Ел жайлауға шыққаннан ат жаратып, көкпар күтетін жігіт-желеңдей елорданың туған күні қашан болар екен деп елеңдесіп жүргенде, сүйікті қаламыз да бүгін 16 жасқа толды.
Астананың тойы жыл сайын Ту көтеруден басталады. Биыл да Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев күндердің төресі - жұмада еліміздегі ең үлкен мемлекеттік Туды көтеру салтанатына қатысып, тойдың басталғанын жариялады.
Сөйтіп, Астананың аспанында көк байрақ желбіреді, Әнұран қалықтады. Сымдай тартылған әскерилер, алқалаған қауым. Астананың, әлі де жас қаланың, бас қаланың басты мерекесі осылай басталды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Болашақты бағдарлап, Есілдің бойына ел қондырған еңбегіміз аяқталды. Астана татулық пен тұрақтылықтың құтты ордасына айналды. Қазір елорда Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық үрдістің бесігі болып отыр.
Бұл ел тарихына, Елорда жылнамасына жазылатын өте белгілі оқиға. Елорда мерекесі қарсаңында мемлекеттік Туымызды көтеру рәсімі біз үшін осындай табыстың бірі. Бүгінгі салтанатты шара Астананың өзіндік төл дәстүрі ретінде қалыптасып, жыл сайын өткізілетінін білесіздер.
Көкте желбіреген көк байрағымыз мерейімізді асырып, рухымызды биіктететін киелі рәмізіміз болып саналады. Ал Қазақстанды кемел келешекке бастаған Астана – біздің қастерлі бойтұмарымыз.
16 жыл. Астана өсті, өркендеді, көркейді, көбейді. Соңғы он жылда астаналықтар 62 пайызға көбейіпті, 825 мың 400 тұрғын. Бұл ресми дерек. Мемлекеттің мемлекеттілігінің маңызды белгісі - байрақты көкке көтерген соң, кезек әскерилерге өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев жас сарбаздарға шен берді. Салтанатты түрде. Офицерлік погон алған жастар өз қатарынан озық шыққан үздіктер. Жиыны – 12. Қорғаныс, шекара, Ұлттық Қауіпсіздік, Ұлттық Ұланға және Төтенше жағдай министрлігіне қарайтын оқу орындарының түлектері.
Мақсат Болғанбаев, ҚР ІІМ Полиция академиясының түлегі, лейтенант:
Аса құрметті, Жоғарғы Бас қолбасшы мырза! Мен үшін бүгін ерекше қуанышты сәт. Елордамыздың мерекесінде өзіңіздің қолыңыздан әскери шен алу - ол әрбір сарбаздың арманы деп білемін.
Өзіңіз авторы саналатын бас қаламыз жылдан жылға өсіп, өркендеп келеді. Сіздің қамқорлығыңыз бен қолдауыңыздың арқасында бүгінде мемлекетіміздің Қарулы Күштері қарқынды дамып, қорғанысы берік салаға айналды. Тәуелсіз Отанымызға, Қазақстан халқына және оның Президентіне адал қызмет етуге ант етемін!
Президент қазіргі бейбіт күннің қадірін білуге, құрметтеуге шақырды, дегенмен ел басына күн туса, атқа қонар ердің де әзір болмағын меңзеді. Өйткені, жаһан алма-ғайып. Көк байрақты желбіреткен көңілді жұртпен Елбасы арнайы барып амандасты, бірін-бірі құттықтап, қолпаштап жатқан көпшілік мәре-сәре, себебі Астана тойы – тұтас Қазақстанның тойы.
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ