Сылқым Сырдың бойындағы сайын даланы жағалай жастанып, жер төсін емген Қызылорда диқандары былтыр отыз мың тоннадай күріш орып, саудалапты. Ақ маржанын экспорттап, диқандардың көңілдері тоқ, Сырдың сапалы күрішіне қол жеткізіп, шетел кәсіпкерлері шексіз разы. Бұрынғыдай емес, қазір алыс-беріске жол ашылды.
Күріш бизнесмендері кеденнен кедергісіз қатынай бастады. «Диқан атадан тараппын, диқандыққа жараппын» деген әйгілі Ыбырай Жақаевтың ұрпақтары қазір жаппай атакәсіп - күріш егудің қамына кірісті. Әр ауылда тракторларын майлап, тырмаларын сайлап жатқан бір жан.
Күн қырсық мінез танытпай, қуаңшылықтан сақтаса, ағайын молынан тұқым сеуіп, тонналап өнім алмақтан үмітті. Сол Ыбырай аталары секілді мол күрішпен бар қазақты қамту жоспарда.
Үлкен буыннан естігеніміз, кезінде кеңес дәуірінде Жақаевтың өндірген күріші Жер шарын мекендеген барша халықты бір ай асырауға жетеді» деген ұран болыпты. Сыр диқандары аянып қалмақ емес.
Жер шарын болмағанмен, артылған күрішті көрші елдерге жөнелте жатар. Дамылсыз диқандардың бір күнгі тіршілігін көру үшін біз Сыр өңіріне арнайы іссапармен барып келдік.
Сырдария ауданы. Күн көзіне қақталған күрішті алқап. Қалың тісті тырмаларын сүйретіп, көк тракторлар жүйіткіп жүр. Ойқастап бір өткенде, шаңы шыққан жер беті қопсып, топырақ жіпси түседі.
Бригадир Қонысбек бала кезінен күріштің ортасында. Таңның атысы, кештің батысы осында.
Қонысбек Қыдырәлиев, егістік бригадирі:
Биыл мен 400 гектар жерге күріш егемін. Оның 250 гектары «диамонд» деген сорт. Жаңадан шыққан сорт. 210 гектары «лидер» деген күріш.
Қонысбектің жігіттері әзірге жер жыртып жатыр. Бірер күннен соң, мамыр түсе бұл аумаққа тұқым себіледі. Ол көктей бастағаннан диқандарға да дамыл жоқ. Әкенің баланы бағып- қаққанындай, күрішке де мейірім керек.
Қонысбек Қыдырәлиев, егістік бригадирі:
Оңай шаруа емес бұл. Жатқызу керек, суға бастыру керек. Оның бірінші суын жіберіп, екінші суын алу керек. Сол екі ортада бұл күрішті құртып алмау керек.
Сыр елі кезінде екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевпен мақтанса, қазір тәуелсіз Қазақстанның «Еңбек Ері» Абзал Ерәлиевті елге үлгі етеді. Бұл алқап сол еңбекқор Ерәлиевтікі. Ал, тракторды тізгіндеген мына азамат сол «Еңбек Ерінің» сыныптасы.
Бауыржан Ысқақ, жер жыртушы маман:
Кәсібіміздің қызығы елге дән беру. Мына Сыр маржанын егіп жатырмыз. Біз сол күріш егетін жерді дайындап, жыртып береміз.
Бауыржан үшін жер жыртудың машақаты ұмытылды. Бұрын бұрқыраған шаңды жұтып, шақырайған күннен зәрезап болған маман қазір жаңа тракторға жайғасып, жаны жай тапты.
Бауыржан Ысқақ, жер жыртушы маман:
Мынау соңғы шыққан шетел техникасы. Осыны айдап жүрміз. Осымен жер жыртамыз. Техника айдайтын адамға өте ыңғайлы. Ішінде кондиционері бар. Барлық жағдай жасалған. Ыстықтаған кезде желдеткіш бар.
Кенжебек Әнапияұлы күріштің қыр-сырына қанық. 40 жылдан бері осы салада. Алқап пен мына тұқым өңдейтін зауыттың арасында шапқылайды да жүреді. Бұл зауыт күніне 100 тонна төңірегінде тұқым өңдейді.
Кенжебек Әнапияұлы, агроном:
Соңғы екі-үш жыл ішінде Краснодар өлкесінен әкелінген сорттарды егіп жатырмыз. Оның ішінде осы облыстың 70 пайызы осы Краснодар сортын егіп жатыр. Одан басқа «лидер» деген сорт бар. «Анаид» деген ерте пісетін сорт бар. Осы үш сорт есебінен біз тұқым шаруашылығын құрып отырмыз.
Сарт-сұрт дыбыстан құлақ тұнатын мына жерде күріш тазаланып жатыр. Тазалайтын- неміс жабдығы. Іріктелген қара күрішті қапқа құйып, жұмысшының иығына сырғытып салып береді. Кемшілік жоқ. Тек Кенжебек қарияны қынжылтатыны...
Кенжебек Әнапияұлы, агроном:
Өзіміздің жергілікті күріштерді шығара алмай жатырмыз. Бұрынғы шығарған ақ маржан сорты қазір өзінің өзектілігін жоғалтты деуге болар, себебі 25 жылдан асып кетті, бұл күріш ауруға ұшырады. Сондықтан, біз соңғы үш жылдан бері ақ маржан сортын егуді доғардық.
Осындай мемлекет қолдауының арқасында Сыр диқандары былтыр күріштен рекордық өнім жинапты. Экспортта да есе жібермеген. Әзірбайжан мен Арменияға, Украинаға, Қырғыз, Тәжік елдеріне 29 мың тонна күріш жіберген.
Омархан Пашкенов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
2014 жылдың соңғы екі айында 5 мың 700 тоннаның үстінде Сыр күріші сыртқа шығарылған. Алдағы уақытта да күріш экспорты жалғасады.
Омархан Пашкенов өзге өңірлерге жолы түссе, бірден жергілікті базарларға тартады екен. Күріштің қалай сатылып жатқанын, қай күрішке сұраныс жақсы екенін білгісі кеп құмартып тұрады. Басқа да әдістері бар.
Омархан Пашкенов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
Басқа облыстарға барғанда асханада міндетті түрде күріштен жасалынған тамаққа тапсырыс беремін. Өйткені, олардың қандай күрішті тұтынып жатқанын білгім келеді. Біздің күріш пе, әлде сырттың күріші ме.
Бұл - Қазақстанның Еңбек Ері - Абзал Ерәлиев. Қазақ күрішінің даңқын шетелге шығарып жүрген азамат.
Абзал Ерәлиев, Қазақстанның Еңбек Ері, кәсіпкер:
Біздің мекемеміз былтырдың өзінде 7 мың тоннадай ақ күрішті сыртқа саттық. Ұсақ күріштен де 7-8 мың тонна экспорттадық. Ұсақ күріш Ресей Федерациясына сатылды. Ал, ақ күріш Түркіменстанда сұранысқа ие.
Мына зауыт сол Түркіменстанда сұранысқа ие ақ күрішті шығарады. Оңтүстіккорейлік жабдықтар ақ күрішті көң мен қоқыстан тазалап, айнадай жарқыратып шығарады.
Абзал Ерәлиев, Қазақстанның Еңбек Ері, кәсіпкер:
Халықаралық стандарттарға сәйкес күрішті өңдеп шығарамыз. Жоғарғы сорт болады, бірінші, екінші сорт болады. Біздің өндіріп жатқанымыз қазір бірінші сорт. Әрине, жоғарғы сортты да шығаруға болады. Дегенмен, қазіргі сұранысқа байланысты. Жоғарғы сорт шығарсаң, бағасы қымбат болады. Бірінші сорт сәл төмендеу болады. Дегенмен, бірінші сорттың да бағасы бізде қанағаттанарлық. Бірақ сыртқы экспортта осы бірінші сортқа сұраныс өте жоғары.
Иә, қазақтың күрішін шетел таныса - шексіз қуаныш. Ал, сол күрішті шетелге танытып жүрген Абзал секілді жерлестерін қырдағы қарапайым диқандар тіптен дәріптейді.
Қонысбек Қыдырәлиев, егістік бригадирі:
Сырт елдер осы Қызылорданың күрішін, оның ішінде Абзалдың күрішін алады дегенде мәртебеміз жоғарылап қалады.
Кезінде Ыбырай Жақаев «Бәрінің анасы - Жер. Жерді таңдай біл. Оны баптай біл. Егінші мәрт, жер жомарт деген сол» депті. Біз Ыбырай ұрпақтарының мәрттігіне сүйсініп қайттық.
Мейіржан ӘЛІБЕК