы сауда жолы тежелмеуі керек.

Үш елдің   көшбасшылары Минскіде Украина президенті Петр Порошенкомен бетпе-бет отырды.  Тағы бір бейтарап жақ Еуропалық Одақ өкілдері. Келіссөздер мұндай форматта тұңғыш рет өтіп отыр.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қандай да бір нәтижеге қол жеткізу үшін ымыраға келу керек, кері шегініп кей жерде  көну керек.  Көп нәрсе Украина, Ресей, Еуропалық Одақтың сындарлы позициясына байланысты. Тараптар   келісімге келе алады.

Араздасқан әр жақтың өз ақиқаты бар. Порошенко еуропалық бағытты таңдаған саясаткер. Президент болып сайланарда, халыққа Қырымды қайтарамын, деп уәде етті. Сол сертінен тайғысы жоқ. Әзірге елдің іші қырық пышақ. Украинаның шығысындағы қақтығыстар келіссөздер кезінде де тыйылған жоқ. Кешегі бауырлар бүгін бірін-бірі жау көреді, көршілер бір-біріне шоқ тастап, оқ атады. 

Петр Порошенко, Украина президенті:

Украина халқы унитарлы, демократиялы және еуропалық үлгідегі мемлекеттік қалыпты таңдады. Біз халықаралық қауымдастықтың мүшесі ретінде дербестігіміздің, аймақтық тұтастығымыздың, шекарамыздың бүтіндігінің халықаралық құқықтық нормаларға сай  құрметтелуін талап етеміз. Ешкім соғысты қаламайды.

Даудың басы Еуропалық одақ пен Украина арасында қабылданар іргелі құжатта жатыр. Ресми Киев батысқа біржола бет бұрса, Кедендік одақтағы көршілердің  экономикасына нұқсан келеді.

Дәлірек, Украинаға Еуропа тауарлары ағылғанда, Украинаның тауары еріксіз Ресейге кұйылады. Саудадағы тепе-теңдік бұзылады. Ресейге келер шығын орасан, дейді Владимир Путин.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:

100 миллиард рубль немесе үш миллиард доллар. Бұл бастапқы сатыдағы шығындар ғана. Ресейде агроөндірістік кешен тығыраққа тіреледі. Шығындар, Беларусьте де, Қазақстанда да болады.  Сондықтан, Ресей қарап қала алмайды. Біз нарықты қорғау үшін жауап ретінде қарсы шаралар қолданатын боламыз. 

Қыс болса, қыр астында. Тараптар қарулы қақтығысты доғарып, ымыраға келмесе, бүтін ел қыстың қаһарына қамсыз отыр. Украина о баста Ресей газына тәуелді. Ал, қазаншының қайдан құлақ шығарса да еркі өзінде. Ол аздай қақтығыстар кезінде инфрақұрылымдар бүлінді.

Қысқа мерзімде құбырларды қалпына келтіру мүмкін емес.  Екіншіден, елде әлеуметтің халі тығырыққа тірелді. Қақтығыс ошақтарында дүкендер қаңырап қалды, азық-түлік жетпей жатыр.   

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз Украинаның шығысындағы гуманитарлық апатты болдырмауымыз керек. Қазір ең алдымен, зардап шеккендерге кешенді гуманитарлық көмек көрсетілуі қажет. Бұл шараға халықаралық ұйымдарды қатыстыру керек. Қазақстан да қолдау көрсетуге дайын. Қызыл  Жарты Ай қоғамы   бейтарап делдал ретінде қатыса алады.

Гуманитарлық көмек - Украина бетпе-бет келген қиындықтардың бір ширегі. Ел  жаппай экономикалық күйреудің алдында. Шаһарларының талқаны шықты, елді мекендер ойрандалып жатыр. Өндірістер тоқтап тұр.

Нұрсұлтан  Hазарбаев мұндайда көршілердің көмегі аз, деді. Батыс та, Шығыс та, Еуропалық одақ та Украинаға жұмыла көмектесуі керек. Бұл үшін арнайы қор құруды ұсынды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мынау  Украинаның  шығысындағы мәселені шешу - менің ұсынысым болды. Соғысты тоқтатып, гуманитарлық  көмек көрсету керек. Донецкі мен Луганскіде жылу  орталықтары  қирады, ғимараттар қирады. Керек тауарлар жоқ. Сондықтан, соғысты тоқтату керек.

Минскідегі келіссөздер ұзаққа созылды. Үштік форматтағы Қазақстан, Ресей, Беларусь президенттерінің  ақылдасуы тіпті түн ауғанша жалғасты. Нәтижесінде   Украина, Ресей және Еуропалық Одақтың жұмыс топтары қыркүйек айының 12 дейін  ұсыныстар дайындайды. 

Бұл ұсыныстар Кеден одағындағы  елдердің күмәнін біржола  сейілтуі керек. Өйткені, Қазақстан, Ресей, Беларусь Украина Еуропалық Одақпен қауымдастық туралы келісімшартты ратификацияламай тұрып, өзін қорғап үлгеруі керек.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу