Дмитрий Журавлев: Экономикалық одақты саясатпен араластырмау керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дмитрий Журавлев: Экономикалық одақты саясатпен араластырмау керек

13.07.2014
Дмитрий Журавлев: Экономикалық одақты саясатпен араластырмау керек

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғалы алдымыздан байтақ базар ашыла түсті. Осы мәселеге қатысты сарапшы пікірін тыңдай отыралық. Бізбен Ресейдің аймақтық проблемалар институтының директоры Дмитрий Журавлев сұхбаттасты. 

- Экономикалық ықпалдастық Қазақстанға не береді?

- Одақ біріншіден қосымша ресурс береді. Ал ресурс дегеніміз индустрияландыруды қолға алған Қазақстан үшін таптырмас құрал. Бұл - өте үлкен жұмыс. Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің ынтымақтастығы экономикаға тың серпін береді. Бұл физикадағы «кумуляция» әсері сияқты.

Экономикалық одақты саясатпен араластырмау керек. Үш елдің бірігуі қаржылық жағынан ғана емес, жан-жақты да тиімді. Оған жарқын мысал, ғарыш саласы. Өйткені, дәл қазіргі уақытта біздің елдер осы саланы жетік меңгере алмай отыр. Оны экономикалық тұрғыдан тиімді салаға айналдыру керек.

- Еуразиялық экономикалық одақ неге дәл осы қазір құрылып отыр?

- Менің ойымша, Еуразиялық экономикалық одақ дер кезінде құрылды. Негізі кез келген ұйым әбден зерттеліп, оның жан-жақты тиімділігіне көз жеткізгенде ғана құрылады. Сондықтан, экономикалық одақ құру ұзақ процесс.

Бір-екі жылдың жұмысы емес. Мұндай маңызды құжаттарға  асығыс қол қою қауіпті болар еді. Өйткені бір экономикалық жүйеге қосылғанда қиындықтар болып тұратыны сөзсіз. Бірінің жұмысы жанданса, бірі шет қалып қалуы да мүмкін. Еуразиялық экономикалық бірлестікке  мүше елдердің құқығын тең сақтау үшін өте мұқият болуымыз керек.

Қат-қабат, әдемі жазылған құжатқа қол қоя салып, ертеңнен бастап жұмысқа кірісеміз деп асығыстық жасауға да болмайды. Сол себепті, экономикалық одақ құруға деген 20 жылдың дайындығы, 20 жылдың жұмысы енді нәтиже бермек.

- Ресей Еуразиялық экономикалық одақ құру арқылы өзге елдерге ықпалын арттырмай ма?

- Мен экономист емес, саясаттанушымын. Мысалы,  экономикалық одақ құрылса, Қытайдың өзге мемлекеттерге ықпалы азайып  қалады деу қате пікір.

Біздің мақсатымыз - Қазақстан арқылы Қытайды немесе Орталық Азиядағы өзге мемлекеттерді шеттету емес. Бірлестік құру арқылы барлық мемлекеттердің экономикасын бұрынғысынан да жақсартуға болады.  Ал Қазақстан, Ресей, Беларусь үштігінің қазіргі қадамдары анық.

- Одақтың болашағы қандай деп ойлайсыз?

- Бала өскенде балалығын қояды, бұрын жіберген қателіктерін қайталамайды. Ал ересек адам болғанда, одан сайын кемелдене түседі. Бұл - табиғи құбылыс. Экономикалық одақ жұмысы да сол сияқты. Уақыт өте барлығы өз орнына келеді.

- Әңгімеңізге рахмет!

 

Хабарламаларға жазылу