Кәсібің - нәсібің. Бірақ соңғы жылдары ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 17 пайыз деңгейінен аспай қойды. Кәсіпкерлік субъектілер көп, бірақ береке аз. Мысалы, біздің республикалық бюджет төлемінің 70 пайызын небәрі төрт жүз салық төлеуші ғана толтырады екен. Яғни, барлық бизнесмендердің бар болғаны 0,2 пайызы бюджеттің 70 пайызын қамтып отыр. Қалғандары - ұсақ.
Ал, Президент Нұрсұлтан Назарбаев жақында, бизнесті тексеруге мораторий жариялап, арнайы Жарлыққа қол қойды. Сондай-ақ, биыл бизнеске рұқсат беру және ескерту жүйесі түбегейлі жеңілдемек. Әрине, арнайы заң қабылданады.
Енді бизнеске берілетін нақты көмек туралы айтайық. Тек биылдың өзінде экономикаға 500 миллиард теңге бөлінеді. Соның 100 миллиард теңгесі шағын және орта бизнеске бағытталады. Неге дейсіз, әрине? Өйткені, бізде дәл осы шағын және орта бизнес әлі күнге бір жүйеге түсе алмай отыр.
Жемқорлық пен бармақ басты, көз қысты әрекет бұл саланың өркендеуіне негізгі кедергі екені рас. Дегенмен, біздің қоғам да ақшаны адал еңбек, маңдай термен табуға енжар болып тұр.
Шығыс Қазақстан облысына қарасты Тарбағатай ауданы. Облыс орталығынан шалғай жатыр, әрі шекаралы аймақ. Қытаймен шектеседі. Соңғы 15 жылда бұл ауданнан 20 мың отбасы көшіп кеткен.
Тоқтарбек Кенжин, Ақсуат ауылының тұрғыны:
1997 жылы 64 мың халық бар еді, қазір 44 мың қалды.
Үдере көшудің себебі - жұмыстың жоқтығы. Соңғы бірнеше жылда бұл ауылдағы ағайын кәсіпке бет бұра бастады. Тарбағатайдың тұрмысы енді түзеліп келеді. Көш те тыйылды.
Тоқтарбек Кенжин, Ақсуат ауылының тұрғыны:
Осының бәрін кәсіпкерлеріміз, шаруа қожалықтарымыз дамытатын болса, малымыз да өседі, жағдайымыз да түзеледі. Сондықтан, ауылда жастарды тұрақтандырудың бір көзі - ол кәсіпкерлікті дамыту деп есептеймін.
Гүлнұр Үмітханованың үміті ақталды. Ол қазір кәсіпкер. Тәтті-дәмдіні пісіріп сататын келіншектің кәсібі сәтті жалғасын тапты. Мемлекеттен алған 1,5 миллион теңге несиесіне ісін дөңгелетіп отыр.
Гүлнұр Үмітханова, кәсіпкер, Ақсуат ауылының тұрғыны:
Мейрам күндері торттардың саудасы өте жақсы. 8 наурыз, Жаңа жыл, Наурыз мейрамында күніне 20-30 торт өтеді. Енді печенье, тоқаш, тағы басқа тәттілерді жасайын деп жүрмін.
2013-ші жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда бизнеске ұмтылғандар саны 8 пайызға артқан - 2 миллион, 600 мың адам. Өткен жылы шағын және орта кәсіпкерлік нысандары 9 триллион теңгенің өнімін шығарған. Жылдық өсім - 3,3 пайыз. Мемлекет басшысы 2050 жылға дейін шағын және орта кәсіпкерліктің ішкі жалпы өнімдегі үлесін 50 пайызға жеткізу туралы міндет қойды.
Нұржан Әлтаев, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары:
Бизнеспен айналысқысы келеді. Бірақ, неден бастарын білмейді. Сондықтан, әсіресе, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарын ашу арқылы кәсіпкерлікті дамытуға болады. Сол арқылы адамдарды кәсіпкерлікке тартып, ІЖӨ үлесті 50 пайызға жеткізуге әбден болады.
Ержан енжар емес. Ол - кәсіпкер. Қай іске де құлшына кірісетін жас жігіт тәуекелі көп істі қолға алды. 8,5 жарым гектар жер алып, алма егіп жатыр.
Ержан Мадибеков, кәсіпкер:
Қорқыныш болады ғой. Уайымдайсың. Бизнес-жоспар жазасың.
Ержан биыл гектарына 5 тоннадан өнім алуды жоспарлап отыр. Жас кәсіпкерге мемлекеттен көмек көп. Қазір төмен пайызбен несие алу үшін құжаттарын жинау үстінде.
Ержан Мадибеков, кәсіпкер:
Гектарына 1 миллион 400-ден субсидия беріп жатыр. Биыл мемлекеттен субсидияның түрі шықты. Инвестициялық субсидия дейді.
Кәсіпкерлік - экономиканың қозғаушы күші. Бірақ, мемлекеттен қаржылай қолдауға зәру. Мемлекет басшысы шағын және орта кәсіпкерлікті тексеруге мораторий жариялады. 1 триллион теңге қаржылай көмек көрсетті. Осы аптада «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі 100 миллиард теңгені «Даму» қорына табыс етті.
Бұл қаржыны «Даму» қоры екінші деңгейлі банктерге бөліп береді. Ал, банктер кәсіпкерлерге тиімді шарттар бойынша үлестіреді. Несиенің көлемі 10 миллион АҚШ долларына дейін, 10 жылға беріледі. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайды.
Қуандық Бишімбаев, «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі» АҚ Басқарма төрағасы:
Біз Ұлттық қордан «Даму» қорына 20 жылға несие беріп отырмыз. Ол өз кезегінде банктерге 20 жылға береді. Енді банктер 10 жылға дейін шағын және орта бизнеске несиелер беріп, оларға қолдау көрсететін болады.
Ал, отандық өндірісті өркендетуге бағытталған қаржының әр тиыны мақсатқа сай жұмсалуын қажетті органдар қатаң қадағалап отырмақ.
Нұржан Әлтаев, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары:
Мемлекеттік органдар қадағалайды. Екіншіден, қаражатты біз де қадағалап, ақпаратты Үкіметке жеткізіп отырамыз.
Шағын және орта кәсіп - жаһандағы мықты елдердің экономикасына тіреу болып отырған күш. Нарықтық қоғамда алып корпорациялардың қажетін өндіріп, жалпы жұртқа жұмыс беретін де осы шағын және орта бизнес. Тұрмысы түзудің көңілі де түзу. Мемлекеттің бұл салаға ерекше мән беріп отырғаны да содан.
Гүлжан МАРҚАБАЙ
Берік КӨШЕРБАЕВ