Түркия жұртшылығы ұлық мейрамды қалай атап өтті? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркия жұртшылығы ұлық мейрамды қалай атап өтті?

04.05.2014
Түркия жұртшылығы ұлық мейрамды қалай атап өтті?

«Қапалы боп қария,

Қалың ойға шомбасын.
Бесiктегi бөбектiң,
Бақайшағы тоңбасын.
Ұлыс күнi ұл мен қыз,
Тайпалдырсын жорғасын.
Шашыраған қазағым,
Шоқтай болып жиналсын.
Қырсық қайта шалмасын,
Қырғын-топан салмасын...».
 
Иә, «көп тілегі - көл» деген. Наурыз-бата дәстүрі тек біздің елде ғана емес, әлемнің әр елінде бар. Бұған қарап әрине, италиялықтар да, испандар да, тіпті канадалықтар да бата береді екен деп ойлау - әбестік. Бұл - талайлы тағдыр көшімен кезінде шартараптың әр бұрышына тарыдай шашыраған өзіміздің қазақ. Сондықтан, әз-Наурыз олар үшін ешқашан ұмыт болған емес. Және жырақта жүрген қандастарымызбен қоса, түркі халықтары үшін де Наурыз -  мейрамдардың төресі.
 
Қазір 5 миллиондай қазақ өзге елдің азаматы болып жүр. Соның 25 мыңы Түркияда тұрады екен. Біздің Ұлттық арнаның әлемнің бірнеше елінде тілшілер қосыны бар екенін жақсы білесіздер. Түркия жұртшылығы Ұлыстың ұлы күнін қалай атап өтті? 
 
Бақытжан Омар, тілші:
Түркияда Наурыз 19-нан бері тойланып жатыр. Басты шара Ескішехир қаласында өтуде. Бұл жаққа түркі дүниесінен өнерпаздар, ақын-жазушылар, танымал әншілер жиналған. Түрі тектес мемлекеттерден 1000-нан астам адам келген екен.
 
Ескішехир қаласы - Түркі дүниесінің 2013 жылғы мәдени астанасы екенін естеріңізге сала кетейік. Күні кеше бұл атақты түркиялықтар Наурыз мейрамына орайластырып, яғни, бірлік, ынтымақты болсын деген ырыммен Татарстанның Қазан қаласына ресми түрде табыстады.
 
Міне, бүгін бесінші күн, Түркияда Ұлыстың ұлы күні әлі аталып өтуде. Жалпы түріктердің Наурызды тойлауда ерекшеліктері бар. Олар ұлағатты мерекеде от жағып, жалынның үстінен секіреді. Ағайындарымыздың айтуынша, оттың үстінен секірген уақытта адам денесіндегі жаман қасиеттерден арылады.
 
Ескішехир қаласына түбі бір түркі елдерінен келген өзге ұлт өкілдері өздерінің салт-дәстүрлерін де көрсетті. Жалпы, әр ұлттың мейрамды тойлауда өзіндік ерекшеліктері бар. Түркияға мерекелетіп келген бауырларымыз қазақ ағайындарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
 
Бақытжан Омар, тілші:
Түркияның Стамбул, Измир, Нидде, Конья қалаларында тұратын қандастарымыз да басты мейрамда қалыс қалмады. Олар ата-бабадан келе жатқан дәстүр бойынша, наурыз көже дайындап, ат шаптырып, той-думан өткізген. Жалпы, Түркияда Наурызға бұрын аса көңіл бөлінбейтін. Тек соңғы жылдары ғана, мерекеге мән беріле бастады. Түркияда Ұлыстың ұлы күні осылайша тойланды.
 
Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу