Семей ядролық полигонының жабылғанына – 23 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семей ядролық полигонының жабылғанына – 23 жыл

31.08.2014
Семей ядролық полигонының жабылғанына – 23 жыл

Осыдан тура 23 жыл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сол кездегі саяси өмірдің сансырап тұрғанына қарамастан, Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл осы зұлматтан зардап шеккен қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл халықаралық қауымдастық үшін батыл да баға жетпес шешім болатын. Арада жылдар өте келе, Президент Жарлығы шынымен замана жадына жазылған тарихи құжатқа айналды.

Эрлан Батырбеков, ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры:

XX ғасырдың ең айтулы оқиғасы – Семей полигонының жабылуы болды.  Бұл сөз жоқ, Мемлекет басшысының  батыл бастамасы арқасында жүзеге асқан маңызды шешім. Полигон жабылғаннан кейін Қазақстан алдында ядролық сынақтардың зардабын жою, әскери инфрақұрылымды бейбіт мақсатқа пайдалану сынды өзекті мәселелер тұрды. 

40 жыл қырғын көрген қазақ сахарасындағы Семей полигонында барлығы 456 сынақ жасалды. Олардың әрқайсысының қуаты Хиросимадағы атом бомбасының дүмпуінен екі жарым мың есе артық. Жойқын жарылыстардан 1,5 миллион адам зардап шекті.

Мұрат Оразалин, «Невада-Семей» қозғалысының алғашқы төрағасы:

Халық оны білді, бірақ, қорғаныс үшін керек деп ештеңе ескермеді. Ол кезде ешқандай зияны жоқ деді. Оның бәрі өтірік сөз болып шықты.

Кеңес үкіметі ядролық сынақтар туралы тек 1953 жылдары ғана айта бастады. Онда да жарылыстың еш зияны жоқтығын мәлімдеді. Алайда, ядролық қарудың қасіреті уақыт өте белгілі болды. Жасырын жарылыстардан әсіресе, Абай, Бесқарағай, Абыралы, Жаңасемей аудандарының тұрғындары қатты зардап шекті.

Әлихан Өмірханов, зейнеткер:

Көп үйдің  пештері құлады, терезелері сынды. Бірақ у-шусыз оның бәрін өздері реттеді. Шыны алып келді, салды, халықты тыныштандырды. Біз ол кезде түсінген жоқпыз. Қайта анау саңырауқұлақты көріп мәз болдық.  

Қазақстан – жаппай қырып-жою қаруынан ерікті түрде бас тартқан әлемдегі алғашқы мемлекет. Осыдан кейін әлем назары Қазақ еліне ауып, Елбасы шешімін жаппай  қолдады. Ең бастысы, халықтың тілегі орындалды. Қазақ жерінде әлем бойынша қуаты жағынан төртінші орынды иеленетін арсенал қалды.

Сөйтіп, ел алдында қатерлі қарудан арылу міндеті тұрды. Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға көшті. Бір кездері құпия нысанға айналған Курчатов қаласында 1992 жылы Ұлттық ядролық орталық құрылды.

Оған атом энергиясын дамыту, Семей  радиоэкологиясын қадағалау, жаппай қырып-жою қаруын таратпау және кадр мәселесін шешу сынды бірқатар маңызды тапсырма  жүктелді. 

Эрлан Батырбеков, ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры:

Бүгінгі таңда біз АҚШ және Ресей елдерімен бірлесіп, сынақ алаңындағы ядролық инфрақұрылымның түгел көзін жойдық. Бұл туралы үш президент Сеулде өткен форумда ресми түрде мәлімдеді. Қазір біз жұмыстың жаңа кезеңіне қадам бастық. Бұл – ядролық сынақтардың зардабын жою, бұл жұмысты тәжірибе алаңынан бастадық.

Семей полигоны жабылды. Сынақ тоқтады. Бірақ, мұнымен қауіп сейілді деуге болмайды. Ұлттық ядролық орталық алдына залал келген аймақты анықтап, қатерді жою міндеті тұр.  

Эрлан Батырбеков, ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры:

Бүгінгі таңда біз Семей полигонының 6 мың 60 шаршы шақырым жерін, яғни, аймақтың 30 пайызына зерттеу жүргіздік. Мұндағы мақсат – нақты ластанған аймақтың көлемін анықтау. Осының нәтижесі бойынша 90 пайызы аса қауіп төндірмейтініне көз жеткіздік, деп  сеніммен  айта аламын. 

Қазақ Президентінің тың бастамасы кезінде атом бомбасын жасаудан жарысқа түскен АҚШ пен Ресейге де үлгі болды. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтон мен Сеулде өткен Жаһандық ядролық қауіпсіздік саммитінде ядролық өнімдердің Халықаралық қоймасын қазақ жерінде орналастыруға дайын екенін мәлімдеп, ядролық қаруды лаңкестердің иеленіп кетпеуі турасындағы ой тастаған. Бұл өзекті мәселе халықаралық қауымдастық тарапынан әлі күнге дейін қызу талқыланып келеді.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу