Санкт-Петербургте ТМД Парламенттік ассамблеясының жиыны өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Санкт-Петербургте ТМД Парламенттік ассамблеясының жиыны өтті

20.04.2014
Санкт-Петербургте ТМД Парламенттік ассамблеясының жиыны өтті
Санкт-Петербургте ТМД Парламенттік ассамблеясының жиыны өтті. Оған қазақ парламентінің депутаттары да қатысып, ынтымақ пен достық мәселелерін талқылады.
 
Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей және Беларусь Парламентінің басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. Тараптар заң шығару органдары арасындағы әріптестік пен Украина дағдарысына қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.
 
Төрағалар Қазақстан, Ресей және Беларусь қатынастарының стратегиялық серіктестігі парламентаралық ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік беретіндігін де тілге тиек етті.
 
Ал Мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыпов еуразиялық интеграция туралы Қазақ Президентінің бастамасын «21 ғасырдағы экономикалық ынтымақтың жарқын үлгісі», деп бағалады. ТМД Парламенттік ассамблеясының ендігі төрағасы – Қазақстан.
 
Осы аптада сондай-ақ, Мәжіліс төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева бастаған бір топ депутаттар Солтүстік Қазақстан облысында көшпелі отырыс өткізді. Онда мүгедек жандардың бүгінгі жай-күйі сөз болды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік мәселесі мен құқықтарын қорғау жөніндегі өзекті проблемаларды депутаттар Үкіметке жеткізетін болып келісті.
 
Дариға Назарбаева, ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары:
Осы жерде көтерілген мәселелерді ол жақта да көтереміз. Одан кейін Мәжіліс өз ұсыныстарын береді Үкіметке. Ұсыныстар арқылы Үкімет көптеген жұмыстар жасайды. Кейін біздің ұсыныстарымыз заңға кіреді. Мұндай кездесулер болуы керек. Біз өз көзімізбен көрмесек, жүздеспесек, мәселенің мәнісін түсінбейміз деп ойлаймын. Көбірек шығу керек, Үкіметке де, бізге де.
 
Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу