Астана күні қазаққа ортақ тойға айналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана күні қазаққа ортақ тойға айналды

06.07.2014
Астана күні қазаққа ортақ тойға айналды

Қазақ даласының қиыр-қиырындағы жұртшылық шілде туса, Астанаға ағылады. Биыл да солай. Елорда тойына бірлік танытып, бір кісідей атсалысты. Әрбір облыс әкімдігі сал-серілерін, қолына өнер қонған ісмер-шебер, құсбегі, атбегілерін ерте жетті. Астананың әрбір бұрышында өнер мен мәдениеттің, салт-дәстүрдің жәрмеңкесі өтті.

Осылайша Жетісу мен Жайық, Алтай мен Атырау, Сырдың бойын, Ертістің жағасы, Қазығұрт пен Ұлытауды, Көкше мен Баянауылды жайлаған жұрт Арқада табысты. Ән айтылып, күй тартылды.

Айнұр Омар, тілші:

Әуежай, вокзал, «Сапаржай». Мереке кезінде астаналықтардың біразын осы жерден табасыз. Күтіп алады, шығарып салады. Қала күні қарсаңында әр астаналықтың үйінде кемінде 2-3 адамнан қонақ  болады. Қыдырады, қыдыртады. Астана мерекесі тек қалалықтардың емес, жалпыхалықтық мейрамға айналды.

Раушан апа мен Бейбарыс мерекеге орай Шымкенттен қыдырып келді. Оны сыныптас құрбысы Гүлсара күтіп алды. Қос құрбының жоспары көп. Гүлсара әже біраз жылдан бері Астанада тұрады. Қаланы жақсы біледі.

Қолында жер-жерде болып жатқан іс-шаралар  тізімі. Концерт, көрме, алаңда болып жатқан қызықты бағдарламалар, балаларға арналған көңілді ойындар. Көп ойланбады, жүргенге жөргем ілінеді, қыдырғанға көңіл көтерер қызық жетеді.

«Бәйтерек», «Думан», «Хан Шатыр». Астанаға келген қонақтар міндетті түрде баратын үш жер осы. Күн жауып кетпесе, Есіл жағалайды. Бірақ, біздің кейіпкерлер жаңадан ашылған Ұлттық мұражайдан бастады. Туған күнге тарту. Бұл - Астанаға ғана емес, күллі қазақ жұртына жасалған сыйлық іспетті болды.

Ел тарихындағы бірегей музейде сан ғасырдың таңбасы қалған. Көнеден келе жатқан  жәдігерлер, археологиялық, этнографиялық және мәдени ескерткіштер көп.  Ғимараттың 74 мың шаршы метрін асықпай аралау үшін кемінде 4 сағат керек. 

Ішінде «Астана», «Тәуелсіз Қазақстан», ежелгі және орта ғасыр тарихы, «Заманауи өнер» сынды бірнеше залы бар. Музей аралаған қонақтар да дән риза. Сапардың алғашқы қадамын осы жерге жасағанына бек қуанды.

Раушан Ақбаева, Шымкент қаласының тұрғыны:

Музейді тамашаладық, өте тамаша екен. Көне нәрселер бар. Баяғы заманның заттарын көріп, көңіліміз көтеріліп, қуанып қалдық. Жақсы, тамаша. Келі-келсаптар, қозы, ешкілерімізді де түсіріп қойған, өте ұнады.

Астананы әнге қоспаған әнші, жырламаған ақын аз. Астананың келбетін қағазға түсірген суретшілер де жетіп артылады. Қала күні қарсаңында олар да бояу- қарындаштарын алып, жаңа қала, жас қаланы қылқаламмен бейнелейді. Астанаға арналған ән кештерінің өзі бір төбе. Биыл екінші рет «Астана жұлдызы» фестивалі өтті. Аспаннан жұлдыз жауған күн болды. Қазақтың маңдайалды өнер майталмандары қызыл қалы кілеммен жарқырап жүріп өтті. 

Қала күні қарсаңында концерт те, ән мен биде көп.  Алыстағы ағайын да бір сәт серпілу үшін дәл осы мерекелік шараларға бола келеді. Ал астаналықтар бұл күндері у-шудан алыстап, Бурабайға тартады. Жылда биік талғаммен өткізілетін қала мерекесі биыл да әдетінен жаңылмады. Балаларға «Аялаған Астана», «Шаттық» концерті ұйымдастырылды.

«Астана Операда»  да әлемдік деңгейдегі классикалық шығармалар орындалды. Қазақстанның эстарада жұлдыздары да қарап қалмады. Әр қазақтың жүрегіне жылы, көңіліне ыстық Шәмші  әндері де шырқалды.  «Әнім сен едің» кеші Айбергеновше айтсақ, «кемпірлерге қыз күнін сағындыртып, ешкімді де билетпей қайтармады». Қос әже де бұл концерттен риза болып шықты.

Гүлсара Темірбаева,  Астана қаласының тұрғыны:

Халық көп болды. Залға сыймай отырды. Қошемет деген керемет. Риза болғанымыз соншалық, орнымыздан тұрып қошеметтедік. Өте әсерлі болды. Мына құрбым, сыныптасым Раушан келіп қалған екен, қонаққа. Өте қуаныштымын. Баяғы жас күнімізді еске түсіріп, әндерін қосылып айттық.

«Рок», «RnB»-ді бағалайтын жастарға да тарту көп болды. «Азия жаңғырығы» цирк фестивалі, сурет көрмелері, саябақтардағы серуендер де халыққа тамаша көңіл-күй сыйлады. Қызықты концерт, тәтті торттар жәрмеңкесі, әсем әуендер, шат-шадыман халық. Айта кету керек, биылғы мерекелік шаралар бұрынғыдан өзгерек болды. Халықты бір ғана жерге жинамай, қаланың түкпір-түкпірінде той тойға ұласып жатты. 

Айнұр Омар, тілші:

Жылдағы дәстүрінен жаңылмай, «Хан Шатырды» маңайлата ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп,  «Көшпелілер ауылы» бой көтерді. Жылдағыдай шеберлер ауылы бой көтеріп, темірден түйін түйген ұсталарымыз батырлардың сауытын жасап, өнерлерін халыққа паш етті. Қыз-келіншектер әнге басып, қазақтың ежелгі дәстүрі - киіз басуды көрсетті.

Самал Үсентаева, шебер:

Екі күн бойы осы жердеміз. Халықтың қызығушылығы өте жоғары. Бұл не зат екенін сұрап, немерелеріне, балаларына түсіндіріп, үлкен кісілердің дәстүрін көрсетті.

Шымкенттен келген қонақтарға да ұлы даланың бір бөлшегі іспетті болған «Көшпелілер ауылы» қатты ұнады. Шаршасаң, жантая кететін көк майсасы, көрік басып, білезік соққан ұсталар, құлақ құрышын қандыра тыңдайтын халық әндері. Биыл жетінші рет ұйымдастырылған шараға 300-дей өнерпаз қатысып жатыр.

Жылдағыдай қолөнер шеберлерінің көрмесі де ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, «Астана арқау» түркі музыкасының фестивалі, «Астанаға тарту» дәстүрлі әншілер концерті өтті.

Астананы дүбірлі думанға бөлеген шарада құралайды көзге атқан мергендер мен аттың құлағында ойнайтын жігіттер ұлттық ойын көрігін қыздырды. Жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай ерлер қылыш, шоқпарын асынып, хас батырдың күш-қуатын көрсетті.

Ал, бүркіттің бабын білетін құсбегілер дала құсының қасиетін паш етті. Бұл шаралар қала баласына да, дала баласына да қызықты болды. Бейбарыс екі әжесіне гид болып жүр. Қаланы да біраз біліп қалған. Таңдандыратын, тамсандыратын өнер түрі көп дейді, мұнда.

Бейбарыс Бейсен, Шымкент қаласының тұрғыны:

Мен Астанаға бесінші рет келіп тұрмын. Әр жаз сайын келемін. Жыл сайын. Астанада қай уақытта келсең де жаңа ғимараттар салынып, жаңа мерекелер болып жатады. Маған өте ұнайды.

Астанаға 16 жыл толды. Адам ғұмырымен өлшесек, 16 жас дегенің не? Жақсылыққа жаны құмар, кімді көрсе, бәрін дос санаған, жайсаң кезең емес пе?! Біресе күлдіріп күнін шығарып, бірде сіркіретіп жауынын жаудырған ерке Астана, асқақ Астана. 

Жас қаланың көркіне қонақтар да тамсанады. Бірі қонаққа келген, бірі қонағын қыдыртқан қос құрбы да дән риза. 48 жылдан кейін Астанада кездесті. Бір кездері олар да Астанадай 16-дағы ару еді. Қазір үбірлі-шүбірлі. Бала-шағасының, елінің амандығын тілеп отырған Батыр аналар. Жас қалаға біздің жолымызды берсін дейді. Өссін, өркендесін, гүлдесін, әлем таныған Астана болсын, дейді.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу