Атырау мен Астрахань облыстары интеграцияның игілігін көріп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау мен Астрахань облыстары интеграцияның игілігін көріп отыр

29.06.2014
Атырау мен Астрахань облыстары интеграцияның игілігін көріп отыр
 
«Көршіңмен тату бол». Батыстағы Атырау мен Астрахань облыстары интеграцияның игілігін көріп, шаруалары шалқып отыр. Каспийде қоңсы жатқан қос облыста кедендік кедергі жоқ. Былай қарасаңыз, сол екі өңірдің бір-бірінен айырмашылығы көп емес.
 
Біздегідей мұнай-газ кеніштері оларда да бар. Бекіре тұқымдас балықтар шабағын өсіру зауыттары да бар. Экономиканың салалары да бір-біріне ұқсас. Сондықтан, Атырау мен Астрахань арасында іскерліктің тың сүрлеуін табу маңызды қазір. Атыраудың Құрманғазы ауданы Астраханның төрт ауданымен шектесетіндіктен, Красный Яр, Володар, Қарабайлы, Ақтоба аудандарымен ынтымақ берекелі.
 
Бұрын Атырау облысында ресейлік компаниялар үлесі өте аз еді. Мәселен, 1999 жылы Атырауда Ресей капиталының қатысуымен 35 компания болса, қазір 67-ге жетіпті. Бұл компаниялардың көбі мұнай-газ секторы мен құрылыс индустриясында, ақпараттық технология, азық-түлік жеткізу, сондай-ақ, жүк тасымалы және автокөлік сату саласында жұмыс жасайды.
 
Ресеймен шекаралас жатқан Атырау өңірі Кедендік одақтың жемісін алғашқы болып көргендердің бірі. Басында бұл одаққа күмәнмен қараған жергілікті кәсіпкерлер, қорқыныштан түбегейлі арылды. Себебі, бұл бірлестік олардың сенімсіздігін жоққа шығарып, қайта кәсіптерінің өрлеуіне демеу болды. Оны күні бүгін өңірдің экономикалық дамуына Кедендік одақтың қосқан үлесі айғақтайды.
 
Олжас Смағұлов, облыстық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
Кедендік одақтың арқасында үш елдің арасындағы тауар айналымы өсіп келеді. Ол өз кезегінде, кәсіпкерлік субъектілерінің көбеюімен қатар, мемлекет қазынасына түсетін түрлі түсімдердің молаюына, экономиканың дамуына ықпал етуде.
 
Мәселен, ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында тек мұнайлы өңір мен Ресей арасындағы тауар айналымының көрсеткіші 109 миллион АҚШ долларын құрады. Ол өткен жылмен салыстырғанда, 18 пайызға артқан.
 
Расында, Кедендік одақ кәсіпкерліктің өркендеуіне жол салды. Бірінші кезекте, бұл бірлестік қазіргі жаһандану заманында бәсекеге қабілетті кәсіпорындар санын көбейтті. Бәсекеге төтеп бере алатын компаниялардың бірі - Астрахань облысында орналасқан құрылысқа қажетті бетон өнімдерін шығаратын «Аксоль» зауыты.
 
Мұнда тауардың 40-тан астам түрі шығарылады. 500 адам еңбек ететін өндіріс орны бір жылдың ішінде 100 мың дана бетон түрлерін дайындайды. Кәсіпорын өнімдері ішкі нарықпен қатар, Атырау мен Маңғыстау облыстарына да жеткізіліп отыр. Бірақ, елімізге тауарларын аз мөлшерде экспорттайды. Неге дейсіз ғой?! Себебі, біздің жақтан да бәсекелес бола алатын зауыттар жеткілікті.
 
Николай Селивановский, зауыттың бас директоры:
Қазақстанға жылына 15 миллион теңгенің тауарын тасымалдаймыз. Бұл біз секілді ірі зауытқа өте аз, әрине. Қазақстанның Батыс өңірлерінен бөлек, басқа аймақтарына да өнімдерімізді жеткізгіміз келеді. Бірақ, сіздің елде мықты зауыттар аз емес. Бәсекелестік мықты. Сондықтан, сіздің елде тауарымызға деген сұраныс мәз емес. 
 
Қазіргі күні екі ел арасында тауар тасымалдаумен бірге, кемелерді құрастыру және жөндеу жұмыстары қарқын алды. Дәл қазір, кемелерді құрастырумен айналысатын ресейлік «Каспийская энергия» зауытында Қазақстаннан келген тапсырыс бойынша 5 кеме құрастырылды. Олар - Қашаған кенішінде жұмыс істеуге арналған түрлі танкерлерді сүйрейтін кемелер.
 
Александр Варлаков, зауыттың маркетинг және сату жөніндегі директоры:
Бұл кемелерді екі жыл құрастырдық. Барлығы соңғы технология негізінде жасалған. Жалпы, Қазақстанмен 2000 жылдан бастап жұмыс істейміз. Бірақ, ол жақтан осы соңғы 3-4 жылдың ішінде тапсырыстар көп түсе бастады.
 
Мұның барлығы Кедендік одақтың жемісі, деп ойлаймын. Алдағы күндері Еуразиялық экономикалық одақ та өз нәтижелілігін көрсетіп, екі елдің байланысын нығайтып, экономикамыздың қарыштауына септигін тигізеді, деп сенемін.
 
Еуразиялық экономикалық одақ демекші, ресейліктер бұл бірлестік оған мүше елдердің экономикасының қуаттануына серпін беріп, әлемдік аренада өзгелерге үлгі болатындай, мықты интеграциялық ұйым ретінде танылады деген пікірде.
 
Олар бұған Кедендік одақтың нәтижелілігінен соң, тіптен еш күмән келтірмейді. Көрші Ресей халқы ынтымақтастық жүрген жерде ырыстың да бірге жүретініне нық сенімді.
 
Евгений Бабушкин, ресейлік журналист:
Кедендік одақ құрылғанда, Қазақстанмен шекаралас жатқан Астрахань облысының экономикасы жандана түсті. Себебі, екі елдің кәсіпкерлері арасында тауар айналымы күрт өсті. Ал, Еуразиялық экономикалық одақ бұдан да зор экономикалық прогресске әкеледі деп ойлаймын.
 
Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу