Қаланың зәулім ғимараттары мен жүйткіген көліктерінің арасында өскен бала үшін көкпен тірескен тауды көру - нағыз бақыт. Жаңақорғандағы «Талдысу» лагерінде тынығып жатқан бір топ бала Қаратауға көтеріліп, шұғылалы күннің шыққанын, арайлы таңның атқанын көрді.
Осы сәтті асыға күткен балақайлар мәре-сәре болып, суретке түсті, әлеуметтік парақшаларына салды сосын. Енді ше? Компьютер мен гаджетке үңілген балалар үшін қарт Қаратаудағы бұл таң лагерьдегі естен кетпес сәттердің бірі болып қалмақ.
Демалушы:
Мен тауға алғаш рет шығып тұрмын. Жазғы каникулым көңілді өтіп жатыр.
Демалушы:
Таң ата күннің қалай шығатынын және де бұл жерде ауа-райының тамаша екенін, осы жердің кереметтігі соншалық, адамның жанына керемет бір көңіл-күй сыйлайтынын білдік. Өзімізге жаңа достар таптық.
Тауда таң атырған балалар жарыса жүгіріп, алыстан мен мұндалап тұрған лагерьге асықты. Қазақтың Қара жорғасымен басталатын таңғы жаттығудан қалып қоймау керек. Өйткені, сымбатты болудың сыры дене шынықтыруда екенін жақсы біледі олар.
Осыдан төрт жыл бұрын ашылған «Талдысу» орталығы - аймақта жыл он екі ай жұмыс істейтін жалғыз лагерь. Қыста дарындылар пәндік олимпиадаларға әзірленеді, түлектер ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалады.
Ал, жазда балғындар тау етегіндегі табиғаты тамаша жерде тынығады. Лагерь ұжымы жеткіншектердің жазғы демалысын мазмұнды өткізуге күш салуда.
Үмбет Әбибуллаев, орталық директоры:
Бізде қолөнер, бейнелеу өнері, шебер қолдар өнері бар. Сонымен қатар, шахмат, дойбы үйірмесі жұмыс істейді. Онымен қоса жаңадан ұлттық тәрбие орталығын ашып отырмыз. Он қанаттық ақ отау тігіп, осы ақ отаудың ішінде демалады, қазақтың асығын, тоғызқұмалағын ойнайды.
Ал, бұл - қаладағы «Арай санрайз» лагері. Қазір мұнда кезекті ауысымға келген 180 бала алаңсыз асыр салып жүр. Спортты серік еткен ұлдар теңбіл допты қуалап, күресті үйренуде. Ал, қыздар сырмақ, ши, кілем тоқу үйірмелеріне қатысады. Каникулдың он күнін лагерьде алғаш рет өткізіп отырған Сымбат ұлттық нақыштағы кәдесый жасауды жүр.
Сымбат Қаппарова, оқушы:
Міне, мен киізден аққуды тігіп отырмын. Мен өте қуаныштымын. Демалысым өте керемет өтіп жатыр деп толық сеніммен айта аламын.
Тоғыз ай бойы оқу-жазудан босамайтын балалар үшін лагерьдегі демалыстың артықшылығы осы. Тынығады, қарым-қабілетін, не нәрсеге икемді екенін байқайды.
Сонан соң үйірмеге барып, ұнаған кәсібінің қыр-сырын меңгереді. Баланың мамандық таңдауына да, жаңа достар тауып, қанаттанып қайтуына да сеп болатын осы лагерь.
Биыл аймақтағы сегіз лагерьде тынығу үшін сегіз мыңнан астам бала жолдама алды. Отыз бес мың оқушы мектеп жанындағы күндізгі лагерьде демалды.
Көршілес облыстарға аттанған жеткіншектер де баршылық. Статистикаға сенсек, облыстағы мектеп жасындағы балалардың тоқсан екі пайызы үш ай демалысты қызықты өткізуде.
Наурыз Байқадамов, облыстық Білім басқармасының басшысы:
Мың бала, оның ішінде 750 бала Алматы қаласындағы, 250 бала Оңтүстік Қазақстан облысындағы балалар тынығу лагерінде демалса, 322 бала Астанаға Елорда күні қарсаңында экскурсияға барды.
Сонымен бірге, біз облысымыздың атынан халықаралық, республикалық олимпиадалардың, ғылыми жобалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін арнайы демалыспен, республика көлеміндегі лагерьлермен қамтып отырмыз.
Облысымызда 980-дей ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала бар. Биыл соларды 100 пайыз жазғы демалыспен қамтыдық.
Болашақта қызылордалық өрендер Ресейдің Краснодар өлкесінде демалатын болады. Қазір қос тарап осы мәселені шешуге уағдаласып жатқан көрінеді.
Облыстың бас педагогы айтқан тағы бір жағымды жаңалық. Жаңа оқу жылынан бастап өңірдегі лагерьлердің барлығы да он екі ай бойы үзбей жұмыс істейтін болады. Ол үшін алдымен тоз-тозы шыққан ғимараттар жөнделмек.
Бұл енді алдағы күндер еншісінде. Ал, лагерь жырын айтып, алауды айнала жүрген балдырғандар «Менің жазғы демалысым» деп аталатын шығармаға арқау болар қызықтың көп екеніне қуанышты.
Айшат Алпысбай, оқушы:
Мен жаңа достар таптым. Мен тағы да осы лагерьге келгім келеді. Маған лагерь өте қатты ұнайды.
Өнер мен еңбекке, адал достыққа үндеген лагерьдегі он күннің естелігі балалар жадында жаңа достарымен бірге жаққан алау секілді ұзақ лаулайтыны сөзсіз.
Гүлжан ҚАЛТАЙҚЫЗЫ