«Apta.kz»-те қонақта – Сами Сезай Урал - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Apta.kz»-те қонақта – Сами Сезай Урал

29.06.2014
«Apta.kz»-те қонақта – Сами Сезай Урал
-Қазақстан мен Түркия ежелден тонның ішкі бауындай тату мемлекеттер. Оның үстіне Сіздің ел азат қазақтың тәуелсіздігін алғашқы болып мойындаған ел. Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынасты, бауырлық байланысты қалай бағалар едіңіз?
 
-Қазақстан мен Түркия - түбі бір түркі елдері. Біздің қарым-қатынасымыз жандана түсуде, тамырын тереңге жайған елдерміз. Қазір қарап отырсақ, барлық салада берік байланыс орнатқанбыз. Халықтарымыз да бір-бірін бөлектемейді. Қайта құшақ жая қарсы алады.
 
Бір-біріміздің елімізге барсақ, өзімізді шетелге шыққандай сезінбейміз. Себебі, мәдениетіміз, дәстүрлеріміз қатты ұқсас. Оның жанында қонақжай халықтармыз. Мұның бәрі екі елдің қарым-қатынасының берік болуына септігін тигізеді. Лайым байланысымыз мығым болсын.
 
-Қанша дегенмен, дін мен діл ортақ бауырлас елдерміз. Қазақстанның Түркі әлеміндегі орнын, рөлін қалай бағалайсыз?
 
-Қазақстан - түбі бір түркі елдері арасында өзіндік даму ерекшелігі бар мемлекет. Қазір Түркия мен Қазақстан Түркі дүниесінің лидерлері. Сіздер 23 жылдың ішінде жеткен жетістіктеріңізбен әлемді мойындатып отырсыздар. Бастысы, елдеріңізде осы уақытта халықтың әлеуметтік ахуалы жақсы.
 
Дамуды  бұдан да арттыру үшін 2050 стратегиясын қабылдадыңыздар. Мен бұл көлемді құжатты қолдаймын. Қазақстанда халық болашаққа нық сеніммен қарай алады. Себебі, оған толықтай мүмкіндік жасалып отыр. Бауырлас елдің бұл белестерге жетуіне екі себеп бар.
 
Ол – салиқалы саясат ұстанатын лидердің болуы және мемлекеттің географиялық орналасуы. Қазақтың кең даласы табиғи байлықтарға толы Мұны бағалай білсеңіздер әлі де талай асуларды бағындырасыздар.
 
-Қазақ мемлекетінің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаткерлігін, қайраткерлігін сіз қалай бағамдар едіңіз?  
 
- Нұрсұлтан Назарбаев - түркі дүниесінің аса беделді қайраткері. Жалпы, Қазақ пен Түріктің даму тарихы да ұқсас. Мысалы, Түркия әлемнің саяхат сахнасына шыққанда лидеріміз Мұстафа Кемал Ататүрік дұрыс даму жолын дер кезінде таңдай білді.
 
Нұрсұлтан Назарбев та Қазақ елі Тәуелсіздік алған күннен бастап, мемлекеттің тізгінін мықтап қолға алды. Қазір нәтижені көріп отырсыздар. Мен Президенттеріңіздің әсіресе, білім және мәдениет саясатын құптаймын. Себебі, Қазақстан деген мемлекет пайда болған соң, арада аз ғана уақыт өтіп, Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақ» бағдарламасын қабылдады.
 
Оның арқасында жастарыңыз әлемнің озық оқу орындарында білім алып, болашақта елдің дамуына үлкен үлес қосуға мүмкіндік алды. Сол кезде білікті кадрлерді осы бастан дайындауды Назарбаев дұрыс істеді. Қазір көріп отырмыз ғой, елдеріңізде лауазымды жастар алынып жатыр. Олар әлемдік саясатта да өз пікірін айта алатындай дәрежеге жетті.
 
-Қазақстанға ең көп инвестиция құйған - Түрік елі. Астананың дамуына Түркияның қосқан үлесі зор. Жалпы, Астананың дамуын қалай бағалайсыз?
 
-Астана жаңадан бой көтерген қала. Жаңа шаһар болғандықтан, елордаларыңыз көп мүмкіндіктерге ие. Осыдан 16 жыл бұрынғы көрініс пен осы уақыттағы Астананың келбетін салыстыру қиын. Келбеті мен кескіні келіскен зәулім ғимараттар бас қалаңызды әлемге танытты.
 
Астана – әлемдегі ең көрікті санаулы астаналардың қатарына жатады. Түрік кәсіпкерлері, іскер топ өкілдері, құрылысшылары Астананың осындай дәрежеге жетуіне үлес қосты. Түркияның түрлі компаниялары осы қалаға қаншама инвестиция салды.
 
Себебі, сіздің елде сырттан келген инвесторларға үлкен жеңілдіктер жасалған. Яғни, билік алып жобалардың жүзеге асуына толық мүмкіндік жасап отыр. Сол сияқты Қазақ іскер топ өкілдеріне Түркия да түрлі жеңілдіктер жасап отыр. Қазір екі елдің сауда айналымы жыл өткен сайын артып келеді. 2015 жылға арай 10 миллиард долларға жеткізуді екі ел жоспарлап қойды.
 
-Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін сізге рахмет айтамыз.
 
Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу