Мемлекет басшысы елдің қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуді тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы елдің қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуді тапсырды

13.07.2014
Мемлекет басшысы елдің қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуді тапсырды

Астананың думан тойы бітті, ақ жағалы ұлықтар демалысқа кетті. Алайда, біздің Президентте дамыл жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев осы бейсенбіде Алматыдағы резиденцияда Премьер-Министр Кәрім Мәсімов пен Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовті қабылдады.

Кездесуде Кәрім Мәсімов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғашқы жартыжылдықтағы экономикалық дамудың негізгі қорытындылары жөнінде айтып, Үкіметтің келер жартыжылдыққа жоспарланған жұмысы туралы баяндады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің және валюта нарығындағы ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету қажеттігіне тоқталды, сондай-ақ, әлемдік қаржы нарықтарында болатын қатерлерге талдау жүргізуге баса назар аударды.

Ал, Қайрат Келімбетов елдің қаржы секторы мен банк жүйесінің жағдайы, сондай-ақ, Ұлттық банк жүргізіп отырған ақша-несие саясаты жөнінде баяндады. 2014 жылғы бірінші тоқсанда ІЖӨ-нің нақты өсімі 3,8 пайыз болды.

2013 жылғы бірінші тоқсанмен салыстырғанда, тауарлар экспорты 10,8  пайызға өсіп, 22,7 миллиард АҚШ долларына жетті, ал тауарлар импорты 14,6 пайызға азайып, 8,7 миллиард АҚШ долларын құраған.

Ұлттық қор мөлшері шамамен 77 миллиард АҚШ долларына жеткен. Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы елдің қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және экономиканың даму қарқынын сақтау жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы аптада сондай-ақ, Алматы облысында өндірістік шаруашылыққа барды. «Байсерке-Агро» деп аталатын серіктестік бар жұмысын ғылымға негіздеген.

Президент  дәнді-дақылдардың жаңа сорттарын, пестицидтер мен биотыңайтқыштарды және ветеринарлық препараттарды көрді.

Маман ғалымдар Мемлекет басшысына өздері жасап шыққан биотыңайтқыштарды көрсетіп жатыр. Жарнамасы жап-жақсы. Зияны жоқ, пайдасы көп. Президент «университеттер ғылымды мықтауы тиіс», - деді.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Барлық университеттер ғылыммен айналысуы тиіс. Тек оқытып қана шектелеміз, деген болмайды. Бұл мақсатқа  Назарбаев университеті мысал бола алады. Оларда зертханалар ашып, кейін өндіріс ұйымдастыру үшін қажет болатын тәжірибелік-өнеркәсіптік жұмыстарды жүргізуге арналған техникалық база құрған жөн.  

«Байсерке-Агро» шаруашылық базасында Қазақ Ұлттық ауыл шаруашылығы университетімен бірге өндірістік оқыту орталығын құрған. Тәуір жұмыс істеп тұр. Дәнді дақылдардың жаңа сорттарын шығарған, тіпті ветеринарлық препараттары да бар.

Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығына қажет техникалардың жетілдірілген түрлерін көрді, мал өсіретін нысандарды аралады. 

 Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Азық-түлік өндірісі елімізді дамытудың басты факторына айналып келеді. 2050 жылға қарай әлемде халық саны  9 миллиардқа дейін өседі. Ол ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді екі есеге арттыруды қажет ететін болады. Қазақстанның орасан кең алқаптарды қоса алғанда, сол орынды иеленуге барлық мүмкіндігі бар. Бұл ретте ауыл шаруашылығы жаңа технологиялардың көмегінсіз одан әрі дами алмайды. Ғылымның бар күшін пайдалану керек, тек сонда ғана біз ауыл шаруашылығы саласында ілгерілей аламыз.

 «Байсерке-Агро» өндірістік шаруашылығы егін өсіреді, мал бағады, ет және сүт өңдейді. Өз ғалымдарымыз әзірлеген инновациялық технологияларды белсенді қолданады.

Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу